Қазақстан • 20 Маусым, 2019

Айбынды жастар – ертеңгі ел қорғаны

1209 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қарағанды облысындағы «Спасск» оқу-жаттығу орталығының полигонында Жастар жылының аясында бесінші «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының сал­та­натты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Қорғаныс министрі Нұрлан Ер­мекбаев, Парламент депутаттары, Қарағанды облысы әкімдігінің басшы­лы­ғы, Қарулы Күштердің ардагерлері мен шақырылған өзге де қонақтар қатысты.

Айбынды жастар – ертеңгі ел қорғаны

Жас өрендер үшін айтулы іс-шара

«Айбын» жиыны еліміздің барлық облыстары мен республикалық маңызы бар қалаларының жас өрендері үшін бесінші жыл қатарынан асыға күте­тін айтулы іс-шараға айналды. Бұл – Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамасымен өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, оларды отансүйгіштік тұрғыда тәрбиелеу және осынау қасиеттерді әскери өмірдің қыр-сырымен ұштастыру жолындағы ізгі амалдардың нәтижесі.

Елбасы өткен жылы қазан айында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Бойскаут қозғалысы сияқты «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құ­рып, мектептерде әскери-патриоттық тәр­биенің рөлін күшейткен жөн» деп, жас­тар тәрбиесінің маңызды бағытын атап көрсеткен болатын.

Ал биыл Жастар жылының ашылу сал­танатында Нұрсұлтан Назарбаев «Жас сарбаз» қозғалысы негізінде әске­ри-патриоттық тәрбие беру ісін дамытуды тапсырды.

«Үкіметке 2025 жылға дейінгі әскери-патриоттық тәрбие беру бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын. «Жас сарбаз» бастамасының үлгісімен еліміздегі волонтерлерді, әсіресе, әлеуметтік жобалар саласындағы еріктілерді біріктіру қажет», деген еді Елбасы.

Бұл тапсырмадан соң еліміздің бар­лық өңірлерінде әскери-патриоттық жұмысты жетілдіру мақсатында «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы Қор­ғаныс министрлігімен және жергі­лікті атқарушы органдармен ынтымақ­тас­тық, өзара іс-қимыл туралы мемо­ран­думға қол қойғаннан кейін Елбасы тапсырмасын орындау шаралары қар­қын ала түсті. Оның ішінде Жастар жылында «Жас сарбаз» әскери-патриот­тық қозғалысы 300-ге жуық іс-шара өткі­зіп, оған 700 мыңнан аса жасөспірім қатысқан.

Осы орайда болашақ Отан қорғау­шылардың алғашқы мерейтойлық жиы­нына арнайы барған Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қол­басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери-патриоттық жиынға қатысушыларды құттықтап, өткізіліп отырған іс-шара­ның ерекше маңызын атап өтті. Сон­дай-ақ бұл жиынның еліміздің ең сенімді, жауапты, отаншыл әрі батыл жас­тарының басын қосып отырғанын айтты.

– Біз Тәуелсіз еліміздің айбынды жастарына әрқашан зор үміт артамыз, сенеміз. Жақсы дәстүрге айналған «Айбын» әскери-патриоттық жиыны – отаншыл жастарды адал қызмет етуге, ел қорғаны болуға тәрбиелейтін бірегей алаң, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті жастарды қолдауға және олардың мүмкіндіктерін жүзеге асыруына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінетінін атап өтіп, жастар дамудың символы және жарқын болашаққа деген үміттің көрінісі екеніне назар аударды. Сондықтан Елбасының 2019 жылды Жастар жылы деп атағаны кездейсоқ еместігін айтты.

– Жастар ел өміріне белсенді араласып, азаматтық қоғамның дамуына және елімізді табысты жаңғыртуға септігін тигізуде. Елімізде Қазақстан жастарының бойында отаншылдық рухты қалыптастырып, тәрбиелеуге айрықша көңіл бөлінеді. Осыған орай, «Жас сарбаз» респуб­ли­калық балалар мен жасөспі­рім­дердің әскери-патриоттық қоз­ғалысы құрылды. Барлық өңірде бұл ұйымның бөлімшелері жа­сақталып, жұмыс істеп жатыр. «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтары мен сыныптарының саны 6 мыңға жетіп, 174 мыңнан астам баланы қамтыды, – деді Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы.

