Туризм • 19 Маусым, 2019

Маңғыстау туризмінде жөнге қояр тұстар бар

739 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Экономиканы көтерудің және елді өзгелерге танытудың бір тетігі – туризмде жатыр. Қазақ даласының сұлу табиғаты мен қайталанбас өнер қолтаңбалары – тарихи-мәдени ескерткіштер дала перзенттерінің қалай мақтануына да татитын, қай елден келген турист-қонақтардың алдында мерейлене көрсетіп, мақтана таныстыруына жарайтын құбылыстар мен құндылықтар.

Маңғыстау туризмінде жөнге қояр тұстар бар

Елімізде қазір туризмді дамыту жұмыс­тары қолға алынуда, бұл бағытта негізінен біткен істен бітірер іс көп деуге болады. Туризмді түлету барысында әлі талай тың идеялар туындап, небір қызықты жобалардың тұсауын кесуі ғажап емес және бұл алыс-жақын бола­шақтың еншісіндегі олжаларымыз дей тұрайық, тіпті ол бүгінгі жас буынның қолымен атқарылуы да әбден мүмкін.

Даласы сұлу көріністерге толған, тыл­сым сырлары тұнған Маңғыстау – Қазақстанның туристік аймағы саналатын үздік ондыққа енеді, яғни туристік әлеуеті жоғары аймақ қатарында.

Алайда тоғыз жолдың торабына айналған, төрт тараптың кең дәлізі Маңғыстауда аталмыш сала тынысын кеңінен алып, құлашын кеңге жайып кете алған жоқ. Әл жетпей ме, әлеует жетпей ме, әлде қаражаттан қысылу бар ма, жоқ білік олқы соғып келе ме? Әйтеуір, барды ұқсатуда дүрк көтіріліп кете алмай тұрғанымыз ақиқат.

Ақтаудағы өңірлік кәсіпкерлер па­латасында өткен басқосуда көптің кө­кейіндегі осы мәселе тілге тиек болды. Расында, ғажап жерлерге туризмді да­мы­туға не кедергі? Саяхатшыларды өл­кеге көптеп тарту үшін қандай жобалар жүзеге асуы керек?

– Ақтау қаласы мен Құрық паром кешені аралығын қамтитын аумақтағы туризмді дамытуға республикалық бюджеттен 18 млрд теңге бөлінді. Со­ны­мен қатар жағажай демалысын дамыту басты назарда. Оған осындағы инфрақұрылым жасақталып, Ақтау мен «Алау» лагері жолдары жөнделетін болады, – дейді «Kazakh Turism» ұлттық ком­паниясының басқарма төрағасы Ө.Бисақаев.

Жағажай туризмін дамыту және балалар демалысын, яғни балалар туризмін дамыту – өңірде жиі айтылып келе жатқан жағдай. Қазіргі таңда туризмді дамытуға қатысты жасалып жатқан жұмыстардың көбі осы бағыттарға саяды.

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы­ның орынбасары О.Ордабаевтың айтуынша, Маңғыстау туризмін дамыту үшін алдымен туристерді күтіп алу талап­тарын жетілдіру керек. Әуежай мен темір жол вокзалының дайындығы қандай? Сондай-ақ автокөлік жолдары бойында туристерге сервистік қызмет көрсету қай деңгейде? «Саяхатшыларды қарапайым шайханамен емес, қызықты, тың жобалармен тартуды ойластыру керек. «Жобалау офисі» жобасы осы жайттарды жүзеге асыруға мүмкіндік береді» дейді ол. Шындығында, алыс жолдар бойындағы сервистік қызмет көрсететін орындардың саны да, сапасы да сын көтеретіндей емес. Тың жобалар былай тұрсын, айтсаң ұят, айтпасаң болмайтын ең қарапайым нәрсе – әжетханалардың ахуалы-ақ адам шошырлық халде. Бұл «әркім баратын жер» – негізі барлық нысанда, барлық орында, тіпті жол бойларында да жаңғырып, тазалық пен мәдениеттің нақты көрінісі бола алса ғой!

Дөңгелек үстелде туристік айтақ­тарға халықты тарту үшін ішкі әуе қатынастарын оңтайландыру ұсы­нылды. Мектеп демалысы маусымында балалар билеттерін субсидиялау, бір ересек адамға екі баланы тегін алып жү­ру жағдайын қарастыру турасында пікір айтылды. Сонда отбасы бюджеті 30 пайызға үнемделіп, халық шетелге емес, отан­дық туристік жерлерге ынта біл­діреді екен. Тур-полиция қызметін құру, авто керуен, медициналық туризм, бала­лар туризмі, өзге де жұмыстарды дамыту уақыт еншісінде және мұның бәрі Қазақ­станды туристік тартымдылығы бар 50 елдің қатарына қосу міндетін жүзеге асыруға көмектеспек.

– Иран мен Түрікменстан сияқты көршілес елдерге рейс аша алмай отырмыз. Ниет білдірген компанияларға рұқ­сат берілмеді. Көрші Әзербайжанда бұл мәселе жоқ. Ирандық туристер Бакуде визасыз жүр. Бакуге турис­тер толассыз келеді. Қосымша рейс­тер ұйымдастырып жатамыз. Бізге неге сондай жағдай жасамасқа? Сон­дай-ақ туристерді тіркеу әуежай ғима­ратында болуы керек, олар көп уа­қытын құжаттармен әуре-сарсаңға жұм­самауы тиіс. Ішкі рейстерді субсидия­лау жеделдетіп қолға алынса екен. Жаз мезгілінде Атыраудан күніне 4 рейс жасалады. Осындай сұраныс еліміздің бар­лық аймағынан, жақын шетелдерден де түсеріне сенім мол, – дейді Ақтау халық­аралық әуежайының директоры Е.Жолдасов.

Басқосудың ортақ айтары Үкіметке жолданбақ. Мүмкін, өңірде келешекті күтпей, қазір-ақ шешілу жолары табылып тұрған туризмді дамытуға қатысты ірілі-ұсақты мәселелердің бірқатары шешімін тауып қалар деген ойдамыз.


Маңғыстау облысы