Медицина • 19 Маусым, 2019

Алматы облысының «Үздік дәрігеріне» жеңіл көлік сыйға тартылды

424 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өкінішке қарай қоғамда денсаулық сақтау саласын сынамайтын адам кемде-кем. Әрине оның ішінде орнымен айтылған уәж де, дүрмекке ілесіп дақпырт сөз айтып жіберу де бар. Алғашқы топтың ащы дауысы жанайқай мен жанашырлықтан шыққан болса, екінші қауымның ниеті сырттай тон пішу сияқты. Қалай болғанда да, отандық медицина саласы қызметкерлерінің денсаулық күзетіндегі ерлікке пара-пар еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды.

Алматы облысының «Үздік дәрігеріне» жеңіл көлік сыйға тартылды

Оның үстіне бас ауырып, балтыр сыздағанда бәрібір дәрігердің шипалы қолынан ем алуға бейілміз. Демек, адамның күні... ақ желеңді абзал жандармен арайлы екенін мо­йындауымыз керек. Дәл осы жерде өз ісіне адал, мамандығын кәсіби дең­гейде меңгерген дәрігерлер туралы ал­дымен айтуға тиіспіз. Солардың қатарында Алматы қаласында ор­наласқан аймақтық-онкологиялық диспансердің хирург-дәрігері Ес­төре Қарғабаев та бар. Қырықтың қыр­қасына енді шыққан ол ес білгелі дәрігер болуды армандаған екен. Осы арман жетегімен Семей қаласындағы мемлекеттік медицина академиясына оқуға түсті. Бұл – тәуелсіздіктің ал­­­ғашқы кезеңіндегі әлеуметтік-эко­номикалық реформа шарықтау шегіне жеткен 1996 жыл болатын.

Академияның «емдеу ісі» факуль­тетінің табалдырығын аттаған Е.Қар­ғабаев ертеңгі күні адам өміріне араша болатын хирург болу үшін терең білім алу қажеттігін санасымен сезінген. Дәрігерлік мамандыққа қол жеткізу алдағы 7 жыл бойына «инемен құдық қазғандай» еңбектенсе ғана нәтижелі болатынын ұғынған. Тек өзіне сенімді студентке сол тұстағы тұтас қо­ғам бастан өткерген әлеуметтік қиын­дықтармен де бетпе-бет келуге тура кел­ді. Елдің күнкөрісі қоңырқай еді, өңір­лерде жаппай жұмыссыздық белең алған-тұғын, жұрттың дені базар жағалап, саудаға кетіп жатты. Қарғабаевтың қатарластары арасынан да таңдап түскен оқуды бір күнде тас­тап, кәсіпкерлікке бет бұрған жастар жиі кездесті. Бір жағынан алғанда, өмір жолындағы сынақ адамның арманы мен мақсатына адалдығын шыңдап, нақты жол таңдауға бастайтын сияқты. Демек, мұратқа жету адамның өз қолында деген сөз рас екен. Ал мемлекет сол тұстың өзінде болашақ дәрігерлердің лайықты білім алуына толықтай қолдау жасады. Соның нәтижесінде қазіргі отандық медицинада білікті дәрігерлердің тұтас буыны қалыптасты.

2003 жылы Семей мемлекеттік медицина академиясының толық курсын тәмамдап, хирург-дәрігер мамандығын алған Е.Қарғабаевты тағдыр жолы Алматы қаласына же­телеп әкелді. Қаладағы «Жедел жәр­дем» ауруханасында хирург болып еңбек жолын бастаған ол бүгінде Алматы аймақтық онкология диспансерінің хирургия бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқаруда. Адам жанының арашасы болуға бел буып, бала күнгі сертіне адал қалпынан айныған жоқ. Еңбегі де еленбей қалған емес. Жақында хирург Қарғабаев Алматы облысының «Үздік дәргері» атанып, аймақ басшысы Амандық Баталовтың қолынан «Лада-Гранта» көлігінің кілтін сыйға алды. Оның өзі бұл жетістікті өзі қызмет ететін онкодиспансер ұжымының жеңісі деп санайды.

