– Гүлжанат Қойбағарқызы, Президент сөзі сізге қандай ой салды?
– Өзіңіз қызмет істейтін еліміздің бас басылымы – «Egemen Qazaqstan» аталған рәсімге орай «Сабақтастық салтанаты» деген бас тақырып қойыпты. Мемлекет басшылары ауысқан кезде бір жағына бұра тартпайтын сабақтастықтың болуы, еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы белгілеп берген сарабдал саясаттың одан әрі жалғасуы тұрақты әрі қауіпсіз дамудың басты кепілі деп санаймын. Бұған дейінгі реформалардың жаңаша бір қырынан байыпталып, тереңдей түсетіні үлкен мерей. Қойған алғашқы сауалыңызға қайтарар жауабым осындай.
– Республика Президенті белгілеп берген басты бағыттар жөнінде не айтар едіңіз?
– Тәуелсіздік жылдарында ел экономикасын алға қарай дамытудың жаңа тұғырнамасы жасалып, жүзеге аса бастады. Мұндай өзгерістер әлеуметтік сала мен блоктың өсіп-өркендеуіне де оң септігін тигізді. Әйтсе де әлеуметтік және рухани тұрғыдан жаңғыру ісінде барлық мәселе шешімін тауып үлгерді деуге, әрине болмайды. Осы орайда еліміздің жаңадан сайланған Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жолбастар сөзінде әлеуметтік салаға, соның ішінде қазақстандықтардың табысы мен тұрмысын одан әрі жақсартуға қатысты нақты байламдар жасағаны көкейге бірден қонды.
Бұдан шығатын басты түйін – алдағы уақытта жаңа жұмыс орындары көбейіп, халықты тиісті жалақымен қамту, сондай-ақ мұғалімдер мен дәрігерлер мәртебесін көтеру жөнінде нақты қадамдар жасалатындығы. Бір сөзбен айтқанда, халықтың көкейінде жүрген мәселелерге Мемлекет басшысы тарапынан айрықша көңіл бөлінетіні қуаныш сезіміне бөледі.
Сондай-ақ бұған дейін Қазақстан қоғамында ұлттық табыстың әділ бөлінуіне қатысты әрқилы пікірлер болғаны рас. Осындай көпшілікті толғандырған мәселеге де айқындық пен жариялылық бергені атап айтуға тұрарлық. Өйткені оның стратегиялық мәні мен маңызы өте жоғары. Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев 10 бағытқа байланысты сөзінде бюджет қаражаттарын үнемді түрде жұмсау, оны ең алдымен пайдасы мен тиімділігі жоғары әлеуметтік серпін бере алатын жобаларға бағыттау керектігін түйіндеп берді.
Қазіргі кезде көпшіліктің көкейінде жүрген басты проблемалардың бірі –экологиялық ахуал екені белгілі. Президенттің бұл мәселеге де баса назар аударғаны ел-жұртқа, олардың денсаулығына деген жанашырлықтан туған шешім екені айқын. Мемлекет басшысы Ақтөбе облысына сапары кезінде де өңір экологиясын жақсарту мен қоршаған ортаны көздің қарашығындай қорғау жөніндегі ой-пікірлерін ортаға тастаған болатын. Ақтөбе – өндірісі мен өнеркәсібі жан-жақты дамыған өңір. Мұндағы кәсіпорындардан шығатын зиянды өндірістік қалдықтарды реттеу мен жою ісінде де өз шешімін күткен мәселелер аз емес. Бұл ретте Президент пікірі істі алға жылжытудың басты тұтқасы бола алатынына ешқандай күмәніміз жоқ.
– Президент атап көрсеткен 10 бағыттың ішінде сізге бір табан жақындау, жаныңызға бірден ұялай кеткен бір-екі бағытты атап көрсете аласыз ба?
– Әрине, елдің ертеңі – жастар. Оларға мемлекет тарапынан қамқорлық пен қолдау туғызылса, бұл сенімді жастар толықтай ақтайтынына сенім мол. Осы орайда Президенттің өз қызметіне ресми түрде кірісу кезінде жастарға қатысты бағдарламалық бағытта айтқан сөзі жанымызды жадыратты. Мен – ең алдымен анамын. Отбасымызда үш бала өсіп келеді. Ал тұтастай елімізде жас толқынның желкілдеп өскен құрақтай үлкен легі егемен еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуды мақсат етсе, Президент атап көрсеткендей, еліміздің болашағы да жарқын.
Біздің жастарымыз мақсаткер, еңбексүйгіш, креативті, сондықтан Қазақстанның болашағы сенімді қолда деп ой түйеді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Екіншіден, 10 бағыттың ішінде қазақстандықтарды қолжетімді баспанамен қамту жөніндегі мәселенің де орны бөлек екені хақ. Сондай-ақ бұған дейін республиканың Тұңғыш Президенті – Елбасы бастап берген бағыттар одан әрі жалғасатыны мені жылы сезімге бөледі.
– Әңгімеңізге рахмет.
АҚТӨБЕ