Қоғам • 20 Маусым, 2019

Білім министрі талапкерлерге сәттілік тіледі

391 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның барлық аймақтарында Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. ҰБТ-ның бірінші күнінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі тестілеу орталығына келіп, сәттілік тіледі. Министр емтихан болатын дәрісханалармен танысып, емтихан материалдарын ашуға қатысты.

Білім министрі  талапкерлерге  сәттілік тіледі

ҰБТ-ның алғашқы күнінде 13 мың бала тест тапсырып жатыр. Жалпы  тестілеуді өткізу 9 күнге жоспарланған. ҰБТ-ны барлығы 117 242 түлек тапсырады. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы осы университке 600 бала келіп отыр.  Олар арнайы 10 аудиторияға бөлінген.

«Ұлттық бірыңғай тест тапсырудың өз ережесі бар. Сол ережеге сәйкес комиссияларымыз жұмыс істейді. Әрине келеңсіз жағдайларды болдырмай, олардың алдын алуымыз керек. Мәселен, телефон, басқа нәрселер алып кірсе, онда оған тыйым салып, тоқтатуымыз керек. Бірақ бұл психологиялық ахуалды өзгертпеуі тиіс. Сондай тапсырма беріп отырмыз», деді   Асхат Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, барлық түлектердің тестілеу кезінде өздерін еркін ұстау үшін толық мүмкіндіктерді жасалған. Барлық тәртіптер Министрлік пен Мемлекеттік комиссия бақылауына алынған. Тестілеу ашық, әділ және объективті түрде өткізілетіндігін, психологиялық тұрғыдан дайын екендігін айтты. Тест сұрақтарын жаттандылықтан арылу үшін отыз пайызға жаңартылғанын мәлімдеді. Ата-аналарға сабыр сақтап, балаларына сену керектігін жеткізді. Айта кетейік, ата-аналарға арнайы видеозаллда 10 монитор орнатылған. Онда олар еркін отырып, тестілеу барысын бақылай алады.  

Сандуғаш МАРАЛБАЙ,


ЕҰУ Журналистика факультеті студенті