 Жалпы, кәсібіне қатысты табыс пен мадақты былай қойғанда, хирург Естөре Жантөреұлын жұрт «Алтын қолды оташы» деп атайды. Дәрігердің қолындағы қандауырдың жүзі қанша адамның денесіндегі дертті сылып алып тастап, жарық дү­ниеге деген құштарлығын оятқанын ай­тып жату артық та әрі ол жұмыс істейтін онкология диспансеріне жа­нына шипа іздеп келетіндердің жөні әдеттегі басы ауырып, балтыры сыз­даған науқастардан тіптен бөлек. Бұл емханаға қатерлі дертпен күресіп, өмір мен өлім арасында күй кешіп жүр­ген жандар жиналады.

– Өкініштісі, қатерлі ісік дертіне шал­дыққандар қатары көбейіп отыр. Әсіресе әйелдер арасында жа­тыр мойны қатерлі ісігінің белең ал­ға­ны ойландырады. Алыс ауылдарда тұратын әйелдердің дер кезінде скрининг тесттен өтпеуі салдарынан, көбіне аурудың 3-4 сатысында ғана дәрігер көмегіне жүгінеді. Нөлдік сатыда, яғни бастапқы кезеңде ауру анықталған жағдайда әйел аурудан толық жазылып кетеді деп сеніммен айтуға болады, – дейді хирург.

Ал Алматы облысында әйелдер арасындағы жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алу шаралары жүріп жатыр. Қазір аймақта 1332 адам он­кологтардың есебіне алынған. Өткен жылы  осы диспансерде 70 мың әйел скрининг тест тапсырған. Олар­дың ішінен 812 әйел тіркеуге алыныпты.  Бұлардың 38 пайызы ғана аурудың бірінші сатысында дәрігер көмегіне жүгінген екен. Өкінішке қарай, былтыр осы дерттен облыс бойынша 63 әйел жарық дүниемен қоштасыпты...

Бір сүйінерлігі, отандық медицина дамыған сайын дәрігерлердің адам өмірі үшін күресі де жеңіспен аяқт­алып келеді. Қазір медициналық құрал-жабдықтардың соңғы үлгі­сі өңірге жетіп үлгерді. Бұл – маман­дардың жұмысын оңайлатып, дерт­тің алдын алуға үлкен жәрдем. Мы­салы, жақында Алматы облысында онкологиялық ауруларды ерте са­тысында анықтауға мүмкіндік бе­ретін ахуалдық орталық іске қо­сыл­ды. Орталық жұмысқа кіріскен 5 ай аралығында аурудың алдын алу мақ­­­­сатында 80 717 адамның ден­сау­лығын тексеріп үлгеріпті. Бұл осын­ша адамның өміріне төнетін қауіп­тің бар-жоғына көз жеткізіп, дерт­ті науқастың аурудан айығуына себепші болудың қадамы десек, қате­леспеспіз.

– Отандық медицина саласының дамуы көштен қалып отырған жоқ. Оның мысалын аймақтардан да көруге болады. Денсаулық сақтау нысандары жаңадан салынып жатыр. Былтыр аймақта осындай 15 нысан жаңадан пай­далануға берілді. Дәрігерлеріміздің біліктілігі де шетелдік мамандардан еш кем емес. Тәжірибе алмасу, білім жетілдіру жолға қойылған. Бас­­тысы, адамдардың дәрігерлерге деген құрметі артып келеді. Ол медицина саласы қызметкерлерінің кәсібилігіне байланысты қалыптасқан құрмет. Облыста қаншама дәрігер күн са­йын адам өміріне араша түсіп, ал­ғысқа кенеліп жатады. Әкімдік тара­пынан да дәрігерлердің еңбегі лайықты бағалануда. Күні кешегі кәсіби мереке қарсаңында ғана Ал­­ма­тыдағы  ай­мақтық онкология дис­пансерінің хи­рург-дәрігері Естөре Қар­ғабаев үздік шы­ғып, көлік мінді. Бұл – жетісулық дәрі­герлердің ортақ қуа­нышы, – дейді Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ.


Алматы облысы