– Тілектес Исабайұлы, Сіз басқарып отырған университет Қазақстанда алғашқылардың бірі болып зерттеу университетіне трансформациялануда. Қол жеткізген нәтижелер туралы айтып берсеңіз?
– Әлемдік деңгейдегі университеттерді құрудың халықаралық тәжірибесі негізінен үш бағыттан тұрады. Ол үздіктерді қолдау, жоғары оқу орындарын біріктіру және жаңадан құру (Назарбаев Университеті). Біздің оқу орнымыз бірінші жолмен дамып келеді және осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізуде.
2001 жылдан бастап дәстүрлі жоғары оқу орны ретінде білім, ғылым, өндіріс интеграциясы үрдісін бастады. «АгроДаму» аграрлық ғылыми-өндірістік консорциумы құрылды, оның құрамына жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары, тәжірибелік стансалар, ірі агроқұрылымдар кірді. Университет Қазақстан-Америкалық «Extension» ақпараттық-консалтинг орталығы, Фермерлердің жоғары мектебі және «Агробизнес және құқық» халықаралық институты арқылы фермерлік шаруашылықтармен белсенді қарым-қатынас жасай бастады. Білім алушылардың тәжірибеден өтуі үшін әр аймақта оқу-ғылыми-өндірістік орталықтар құрылды.
Аграрлық білім берудің «мектеп (лицей) – колледж – университет» үздіксіз жүйесін қамтамасыз ететін «өмір бойы оқыту» қағидасына негізделген «Агро білім беру» халықаралық қауымдастығы және кіші академия ашылды. Халықаралық ғылыми-білім беру консорциумы жұмыс істеп тұр. Университет 15 халықаралық қауымдастықтар мен ұйымдардың белсенді мүшесі, ТМД елдеріндегі Жетекші аграрлық жоғары оқу орындарының ректорлары кеңесіне төрағалық етеді. «Centеr of Excellence» академиялық ұтқырлықты дамытудың модельдік орталығы, Халықаралық пәнаралық мектеп (KIIS) құрылған. Агроөнеркәсіп кешенінің мамандарын дайындаудың барлық бағыттары бойынша Халықаралық қысқы және жазғы мектептер бар. О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты, «Таза планета» орталығы және «Достық» студенттік ассамблеясы құрылған.
2010 жылы университетке инновацияға бағытталған жоғары оқу орын мәртебесі берілді. Осы жылдан бастап еліміздегі университеттер ішінде алғашқы болып, жобалық басқарудың халықаралық стандарттары негізінде ғылыми орталықтар мен жоғары оқу орындарының 13 халықаралық сарапшысымен бірлесіп, Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану үрдісін бастады.
Трансформация нәтижесінде халықаралық стандарттарға сәйкес 96 білім беру бағдарламасы бойынша 217 жаңа білім беру траекториялары әзірленді. Еуропа, Азия және АҚШ-тың жетекші серіктес оқу орындарымен қос диплом беру бойынша 12 бағдарлама енгізілді.
Университет ұлттық жоғары оқу орны ретінде Қазақстанның 20 университетімен қос диплом бағдарламасы бойынша аграрлық бейіндегі мамандарды бірлесіп оқытады, сондай-ақ еліміздің өңірлері үшін магистранттар мен докторанттарды мақсатты түрде дайындайды. Барлық білім беру бағдарламалары халықаралық аккредиттеуден өткен. ҚазҰАУ зерттеу университетіне трансформациялану нәтижелері Үкіметте, Ауыл шаруашылығы, Білім және ғылым министрліктерінде бірнеше рет баяндалды.
2015 жылы ЖОО-ның трансформациясы нәтижесі мен тәуелсіз сарапшылардың ұсынысы негізінде Үкімет Қаулысымен Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті Білім және ғылым министрлігінен Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына берілді. Аталған жоғары оқу орындарының және Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ғылыми-зерттеу институттарының тиімді қызмет атқаруы үшін «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды. Оның құрамына үш оқу орнынан басқа 23 ҒЗИ, 14 тәжірибелік станса, білімді тарату және коммерцияландыру орталықтары енді.
