19 Маусым, 2019

«Ұлы дала мұрагерлері» экспедициясы 5 мың шақырым жол жүрді

1017 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орал қаласынан шыққан «Ұлы дала мұрагерлері» экспедиция­сы 5 мың шақырым жол жүріп, Ре­сей Федерациясының Астрахань, Пятигорск өңірлерін аралап, Қы­рым түбегіндегі Ялта және Бақшасарай қалаларында болды. Саяхатшылар Бөкей Ордасының соңғы билеушісі Жәңгір ханға қатысты тың мәліметтер тапқан.

«Ұлы дала мұрагерлері» экспедициясы 5 мың шақырым жол жүрді
Экспедиция жетекшісі, тарих магистрі, «Ғылыми-зерттеулерді қолдау қорының» директоры Айболат Құрымбаевтың айтуынша, жолсапар 12 күнге созылып, бас-аяғы 5 мың шақырым артта қалған. Экспедиция құрамында суретші Бекжан Жұмабаев, домбыра жасаушы шебер Жанпейіл Сейтақ және саратовтық қанда­сымыз, «Легкий казахский» кіта­бының авторы Артур Нұрмұхамбет болыпты.
– Бөкей Ордасы тарихында ақтаңдақ кезеңдер өте көп, біз солардың кейбіреуіне жарық түсіруге тырыстық. Мәселен, Жәңгір хан балалық шағында Астрахань губернаторы Сте­пан Андреевскийдің үйінде тәр­биеленген. Біз осы сапарымызда Астрахань қаласынан дәл осы Жәңгір ханның жасөспірім шағы өткен үйді іздеп таптық. Әрине біз «Жәңгір хан дәл осы үйде тұрды» деген архив құжатын қолымызға ұстаған жоқпыз. Бі­рақ жергілікті тарихшылармен, өлкетанушылармен кездесіп, осындай болжам айтып отырмыз. Ал бұл болжамды құжатпен нақтылау алдағы күннің еншісінде, – дейді Айболат Шамұратұлы. 
Тарихта Жәңгір ханның әйелі Фатима тоташ ауырып, 1840 жылы хан Пятигорск қала­сында емделгені, сол жолы генерал жесірі Е.Мерлини үйінде тоқтағаны белгілі. Өз заманында Бестау өңірінде белгілі тұлға болған, өз үйінде А.Пушкин, М.Лермонтовтарды да қонақ еткен Екатерина Мерлини Фатима ханыммен де жақын дос-құрбы болған. Бұған Фатима ханыммен үш жыл бойы жазысқан хаттары дәлел. Бір қызығы, осы хаттардың бірінде құмық графы туралы сөз болады, ал ол әйгілі Михаил Лермонтовтың «Герой нашего времени» романындағы Белланың әкесі екен.
Пятигорск шипажайларында қазақтың талай марғасқалары демалып, фотосуретке түскен. Сондай суреттің бірі – Алаш қайраткері Жаһанша Досмұхамедұлына қатысты. Зерттеушілер бұған дейін бұл суретті «Қырымда түсірілген» деп келген еді. Айболат Құрымбаев бастаған саяхатшылар оның қа­те екендігін дәлелдеді. Яғни, Жаһанша Досмұхамедұлының әйелімен бірге тау арасында, қанатын жайған бүркіт ескерткіші жанында бейнеленген суреті түсірілген орынды Пятигорскіден тапты.
Бұдан кейін саяхатшылар Қырым түбегіне жол тартып, Ялта қаласына маңдай тіреген. Өйткені Жәңгір ханның Ғұбайдолла және Ахметкерей деген ұлдары дәл осы жерде өмір кешкен еді. Жәңгір хан 1845 жылы дүниеден өткен соң оның ұлдарының тағдыры қазақ топырағынан тыс жерде өтті. Бұл жерде патша өкіметі Жәңгір ханның ұлдары Бөкейлік билігінен қайта дәметуінен сақтанса керек. Сөйтіп Санкт-Петербург паж корпусын бітірген Ахметкерей – полковник дәрежесінде, ал Ғұбайдолла – инфантерия генералы шенінде Ялтада ғұмыр кешті. 1901 жылы Ахметкерей Шаповалов деген сәулетшінің жобасымен Ялтада екі қабатты үй тұрғызған. Бір қызығы, сол үй әлі бар болып шықты.
– Боткин көшесіндегі осы ғимаратты «Шыңғыс кінәздің үйі» деп атайды екен. «Князь Чингиз» – әу баста Жәңгір ханның ұлы Ыбырайымның есіміне қосылған атақ, мағынасы – оның асыл текті Шыңғыс хан әулетінен екендігін білдірген. «Чингисхан» кейін генерал Ғұбайдолланың да есімсойына жалғанған. Осы Ялта қаласында Ғұбайдолла – 1909 жылы, Ахметкерей – 1914 жылы, Ахметкерейдің әйелі Зағира Бақыткерейқызы – 1919 жылы қайтыс болған. Өкініштісі олар­дың зираты сақталмаған, Дерикодағы мұсылмандар зираты кейін жойылып, орнына құрылыс салынып кеткен екен, – дейді А.Құрымбаев.
Оралдық саяхатшылар бұдан кейін Бақшасарай қаласына жол тартып, ондағы музейде сақталған ерекше жәдігер – Бөкей хан мен Жәңгір ханға І Александр патшаның тарту еткен алтын зерлі қайқы қылышын көріп, суретке түсірген.
– Жәңгір хан 1828 жылы Жас­құстағы хан сарайында қару-жарақ палатасын жасақтаған. Бұл қазақ тарихындағы алғашқы музейдің бірі болған. Бірақ Жәңгір қайтыс болған соң ондағы қару-жарақтар жан-жаққа тарап, олардың кейінгі тағдыры белгісіз болып жүрген еді. Біздің анықтауымызша, жоғарыда айтылғаннан бөлек, Бақшасарай музейіндегі Пірәлі ханның қылы­шы, тағы да екі қылыш, барлығы 5 қару Ордадағы Жәңгір ханның сарайынан келген, – дейді Айболат Шамұратұлы.
Экспедиция құрамында су­ретші Бекжан Жұмабаев та бол­ғанын айтқан едік. Осы сапар барысында Бекжан түрлі тарихи орындардың көрінісінен 30-ға жуық этюд жазып алып келіпті. Одан бөлек, елге түрлі тарихи құжаттар, фотосуреттер, кітаптар да әкелінген. 

Батыс Қазақстан облысы