Саясат • 21 Маусым, 2019

Ұлттық комиссияның отырысы өтті

310 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың төраға­лығымен Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демо­графиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті.

Ұлттық комиссияның отырысы өтті

Отырысты ашқан Ұлттық комиссия­ның төрайымы Г.Н.Әбдіқалықова Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қыз­метіне ресми кірісу салтанатты рәсі­мін­де қойған міндеттемелерге баса назар аударды. 

Алқалы жиында Президент белгілеген 10 маңызды бағыттардың қатарына кіретін – жастарды жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу, «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасы аясында отбасылық құнды­лық­тарды ілгерілету мәселелері қаралды. Бүгінгі таңда еліміздегі 14-тен 28 жасқа дейінгі жастардың жалпы саны 3,9 мил­лионнан асады. Жастарды жұмыспен қамту мақсатында «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға!», «Серпін», «Жастар практикасы» бағдарламалары жүзеге асырылуда. 

Осы басқосуда айтылғандай, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіп­кер­лікті дамыту бағдарламасының аясында 2018 жылы 253 мыңнан астам жас азаматты жұмысқа тұрғызуға мүмкіндік жасалғанын атап өту керек, бұл осы бағдарламаға қатысушылардың жалпы санының 37%-ын құрайды. Сол сияқты«Бастау-бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздері бойынша 8,5 мың жас оқытылып, олардың 2 мыңнан астамы шағын несие алды. Кәсібі бойынша алғашқы тәжірибе алу үшін 28,4 мыңнан астам адам жастар практикасына жіберілді. Әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға жастар арасынан 34,8 мың адам тартылды. Жастарды қолдау бойынша «Жастар – ел тірегі» ұлттық жобасы басталды, онымен 1 млн жас үш жыл ішінде қамтылмақ. 

Тұңғыш Президент – Елбасы Н.На­­зар­­баевтың тапсырмасы бо­йын­­ша қа­был­данған «Рухани жаң­ғыру» бағ­дар­ламасы және «Ұлы дала­ның жеті қыры» басымдықтары рухани-адамгершілік құн­дылықтарды қайта жаңғыртуға бағыт­талған. Осы бағыттағы жұмыстарды жүзе­ге асыру үшін үкіметтік емес ұйым­дарға мем­лекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында биыл 607 миллион теңге бөлініп, 167 әлеу­меттік маңызы бар жоба қолға алынуы тиіс.

Жастар тәрбиесіне қатысты атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Мәселен, жазғы каникул кезінде оқушылардың рес­пуб­­ликалық музейлерге, табиғат қорығы-музейлеріне және театрларға тегін кіру прак­тикасы енгізілді. Балалар мен жастар­ды шығармашылық және креативті жобаларға белсенді тарту үшін өңірлерде 208 коворкинг-орталық құрылған, олардың көбі Алматы қаласында, Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарында орналасқан.

Отырыста сонымен қатар Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі от­ба­сылық және гендерлік саясат тұжы­рым­дамасын іске асыру бойынша 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының Маңғыстау облысында орындалу барысы қаралды. Тұрғындардың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында өңірде іске асырылып отырған «Бизнес 3 күнде» жобасының оң тәжірибесі аталды. Бұл жобаны қолға алу­дағы басты міндет – аз кірістері бар отб­асыларға өз ісін ашуға көмек көрсету. Биыл­ғы наурыздан бастап жобаға 120-дан ас­там адам қатысуда. Осы қатарда 37 көп ба­лалы отбасы, көп балалы жалғызбасты 2 әке, 7 жалғызбасты ана және мүгедектігі бар адам­дарға күтім жасайтын 13 адам өз биз­не­сін ашты. Нәтижесінде 37 тігін цехы, 11 қол­өнер және 4 тоқыма шеберханасы, 21 тағам өндіретін нысан, 25 кондитерлік, 12 сүт тағам­дары мен сусындар өндіретін мини цех, 2 қызмет көрсететін бизнес ашылды. 

Отырыс соңында Премьер-Министрдің орынбасары, Ұлттық комиссия төрайымы Г.Н.Әбдіқалықова мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.