2016 жылы Үкімет Қаулысымен Қазақ ұлттық аграрлық университеті шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорыннан коммерциялық емес акционерлік қоғам болып қайта құрылды. Бұл университетке академиялық еркіндік алуға, автономияға көшуге және мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктерін пайдалана отырып, өзін-өзі қаржыландыру қағидаларын іске асыруға мүмкіндік берді.
– Алдымыздағы жаңа оқу жылында республикамыздың жоғары оқу орындары коммерциялық емес акционерлік қоғам (КеАҚ) мәртебесіне өтеді. Өзіңіз басқарып отырған Қазақ ұлттық аграрлық университеті бұл мәртебеге 2015 жылы ие болып, түрлі бағыттарда жүйелі жұмыстарды бастап та кетті. Осы орайда, өз тәжірибелеріңізбен бөлісіп, аталған құрылымдық өзгерістер жөнінде кеңірек айтып берсеңіз.
– Жарғылық капиталында 100% мемлекеттің қатысуы бар коммерциялық емес акционерлік қоғамы мәртебесін алу ережелері еліміздің «Коммерциялық емес ұйымдар туралы», «Акционерлік қоғамдар туралы» заңдарында белгіленген. Бұл жерде мемлекет жалғыз акционер болып табылады.
КеАҚ құрғанда университетте директорлар кеңесі, басқарма, корпоративтік хатшы сияқты басқару органдары жасақталып, жаңа Жарғы мен жоғары оқу орнының даму жоспары және басқарудың ұйымдастырушылық құрылымы бекітіледі. Директорлар кеңесі университет стратегиясын, даму жоспарын, қаржылық есебін және басқа да маңызды құжаттарды бекітеді және барлық құрылымдық бөлімшелер оған есеп береді. Акционерлік қоғам өз қызметін тиімді жүргізу мақсатында қаржы тартып, өз акцияларын шығарады. Ең басты мәселе – КеАҚ қызметінен түскен таза кіріс акционерлер арасында бөлінбейді, тек университеттің дамуы үшін пайдаланылады. Тағы бір артықшылық: КеАҚ кез келген қаржыландыру көздерінен инвестиция тартып, сонымен қатар басқа да білім беру ұйымдары сияқты мемлекеттік тапсырыспен оқитындарға арналған стипендияға, академиялық ұтқырлыққа, шетелдік ғалымдар мен топ-менеджерлерді шақыруға мемлекеттік бюджеттен қаржы ала алады. Университет бекітілген Жарғысына сай кәсіпкерлік қызметпен айналыса алады.
Осы орайда Қазақ ұлттық аграрлық университеті еліміздегі барлық жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыс орнатып, трансформациялау мен коммерциялық емес акционерлік қоғамға өту барысында жинақталған тәжірибелерімен бөлісуге дайын екенін айтқым келеді.
– Университетке коммерциялық емес акционерлік қоғам мәртебесі берілгеннен кейін ғылым-білім беру инфрақұрылымында қандай өзгерістер болды?
