Руханият • 21 Маусым, 2019

Сен маған жолыңды көрсет...

755 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біреулер Гогольге, енді біреулер Салтыков-Щедринге теліп жүрген: «Ресейдің екі қайғысы бар: Ақымақтар мен жолдар» деген ел аузында жүрген сөзі есіме түсіп отыр. Шындығында, көктем мен күзде ми батпағы езіліп, жазда шұрқ-тесік болып жататын жолдар біздің халықтың да бас ауруларының бірі деуге болады.

Сен маған жолыңды көрсет...

Жалпы, адамзат баласы көшуді, жүк тасымалдауды үйренгеннен бері қолданып келе жатқан көліктің негізгі бес түрі бар. Ол су көлігі, темір жол көлігі, автокөлік, әуе көлігі және құбыр жолы. Қай-қайсысы да белгілі бір компания, ел, тіпті құрлықтың экономикасының күретамыры деуге болады. 

Біз сияқты территориясының көлемі бо­йынша әлемде тоғызыншы орын алатын, мұхитқа шығатын жолы жоқ, әуе кеңістігінде бірді-екілі компанияның монополиясы орнаған мемлекетте әсіресе құрлықтағы көліктердің ерекше әлеуметтік-экономикалық маңызы бар екені түсінікті. Алайда, автокөлік жолдарының сапасы сын көтермейтіні де рас. Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде жол мәселесін тілге тиек еткені тегін емес. Президент бұл туралы:

– Тағы бір маңызды, халықты мазалайтын мәселе – жолдардың сапасы. Сол себепті автожолдардың жағдайын жақсарту – біздің негізгі мақсаттарымыздың бірі, – деген болатын. 

Қазақстанда түрлі елді мекендердің арасын жалғайтын, адам тасуға және жүк тасуға арналған автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 96 мың шақырымнан асады екен. 5 бірдей халықаралық магистральдың ұзындығы 23 мың шақырымнан асады. 9 мың шақырымға жуықтайтын Батыс Еуропа – Батыс Қытай автобанының Қазақстан арқылы өтетін тұсы 2800 шақырымға жуықтайды. Осы 100 мың шақырымға тарта жолдың біразы қайта жөндеуді қажет етеді. Былтыр Дүниежүзілік экономикалық форумның баяндамасында біздің елдегі жолдардың жай-күйін қаншалықты аянышты күйде екенін көрсететін бір дерек жарияланды. Қазақстан 138 елдің ішінде 108-орын алыпты. Африкадағы Зимбабвенің өзі бізден 7 саты жоғары – 101-орынға жайғасыпты.

Күні кеше ғана Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр «Нұр-Сұлтан – Павлодар» автожолының Шідерті кентінің тұсындағы теліміне барып, жөндеу жұмыстарын тез бітіріңдер деп тапсырма беріпті. Бұл туралы сол өңірдегі тілшімізден естіп-білдік. Ал бұл жол 2017 жылы жөнделіп бітуге тиіс еді. 

Автокөлік жолы – елдің әлеу­мет­тік-эконо­микалық ахуалының айнасы саналады. Дамыған елдерде бұл проблема толық шешілген. Мәселен, Шотландияда пайда­ла­нылған плас­тиктерді битумның орнына асфальт­қа қоса­тын тәсіл ойлап табылыпты. Бі­ріншіден – қолданылған пластиктерден құтылады, екіншіден – жолдың сапасы жақ­са­ра­ды, үшіншіден – үнемді. Үш жеп биге шығу деуге болатын шығар. Голландия, Франция сынды елдер де көргенін істеп, Шотландияның тәжірибесін үйреніп жатқан көрінеді. 

Территориясы бізден де үлкен АҚШ прези­денттері экономикалық дағдарыстарды жеңу­дің бірден-бір жолы ретінде құрлықты кес-кестеп автокөлік жолдарын, темір жол салған көрінеді. Қазір жұмыр жердегі бар­лық автожолдардың 10 пайызы, яғни, 6 миллион 586 мың шақырымнан астамы осы алып елдің аумағында. Жо­ға­ры жылдамдықпен жүйткуге болатын, ауыр жүк тасымалданатын кең жолақты автобандардың ұзындығы бойынша да бұл ел әлемде бірінші орында тұр. Әлемнің бі­рінші экономикасы автокөлік жолы бойынша да әлемде бірінші орында болуы бір жағынан заңдылық та шығар. 

Америка демекші, бұл елдегі «Штатара­лық және қорғаныс автомагистральдар жүйесі» елдің 34-ші президенті Дуайт Эйзен­хауердің есімімен аталады. Неге дерсіз? Себебі Эйзенхауер 1956 жылы осы автома­гистральдар жүйесінің құрылысын бас­тауға мұрындық болған. Кейін осы штатаралық автобандар желісі Эйзенхауердің ең басты экономикалық жетістіктерінің бірі ретінде мойындалды. Ол АҚШ-тың экономикалық держава, индустриялық ұлт ретінде қалыптасуына ең зор ықпал еткен жобалардың бірі саналады. 

Біздің елде де 2015 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы басталып, таяуда оны 2025 жылға дейін ұзарту туралы шешім қабылданғаны белгілі. Осы бағдарламаның аясында бұған дейін 8 мың шақырымнан астам асфальт жол салыныпты. Жөнделген әуежай, тартылған теміржолдар да біршама. Біздің «Нұрлы жол» да АҚШ-тың автомагистральдар желісі сияқты экономикалық қозғаушы күш болатын шығар деген үміт бар.