Мемлекет басшысы жасам­паздық, бейбітшілік пен келісім, халықтың бір­лігі, Отанға деген сүйіспеншілік және бәрі­мізге ортақ тағдыр жолы сынды біздің халқ­ы­мызды біріктіретін құндылықтар жас­тар­дың басты бағдарына айналуы тиіс деді.

– Мен жүрегінде отаншылдық рухы жалындаған жастардың жаңа буыны өсіп келе жатқанын көріп отырмын. Бүгінгі ұрпақ­тың ойы – ұшқыр, білімі – озық. Отанымыз Мәңгілік ел­дің беделін арттыра беру – сен­дерге артылған зор үміт. Сон­дық­тан жастарымыз ұлттық құн­­ды­­л­ық­тарымызға адал болып, Қазақ­­стан­ның жетістіктерін еселей береді деп мен кәміл сенемін! – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев жас­тарға арнаған сөзінде әр адамның өміріне қажетті қасиеттер туралы айтты. Мем­лекет басшысының пікірін­ше, ең алдымен, пара­саттылық, білім, кәсібилік пен Отанға деген адалдық қажет.

– Сіздердің ерік-жігерлеріңіз, күш-қуаттарыңыз бен шығар­ма­шылық әлеует­теріңіз мол. Осы­ның барлығын өмір­дегі бас­ты мақсаттарыңызды жүзе­ге асыру үшін пайдаланыңыздар. Еліміз әрқайсыңыздың табыс­ты болғандарыңызды қалай­ды. Осыны естен шығар­ма­ңыз­дар. Себебі сіздердің жетіс­тік­теріңізден тұтас елдің жетістігі қалыптасады. Сіздердің ой-мақсаттарыңыздың орындалуына шын жүректен тілектеспін, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғар­ғы Бас қолбасшысы сөзінің соңында «Айбын» республикалық әскери-пат­риот­тық жастар жиы­нын ашық деп жа­риялап, қа­ты­с­у­шылардың оқуына сәттілік, мықты денсау­лық пен табыс тіледі. Қазақ­стан Президентіне қару-жарақ түрлері, Құрлық әс­кер­­лері мен Әуе қорғаныс күш­тері тех­ни­каларының мүмкін­діктері та­ныс­тырылды. Сон­дай-ақ Мем­лекет басшысы да­лалық лагерьмен таны­сып, қатысушылардың жа­тын ор­нын көрді, әскери-пат­риот­тық клубтардың тәрбиелену­ші­лерімен әңгімелесті.

Смарт үйірмелер құрылуда

Мемлекет басшысының сөзі­нен кейін салтанатты жағдайда «Айбын» туы көтерілді. Туды көтеру­дің ерекше құқығы Павло­дар қаласындағы «Қайсар» әс­кери-патриоттық клубының капитаны, «Айбын-2018» гран-приінің иегері Асхат Мақышевқа берілді.

Бұдан соң «Жас сарбаз» рес­публика­лық қоғамдық бірлесті­гінің төрағасы, аға лейтенант Мейірбек Меңдіғалиев жиынға қатысушылар алдында жарыстың әділ өтетіндігін айтып ант берді.

Іс-шара барысында жастардың асыға күткені де, көз алмай там­а­шалағаны да сап­тағы сарбаз­дар­дың кәсіби-әскери өнері бол­ды. Атап айтқанда, Құрлық әскерлері әс­ке­ри бөлімдерінің әскери қызметшілері мен Әуе қорғанысы күштерінің ұшқыш­тар құ­рамы қару-жарақ пен әскери тех­ни­ка­лар­дың мүмкіндіктерін – артиллерия­дан, танкі­ден, армиялық авиация тікұшақ­тары­­нан және заманауи көп функционал­ды Су-30СМ жойғыштарынан атуды көрсетті.

Көкте жылдамдығы дыбыс­тан жоғары ұшақтар заулап, көз алдарында шартты содырларды жойған арнаулы жасақтың шалт қимылы жасөспірімдердің делебесін қоздырғаны байқалды. Жойылған техникалардан шық­қан қара түтінді алғаш көріп, оқ-дәрінің иісі мұрындарына жеткен болашақ сарбаздар ағаларының әрбір сәтті әрекетінен соң дуылдата қол соғып отырды.