– 2015 жылы университетте Агротехнологиялық хаб – Агроөнеркәсіптік кешеніндегі инновациялық технологиялардың Халықаралық зерттеу институты ашылды. Оның мақсаты отандық аграрлық секторға жаңа білім мен технологияларды іздестіру, тарту және трансферттеу болып табылады. Агрохабтың қызметі әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен және ғылыми орталықтарымен тығыз ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді. Агрохаб құрамына 6 ғылыми-зерттеу институты, 6 халықаралық инновациялық орталық және 31 зерттеу зертханасы кіреді. Олар: Қазақстан-Жапон инновациялық орталығы, Қазақстан-Корей инновациялық орталығы, Тұрақты даму орталығы, «Тағам өнімдерінің технологиясы мен сапасы» орталығы, Қазақстан-Беларусь агроинженерлік инновациялық орталығы, Инновациялық жылыжай, Агротехнопарк (бизнес-инкубатор, стартап – жобалар және т.б.). Осындай дамыған инфрақұрылым соңғы төрт жылда университет ғалымдарына АШМ, БжҒМ, БҰҰ Даму бағдарламасы бойынша 2 млрд теңгеге жуық сомаға 300 ғылыми жобаны орындауға, серіктестермен бірлесіп 3 млрд теңгеден астам сомаға 50 ғылыми жобаны коммерцияландыруға мүмкіндік берді. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін өндіріске енгізу 48%-ды құрады. Университет 116 млн теңге көлемінде БҒМ коммерцияландыру кеңсесін қаржыландыру байқауының жеңімпазы атанды.
ИИДМБ аясында 1,1 млрд теңгеге 4 инновациялық ғылыми-білім беру зертханасы құрылды. 2019 жылы 1,9 млрд теңге сомаға өсімдіктердің микроклоналдық көбею зертханалары, сүт бойынша референттік зертхана құрылады, сонымен қатар Digital орталығы мен Қазақстан-Беларусь агроинженерлік инновациялық орталығы толық жабдықталады. Зертханалар мен орталықтар еліміздің АӨК өзекті мәселелерін шешуге бағытталады. Мысалы, қазіргі уақытта Қазақстанда мал басының 50-ден 69%-ға дейінгі үлесі үй шаруашылықтарында шоғырланған. Жыл сайын Қазақстанға басқа елдерден 600 мың тоннадан астам сүт және сүт өнімдері, оның ішінде халық тұтынатын қоюландырылған тәтті сүттің 80%-ы экспортталады. Жаңадан ашылатын сүт өнімдері сапасының референттік зертханасы сүт және сүт өнімдері сапасының ондаған көрсеткіштерін жылдам анықтауға мүмкіндік береді. Бұл бағытта Вагенинген (Нидерланды) университетімен бірлескен жұмыстар атқарылуда.
Digital орталығын дамыту ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайы туралы барлық деректерді шоғырландыруға, GIS технологияларының көмегімен көптеген көлемді деректерді талдаудың жұмыстарын жеңілдетуге және жақсартуға мүмкіндік береді.
Ауданы 845 га құрайтын «Агроуниверситет» оқу-тәжірибе шаруашылығы негізінде Агротехнопаркті дамыту бойынша жұмыстар жалғасуда.
Азия даму банкінің қолдауымен су шаруашылығы саласында мамандар даярлау орталығы болып табылатын Су хабы құрылды. АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығын зерттеу қызметімен және Мичиган штатының университетімен Жер және Климаттық хабтар ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Олардың мақсаты – Қазақстан мен Орталық Азия елдері үшін жер және су ресурстарын тиімді басқару жөніндегі мәселелерді шешу. Жүргізілген жүйелі жұмыс университеттің 9 халықаралық және Ұлттық рейтингте беделді орын алуына және 2023 жылға қарай QS-300 рейтингісінде әлемдік деңгейдегі университет болуына мүмкіндік береді.
– Университетті басқарудағы тиімді менеджмент моделінің негізгі мақсаты неге бағытталған?
– Жоғары оқу орнын ғылыми-зерттеу университеті ретінде дамытуда жіберілген қателіктер мен қиындықтарды талдау, бағалау барысында табыс факторлары – ғылыми таланттарды шоғырландыру, ресурстармен қамтамасыз ету және тиімді менеджмент жүргізу керектігін түсіндік.Университетте корпоративтік басқаруды дамыту – адамдар-үрдістер-технологиялар сияқты тиімді және икемді модель құруға бағытталған.
