Руханият • 20 Маусым, 2019

«Диқан қазынасы» атты агросалалық фольклорлық жинақ шықты

970 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы министрлігінің брифинг залында «Диқан қазынасы» атты қазақ халқының диқандық-егіншілік, бағбандық дүниетанымына негізделген тұңғыш агросалалық фольклорлық жинағының тұсаукесер рәсімі болып өтті.

«Диқан қазынасы» атты агросалалық фольклорлық жинақ шықты

Аталған жинақты А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы шығарап отыр. Оны құрастырып, алғы сөзін жазған, баспаға әзірлеген әлеуметтік кәсіпкер, мәдениеттанушы-лингвист Абылайхан Қалназаров.

Шараға құрастырушы-автормен қатар, А.И.Бараев атындағы АШҒӨО бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, академик Кенже Абдуллаев пен осы орталықтың қоғаммен байланыс жетекшісі Зейін Әліпбек қатысып, сөз сөйледі.

Еңбектің басты ерекшілігі – халық арасында ғасырлар бойы айтылып, ұлттық менталитетіміздің қабырғасын құрап тұрған ауылшаруашылық сипатты салалық аңыз-әңгімелер мен әфсана-қиссалардың енгізілуі. Сондай-ақ, мақал-мәтелдер мен жұмбақтардың кәсіптік сұрыпталуы.

 «Талапты азаматтың ұсынысын қабылдап, осы еңбектің шығуына қолдау білдірудегі мақсатымыз – халқымыздың шаруашылық жүргізу мен табиғатты аялауға қатысты танымдық көзқарастарын паш ету. Сондай-ақ, дәнді дақылдар, жеміс-жидектер мен ағаштардың адамның күнделікті өмірінде айрықша маңызға ие екендігін төл әдеби мұрамыз арқылы айқындап, қоғамның агрономиялық қана емес, экософиялық тәлім-тәрбиесіне септігімізді тигізуді көздедік», - деді Кенже Абдуллаев.

Академиктің айтуынша, бұл тұрғыда кітаптағы құнды дүниетанымның, аталы сөздер мен тәмсілдердің, аңыздар мен жұмбақтардың мәні зор. Олар ізденушілерді табиғаттың, жер-судың қадірін білуге, оның сан түрлі сырларын көкірекке түюге жол ашады.

 «Әдетте «ежелгі классикалық қазақтар», «ертедегі Қазақстан аумағы» десек, өзіміз де, өзгелер де, көз алдымызға мыңғыртып мал айдаған көшпенділерді ғана елестетеміз. Осынау қасаңдықтың тамырлап, қоғамдық санаға бекігені сонша, әлем жұртшылығы да бізге әлі күнге біржақты – «номадтар елі» ретінде қарайды. Яғни, өзімізді көшіп-қонып тіршілік еткен, негізгі шаруасы – бір мал шаруашылығы болған халық ретінде тұғырлау арқылы отырықшы егіншілік-бағбандық мәдениетіміз назардан тыс қалып жүр. Бұл ретте, халқымыздың жер баптап, ағаш егіп, егін салуға қатысты мыңжылдық мұраларын жарыққа шығарып, жаппай насихаттау өте өзекті», - деп атап өтті Абылайхан Қалназаров.

«Ауылшаруашылық өндірушілерінің ілкі шаруашылық дүниетаным қабаты мен ғасырлар бойғы өндірістік тәжірибесі көрініс тапқан еңбекті жариялаудың маңызы зор. Еліміздегі кітап өндірісінде дәл осылай кәсіптік топтау үдерісі алғаш рет жүзеге асырылып отыр», - деп түйіндеді Зейін Әліпбек.

 Айта кетейік, топтамаға егіншілік-бағбандық мәдениетіне қатысты тақырыптық фольклорлық материалдар енгізілген. Мұнда егіншілік, диқан ұғымдары тар мағынада емес, кең ауқымда қарастырылған. Сондықтан да, алпысқа жуық аңыз-әпсана ертегі-қиссадан құралған «мифтік» – бірінші тарауда да, кейінгі бес мың қаралы мақал-мәтелдік, жұмбақтық тарауларда да – егіншілік пен дәнді дақылдар, бақша өсімдіктері, жеміс-жидектер мен көкөністер, емдік шөптер тақырыптары кеңінен қамтылған.

Кітап ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлері мен сала мамандарына, мектеп оқушыларына, мұғалімдерге, студенттер мен магистранттарға, сондай-ақ қайталанбас төл фольклор, ілкі сөздер мен мифтерге қызығушылық танытатын оқырман қауымға арналған.