Мұнан соң ортаға қазақ батырларын сомдаған алпамсадай жігіттердің ұлттық соғыс өнерін көрсеткен қимылдары да жиынға қатысушыларды тәнті етті.

Осындай қиқулаған көріністер барысында «Айбын» жиынына қатысу­шыларды сөзге тарттық.

Маңғыстау облысындағы Сайын Шапа­ғатов атындағы орта мектептің оқу­шысы Ернар Сейтек «Айбын» әскери-патриоттық жиынына қатысу қатарлас­тарының арманына айналғанын айтады.

– Менің қатарластарым, сыныптастарым «Айбын» әскери-патриоттық жиынына қатысу үшін барын салуда. Біз – Отанымыздың патриотымыз. Ержеткен соң жаңа көз алдымызда өнерін көрсеткен ағаларымыз тәрізді жетістіктерге жетіп, еліміздің қажетіне жарауды армандаймыз. Жиынға қатысып жатқан сай­дың тасын­дай іріктелген оқушылар ара­сын­дағы дода қазірдің өзінде қыза түсті. «Ай­бынға» маңғыстаулық команда жоға­ры дайындықпен келді. Өз басым бел­темірге 25 рет тартылып, 4 мың метр­лік қашықтық­ты 20 минутта жүгіріп өтіп, ко­мандамның жеңіске жетуіне үлес қоса­мын деп ойлаймын, – дейді жас сарбаз.

Ал Жамбыл жоғары политех­никалық колледжінің оқушысы Талшын Бай­туркова да Тараз қаласынан келген коман­даға жүгіру сайысында және автомат­ты қаруды бөлшектеу мен жинау сайысында қолдау көрсетпек.

– «Айбынға» қатысуға ниет білдірген оқушылар арасын­да іріктеу қатаң өтті. Біз – жүз­ден озған жүйрікпіз. Мен бала күнім­н­ен әскери киім киген қыз­мет­шілерге қызыға қарап, олардың темір­дей тәртіп­теріне тәнті бола­тынмын. Міне, сәті түсіп нағыз әскерилердің ортасына тап болдым, – дейді қуанышын жасыра алмаған Талшын.

Қазақстан Президенті, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кадр даярлау және әскери-патриоттық тәрбие аясында «Жас сарбаз» қозғалысына қатысушылар арасында, оның ішінде мамандандырылған физика-математика бейінді мектептерде смарт-сарбаз үйірмелерін құру тапсырмасының алғашқы нәтижелері де жиын барысында белгілі болды. Оның жар­қын дәлелі – «Айбын-2019» жиы­ны­ның аясында өткізілген «Менің роботым» сайысы.

Сонымен қатар болашақ Отан қор­ғаушылар Aibyn talks ин­терак­тивті кездесуіне де қатыс­ты. Кездесу барысында олар әс­­кер түрлерінің бас қолбас­шы­­лары­­мен, спортшылармен және атақ­ты тұлғалармен, оның ішін­де Ресей­де өткен «Голос. Дети» тележо­ба­сының жеңімпазы Ер­жан Максиммен, шахматтан әлем­нің бес дүркін чемпионы Бибісара Асаубаевамен, менталды арифметикадан әлем чемпионы Ілияс Тоқтаханмен, кеудені жерден көтеруден әлем рекордсмені Әмір Махметпен әңгімелесіп, ойларымен бөлісті.

Жалпы, әскери-патриот­тық жас­­тар жиынының бағдар­ла­ма­сын­да әскери-қолданбалы бай­қаулар, атап айтқанда, бел­темірде тартылу, жалпы­әскери қор­ғаныс жиынтығын кию, пневма­тикалық мылтықпен оқ ату, граната лақ­тыру, АК-74 автоматын бөлшек­теу және жинау, қысқа және алыс қа­шықтыққа жүгіру сынды ер­жү­рек­терге тән сайыстар енгізілген.

Жиынға қатысушы жастар мен жасөспірімдер Мемлекет басшысына оқуда, спортта жоғары жетістіктерге жетуге уәде етіп, «Жас сарбаз» кеуде белгі­сін мақ­та­нышпен тағатындарын айтты.

Жиынның қорытындысы ал­дағы сенбі күні шығарылып, жеңім­паздар марапатталады.