Саясат • 20 Маусым, 2019

Қолданбалы ядролық физиканы қолдайтын заң жобасы қаралды

496 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығы­мен палатаның кезекті жалпы отырысы болды.

Қолданбалы ядролық физиканы қолдайтын заң жобасы қаралды

Ядролық зерттеулер әлеуетін арттыру жолы

Отырыста Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропалық ядролық зерттеулер жөніндегі ұйым (Conseil Européen pour la Recherche Nucléaire (CERN) арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасы Энергетика министрі Қанат Бозымбаев таныстырды.

«Қазақстан-2050» Стратегиясындағы ядролық қаруды таратпау режімін ілгерілету саясатының арқасында еліміз осы саланың көшбасшысы болып танылды. Бүгінгі таңда Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатқа пайдалануды белсенді дамытуда. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткеніндей, ядролық қауіп­сіздік саласында маңызды бақылау шара­ла­ры қабылданған кезде халықаралық қоғам­­дастық энергетика және жоғары тех­нологиялардың жаһандық трендтерін назар­дан тыс қалдырмауы тиіс», деді министр. Одан әрі Қазақстанда атом энергетикасын дамыту перспективалы салалардың бірі екенін атап өтті. Ол – Қазақстанның ғылыми және индустриялық дамуының қозғаушы күші болып табылады. «Біз­дің ғылыми-техникалық саладағы адами әлеуетіміз қазіргі уақытта ядролық физика және қолданбалы зерттеулер саласындағы ең маңызды деген мәселелерді шеше алады. Ұлттық ядролық орталық және Ядро­лық физика институты ғылыми меке­ме­лерінде үш зерттеу реакторы және басқа да ядролық қондырғылар жұмыс істеп тұр. Ядролық әлеуетімізді арттыруға күш-жігер салудың арқасында Қазақстан қазір іргелі және қолданбалы ядролық физика, ядролық физика және радиациялық технологиялар бойынша өз бетінше жұмыс атқара алатын елдердің қатарында. Бұл бізге ең жоғары дамыған елдермен тең дәрежеде жұмыс істеуге мүмкіндік береді», деді Қ.Бозымбаев. Министр 2016 жылы Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымымен (CERN) ынтымақтастықты дамыту бойынша жұмыс басталғанын жеткізді. «Жоғары энергиялар физикасы мен бөлшектер физикасы саласындағы табысты зерттеулерді көптеген елдердің ғалымдарымен бірлесіп жүргізудеміз. Қазіргі уақытта CERN-нің кеңес құрамына 23 мемлекет енген. Бұған қоса кейбір елдер мен халықаралық ұйымдар бақылаушы ретінде қатысады. Онда 2400-ге жуық ғалым тұрақты жұмыс істейді. Осымен қатар әлемнің 113 елінің 580 университеті мен институтынан 10 мыңнан астам физиктер мен инженерлер CERN жұмысына қатысады. Сондықтан бұл ұйыммен ынтымақтық біз үшін аса маңызды және оның келешегі зор, деп сөзін аяқтаған министр депутаттарды 2018 жылдың 29 маусымында Женева қаласында қол қойылған ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасын қолдауға шақырды. Бұл заң Қазақстанға «CERN-ге мүше емес қатысушы мемлекет» мәртебесін береді және соның арқасында ғалымдарымызға оның зертханаларында практикадан өтуіне мүмкіндік береді, дей келіп ол бұл қызмет үшін ұйымға ешқандай мүшелік жарна төлеу қажет емес екенін де ескертті.

Сұрақ беру рәсімі басталғанда депутат Ә.Бектұрғанов қазірдің өзінде біздің ғалымдарымыз CERN-де үш докторлық диссертация дайындап жатқанын еске сала келіп, осы ұйыммен ынтымақтастықтың қандай перспективалы бағыттары бар екенін сұрады. Оған министр ұйыммен ынты­мақтастықтың Жол картасы жасал­ғанын айта келіп, бірнеше жобаны атап берді. Бұл эксперименттер Қазақстан үшін өте маңызды, деді ол. Депутат Б.Ха­ме­нованың сұрағы Білім және ғылым ми­нистр­лігінің өкіліне арналды. Заң жобасын қабылдау мемлекеттік бюджеттен қосымша шығындарды талап етпейді деп жазылған түсіндірмеде. Сонымен бір­ге онда жыл сайын қазақстандық 50 ғалым CERN-де тағылымдамадан өтеді делінген. Олардың шығындарын кім қаржы­ландырады деп сұрады депутат. Оған БҒМ министрінің орынбасары Ф.Жақыпова жауап беріп, жобаларды қаржыландыру университеттердің есебінен болатынын айтты. Ал іріктеу критерийлері ғалымдардың жасаған еңбектеріне байланысты болатыны жеткізілді. Заң жобасы бойынша қосымша баяндаманы Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі А.Платонов жасады. Шағын талқылаудан кейін заң жобасы мақұлданды.


