Ел Президентінің болашақта атқарар ісі, алға қойып отырған мақсат-мұратын зейін қойып, өте мұқият тыңдадық. Қоғамдағы басты-басты мәселелерге мейлінше назар аударғандығы тыңдаған қауымның шын мәнінде ризашылығын тудырғандығына ешбір талас жоқ.
– Менің мақсатым – қоғамның бірлігін қамтамасыз ету және әрбір азаматтың құқығын қорғау. Қазақстанның ұлттық мүддесін әрқашан және барлық жерде қорғайтын боламын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл сөз елін сүйген, сүйікті еліне қызмет ететін парасатты адамның сөзі. Ел Президенті алдағы уақытта атқарылуға тиісті негізгі он бағытты қолмен қойғандай етіп белгілеп берді. Сол бағыттағы шаруаларды дереу жүзеге асыруға ұмтылу керектігін де екпін түсіріп айтып өтті. Бұл асқаралы міндеттерді санамен салмақтай саралағанда елдің көкейінде жүрген көп мәселелерді дөп басқандығы айқын.
Өз басыма алдағы уақытта Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің құрылатындығы қатты ұнап отыр. Ел ішіндегі жаңалық жайлы пікірлескенде ақсақалдар да осы мәселеге разылық танытуда. Шын мәнінде елдің бірлігін, ынтымағын нығайтуға аға буынның қосар үлесі аз емес қой және ол адамдар ел ішіндегі туындайтын кейбір мәселелерді Президентке айта алатын, жеткізе алатын тұлғалар болуы керек. Дәлірек айтқанда, ол қарапайым халық пен ел Президентінің арасындағы ынтымақ пен бірліктің алтын көпірі болмақ. Тамыз айында құрылатын осы кеңеске ел ішіндегі бірлікке ықпал ете алатын адамдар сайланса деген өз пікірімді айта кеткім келеді.
Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы