Тиісті саланың сарапшысы ретінде, мен Қ.Тоқаев айтқан он бағыттың ішіндегі жетіншісіне – «Өңірлерді дамытудың жаңа бағдарына» тоқталғым келеді. Осы басымдық аясындағы шаралар қалай жүргізілмек?
Меніңше, өңірлерді дамытудың жаңа бағдарында бірінші кезекте аймақтардың нақты артықшылықтарын, бәсекеге қабілетті тұстарын көтере отырып, тұтас елдегі экономикалық өсімді қамтамасыз етуге көңіл бөлінеді. Ал аймақтарды дамытудағы басымдық – олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, урбанизацияны дамыту, байланысты нығайту, базалық тұрмыс сапасын қамтамасыз ету.
Қалалық агломерацияны дамыту, соның ішінде Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе сынды қалалармен агломерация шаралары жалғасқаны жөн. Бұл қандай шаралар? Аталған жұмыстар инновациялық дамуды қамтамасыз етуге, ірі қалалардың ұлттық және жаһандық ауқымдағы толыққанды экономикалық өсім орталықтарына айналуына, тұрмыс сапасының өлшемдерінің күшеюіне көмектесетін болуы керек. Инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту да ерекше назарда болады.
Бүгінгі таңда әлемде қалалардың рөлі мен ықпалы күшейіп келеді. Мегаполистер экономикалық өсімнің драйверіне айналуда. Соны ескере отырып, біз де елімізде бірнеше әлемдік деңгейдегі ірі қалалардың қалыптасуына ықпал етуіміз керек. Бұл қалалар еліміздің нарығына кіретін қақпаның рөлін атқарады, әлемдік қосымша құн тізбегімен интеграциялануға ықпалын тигізеді.
Урбандалуды дамытуға облыс орталықтары үлкен үлес қосады. Менің ойымша, таяу онжылдықта облыс орталықтарын дамытуға баса көңіл бөлінеді. Мемлекеттік шаралар әлеуметтік инженерлік инфрақұрылымдарды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, баспана құрылысына бағытталады. Себебі, облыс орталықтары өз өңірлеріндегі толыққанды «өсім нүктесі» болуы керек.
Моно және шағын қалалар мәселесі де ерекше маңызды. Бүгінгі таңда олардың жалпы саны – 61. Бұл қалалардың басым көпшілігі ірі қазба байлықтары табылған кен орындарының жанынан жоспарлы экономиканың кезінде салынған. Қазіргі таңда олар экономикасының бәсекеге қабілетсіздігіне, жұмыс орындарының аздығына, халықтың көшіп кетуіне байланысты экономикалық және әлеуметтік проблемаларға ұшырап отыр. Моно және шағын қалаларға қатысты мемлекеттің ендігі жаңа саясаты олардың экономикалық әлеуетін жүзеге асыруға негізделетін болады. Меніңше, оларды дамытудың жаңа жолдары жасалады. Ол қандай жол десек, әр типтегі қалаға әртүрлі тұрғыда келу дер едім. Әрине, ірі қалалардың ықпалы бар аймақтарда орналасқан шағын қалалардың да мүмкіндігі молырақ, олар сол ірі қалаға қызмет көрсетумен айналысады. Ірі көлік дәліздерінің бойында, шекара сызығына жақын орналасқан қалалардың да даму мүмкіндігі көбірек болады. Жалпы алғанда, моно және шағын қалаларды дамыту олардың экономикасына орайластыру, геологиялық барлау жұмыстарын қаржыландыру көлемін ұлғайту, болашағы бар пайдалы қазбалар кеніштерін анықтау сияқты бағыттар бойынша жүргізіледі.
Тағы бір айта кетерлігі, ауыл-аймақты дамытуға өте қомақты инвестиция салынады. Ауыз су тарту, автокөлік жолдарын жөндеу және салу, жұмыс орындарын ашу, ауылда жаңа өндірістерді жолға қою сынды жұмыстарға үлкен күш жұмсалады. Лайықты тұрмыс сапасын қалыптастыру үшін ауылдық жерлерде тұрмыс сапасының стандарттары осыған дейін жасалған.
Қазіргі таңда «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында 1,8 мыңнан астам ауылдық елді мекендерді кешенді дамыту жобасы қолға алынып отыр. Осы бағытта әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымдары толығымен жаңғыртылады. Жаңа өндірістер мен жұмыс орындары ашылады. Бұл елді мекендердің дамуы 6 миллион адамның тұрмыс деңгейін жақсартуға әсер етеді.
Нұрболат ҚҰРМЕТҰЛЫ,
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Өңірлік зерттеулер орталығы директорының орынбасары