Кондоминиумды басқару басқаша болады

Жалпы отырыста кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы екінші оқылымда қаралды. Бұл өте маңызды заң жобасы бойынша баяндаманы Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Сапар Ахметов жасады. Ол заң жобасының мақсаты – «бір үй, бір мүлік иелері бірлестігі, бір шот» қағидаты бойынша тұрғын үй қорын басқарудың жаңа моделін енгізу екенін айтты. Заң жобасы көппәтерлі тұрғын үйлердің кондоминиумын тіркеу тәртібін және жергілікті атқарушы органдардың жергілікті бюджет қаражаты есебінен қолданыстағы көппәтерлі тұрғын үйлерді техникалық зерттеуді, оларды тіркеуді қамтамасыз ету және сәйкестендіру бойынша құжаттарды дайындауға және т.б. мүмкіндік беретіні ескертілді. Құжат 2019 жылғы 10 сәуірде бірінші оқылымда мақұлданды. Жұмыс тобына 577 ұсыныс келіп түсті. Олар мүдделі министрліктер өкілдерінің қатысуымен 41 отырыста қаралды. Сонымен бірге шешен Жамбыл, Алматы, Шымкент, Көкшетау және Петропавл қалаларында бірнеше көшпелі отырыс өткізілгенін айтты.

Отырыстар қорытындысы бойынша депутаттар тарапынан бірнеше түзету енгі­зілген. Соның ішінде кондоминиум нысан­дарының ортақ мүліктерін кү­тіп ұстау, басқару мақсатында шаралар белгі­леу және т.б. болған. Мәжілістің барлық ко­ми­­теттері оң қорытындыларын берген. Мә­жі­ліс Төрағасы Н.Нығматулин заң жобасы бойынша үлкен жұмыстар атқарыл­ға­нын атап өтті. Сонымен бірге Спикер ай­мақ­тарда, комитеттің өзінде бірнеше оты­рыстар өткізілгеніне оң бағасын берді. Қоры­тындысында заң жобасы екінші оқы­лым­да тұтастай мақұлданып, Сенаттың қарауына жіберілді.

Осы күнгі отырыста кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы да екінші оқы­лым­да қаралып, мақұлданды. Заң жобасы­мен жұмыс істеу барысында депутаттар құқықтық олқылықтар мен коллизия­ларды жоюға, мемлекеттік қызмет өткеру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл процестерін оңтайланды­руға бағыт­талған түзетулер енгізді. Атап айт­қанда, бағынысты адамдар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасаған кезде бірінші басшылардың дербес тәртіптік жауап­тылығын арттыру, нормативтік құ­қық­тық актілердің жобаларына сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы ғылыми сараптама институтын қалпына келтіру, шетелде кадрлар даяр­лау жөніндегі республикалық комиссия айқындайтын жоғары оқу орындарында докторантура бағдарламалары бойынша оқуды аяқтаған адамдарды, сондай-ақ халықаралық ұйымдарда кемінде бес жыл жұмыс істеген адамдарды мемлекеттік қызметке конкурс­тан тыс тағайындау мүмкіндігін бекіту және «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қыз­метшілерін атқаратын лауазымдары өзгер­тілген жағдайда қайта тағайындау тәртібін нақтылау сияқты түзетулер енгізілген.

Сонымен қатар отырыста Мәжіліс бір­қатар заң жобасын жұмысқа алды. Олардың қатарында лотереялар және лотерея қызметі, көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және т.б. заң жобалары бар.

Отырыс соңында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы қызметіне та­­ға­­йын­далуына байланысты Анар Жа­йылғанованың депутаттық өкілеттігін мер­­зімі­нен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылданды.