Экономика • 21 Маусым, 2019

Ауылда жұмыс көп, уақыт жоқ – дейді шаруа қожалығының басшысы Жанат Әбелдинев

782 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кей-кейде ауыл десе көз алдыңа екі қолын алдына сыйғыза алмай, аңтарылып отырған адамдардың елестейтіні бар. Дәл қазір бұл қате ұғым. Мемлекеттің қолдауына ие болып, төрт түлік мал өсіріп отырғандардың қатары күн са­нап көбейіп келеді. Уақытпен санаспай адал еңбек ететін олардың қам-қарекеті өзгеге үлгі.

Ауылда жұмыс көп, уақыт жоқ – дейді шаруа қожалығының басшысы Жанат Әбелдинев

Жанат Сатыпалдыұлына төрт түліктің қайсысы болсын таңсық емес. Көзін ашқалы көріп келе жатқан тіршілігі. Әуелі көңілі қой бағуға ауған. Арыдағы мал жайын жақсы білетін аталардың «мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп өсиет етуі тегін емес қой. Бұл өңір нағыз мыңғыртып мал бағатын жер. Сонау көз ұшынан мұнартып көрінетін Мақпал тауынан бері құлайтын қайың шоқтарының арасындағы атшаптырым алқаптар көк шалғынға тұнып тұр. Нағыз «жетек шаншысаң, арба өседі» дейтін-ақ жер. Ауыл маңындағы қыратқа ежелден егін егілген емес. Құмды, тастақ жер болса да құнарлы.

Еншісіне тиген азын-аулақ қойды өз төлінен өсірді. Басын екі жүзге жеткізді. Сөйтіп жүріп бір ойдың келгені. Жергілікті қой тұқымы бала кезінде көргеніндей емес, азып барады. Тұқымын жаңартып, жақсартпай болмайды. Осы бір ойға бекінген соң отарға гиссар тұқымды қошқар қосқан. Содан мал сапасы жақсарып жүре берді. Мәселен, ақпанда туған қозылар маусым айына дейін айналдырған үш-төрт айдың ішінде марқайып өсіп, тәп-тәуір қоң жинап қалады. Тоқты кезінің өзінде 25-30 келі таза ет береді. Ет өткізуде ешқандай қиындық жоқ. Іргедегі Макинск қаласына шауып барып, екі-үш қойдан өткізіп келеді. Сөйтіп жүріп, қоңыр күзге дейін тоқтыларын сатып үлгереді. Ондағы ойы қыста жемшөпті үнемдеу. Ал тоқтысы қозыдай ғана болатын жергілікті тұқымнан мұнша ет ала алмас едіңіз.

– Жемшөпті өзіміз дайындап аламыз, – дейді шаруа қожалығының басшысы Жанат Сатыпалдыұлы. Жоңышқаны төлге, қурай аралас бедені ірі малға бөлек-бөлек үйіп қоямыз. Негізі қой малын семірту қиын. Әсіресе қыста байласаң, шы­ғы­ны шаш-етектен. Сондықтан әзірге жаз ортасына дейін сатып үлгерген дұрыс па деймін. Мемлекет қазір үлкен қамқорлық көрсетіп отыр. Ерінбеген адамға еңбек ету үшін барлық жағдай тудырылған. Былтыр 6 пайыз өсіммен екі жарым миллион теңге несие алып, жеті бас бие сатып алдым. Алғашқы жылы несиені өтеуге «каникул» беріледі. Бұл мал баққан адам үшін өте қолайлы. Бірер жылдың ішінде төлің өсіп-жетілсе, несиеден түгел құтылуға мүмкіндік бар. Биыл бие байладық, оның да тәп-тәуір табысы бар.

Шаруа қожалығында қой мен жыл­қыға қоса, қара мал да бар екен. Мемлекеттің қолдауымен, өз еңбе­гімен тырбанып тіршілік етіп, әжептәуір мал басын құрап отыр. Тол­ғауы тоқсан тіршілік жайлы сыр сабақтап отырып, Жанат Сатыпалдыұлының қолөнер шебері екенін білдік. Ер-тоқым, астау, күбі шабады екен. Негізі қолына тәуір ағаш тисе, қажетті бұйымның кез келгенін істей алады. Қазір ауылдық жерде осы тұрмыстық бұйымдардың қасқалдақтың қанындай тапшы болып кеткені белгілі. Бұл бұйымдарға қоса, бағзы заманның зергерлері тәрізді күмістен білезік, жүзік соғады. Шоқ жұлдыздай шағын ауылдағы он саусағынан өнер тамған шебер жігітті сауалдың астына алдық.

– Атадан жұққан қасиет, нағашы­ларымда да болса керек, – дейді шебердің өзі. Алғаш ер-тоқымнан бас­тадым. Бес бөліктен тұратын құрама ер шаптым. Негізі сұранысқа қарай жұмыс істеймін. Алушы адам қандай түрін қажет етсе, дәл сондай қылып шауып бере аламын.

Майдан қыл суырғандай етіп шеберлік сырын сұрағанбыз. Істің адамы сөзге сараң болады ғой. Табиғаты тамылжыған Сәуле ауылының маңы ит тұмсығы өтпейтін орман. Шеберге керек ағаш сол орманнан табылады. Әрине бақылаусыз емес, шебер өзіне қажеттісін жаздырып, ақшасын төлеп алады екен. Онда да таңдап, толғау керек. Мәселен, сулы жердің ағашы тез жарылып кетпек. Қыста ағаш тоқтаған кезде дайындаған ләзім. Қайың ағашы ғана жарамды, онда да бұтақсыз, атқан оқтай түзу, сау қайың. Ал, зергерлікті кейін қолға алса керек.

– Ауылға Макинскіден Талғат есімді бір шебер келді. Бағзы заман­да­ғы әжелерімізден қалған күміс қаптырмалардан жиегіне өрнек салып, әп-әдемі жүзік соқты. Әлгі шебердің қасында бір күн отырып көрдім. Сосын өзім де күміс жүзік, білезік соға бастадым, – дейді Жанат Сатыпалдыұлы.

Бір көргеннен бар қыр-сырын бо­йына құйып алуына қарағанда, табиғи бейімнің бітімі-ау деген ой келді бізге. Сүт пісірімдей уақыт сұхбат құрған соң қайта-қайта сағатына қарағыштай берді. Асығыс-ау деп ойладық біз де. Шаруасынан қалдыруға батпадық. Қайыр-хош айтысқанда кешірім сұраған.

– Кез келген іс қолдан келеді, –деді ол, – бізде жоғы уақыт қана.

Ал біз ауылдағы өмірді мимырт тірлік дейміз ғой.


Біржан сал ауданы,

Ақмола облысы