Бірінші аспект – адамдар. Былтырдан бері университетте адам ресурстарын дамыту басқармасы (HR) жұмыс жасайды. Қызметкерлердің құзіреттілік критерийлері мен қызметінің нәтижесін бағалау тәсілдері қайта қаралды. Ғылыми жобаларды орындаушы, агроқұрылымдарда консалтингтік қызмет көрсетуші қызметтері енгізілді. Шетелдік ғалымдар, ҒЗИ және өндіріс өкілдері университеттің оқытушы-профессорлар құрамы штатының 20%-ын құрайды. Кафедра меңгерушілерінің 57%-ы – жас PhD докторлар.
Цифрлы трансформациялау шеңберінде университет екі негізгі бағытын анықтады. Бірінші – басқарудың бірыңғай экожүйесін қалыптастыру. Осындағы басты мақсат – мемлекеттік және жергілікті атқарушы басқару органдарымен, жоғары оқу орындарымен, колледждермен ашық және үздіксіз өзара қарым-қатынас орнату. Тәуекелге бейімделген автоматтандырылған басқару жүйесін құру. Университеттің ішкі бизнес-үрдісін үздіксіз жетілдіру мәдениетін дамыту.
Екінші – заманауи оқу үрдісін құру: жаңа интерактивті әдістер мен құралдарды пайдалану, мемлекеттік кәсіпорындармен ғана емес, жеке бизнестерді тарту арқылы теориядан тәжірибеге көшуді қамтамасыз ету.
Сонымен қатар логика, техника және заманауи ақпараттық технологиялар құралдарын шоғырландыру арқылы білім бағдарламаларын толықтыру. Оқу орнының жақын арадағы іске асыратын шешімдері – бизнес-үрдістерді автоматтандыру және менеджменттің тиімді жаңа деңгейіне көтерілу.
Бүгінде университет әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен және ғылыми орталықтарымен бірлесіп, жаңа білім мен технологияларды, озық тәжірибелерді шоғырландыруда. Университет өзінің инновациялық дамуында аграрлық және орман ресурстары бағытында мамандар дайындайтын әлемдегі жоғары оқу орындарының ішінде QS рейтингінде бірінші орында тұрған Вагенинген университетінің (Нидерланды) озық тәжірибесіне сүйенеді.
Қазіргі уақытта ҚазҰАУ Вагенинген университетімен «Өсімдіктер туралы ғылым» және «Азық-түлік технологиясы» оқу бағдарламалары бойынша бакалавр студенттерін дайындауда ортақ келісімге келді. Бұл келісім бойынша университетімізде әр бағдарламаға 50 студенттен қабылдап, өз елімізден сыртқа шықпай-ақ сапалы білім беру жоспарлануда. Осы бағытта бірлесіп жасаған жұмыстар жыл сайын 100 студентті халықаралық стандартқа және еңбек нарығындағы сұранысқа сай білікті маман етіп дайындауға мүмкіндік береді. Осындай жұмыстар Огайо штаты (АҚШ) университетімен де жүргізіледі.
Бүгінгі күні оқу орындарында барлық «пул» жобалар студенттерге бағытталған. Университет олардың білім сапасын жоғарылатудағы ұсыныс-пікірлерін толық ескереді және бос уақыттарын тиімді пайдалануын ұйымдастырып, шығармашылықтарын дамыту үшін барынша жағдай жасайды.
Университет бүгінде Қазақстанның озық ЖОО-ларын біріктіретін Академиялық адалдық Лигасы құрамының мүшесі. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен тығыз жұмыс жүргізу нәтижесінде оқу орнымызда жемқорлыққа қарсы технологиялар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру алаңы ашылуда. Сондықтан университет тиімді менеджмент қолдану арқылы қысқа мерзім ішінде өзінің барлық ресурстарын шоғырландыра отырып, білім, ғылым және инновациялық қызмет көрсетуде, аграрлық секторды жедел дамытуда еліміздің осы саланың бәсекеге қабілеттілігінің артуының өзегі болып табылады.