Он екі баланың обалы кімге?..
Сенбі, 26 қаңтар 2013 7:40
«деп, редакцияға жолдаған 12 ата-ананың арызын тексеру барысында бұл мәселеде екі тараптың да кінәсіз емес екендігін аңғарту мақсатында оқырмандарды аталған арыздың мәтінімен таныстыруды жөн көрдік. Онда: «…Біздің балалар 2008 жылдан бастап Алматы қаласы, Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын орта мектепте білім алды.
Сенбі, 26 қаңтар 2013 7:40
«деп, редакцияға жолдаған 12 ата-ананың арызын тексеру барысында бұл мәселеде екі тараптың да кінәсіз емес екендігін аңғарту мақсатында оқырмандарды аталған арыздың мәтінімен таныстыруды жөн көрдік. Онда: «…Біздің балалар 2008 жылдан бастап Алматы қаласы, Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын орта мектепте білім алды. 2001 жылы желтоқсан айында балаларымызға Грекиядағы Родос аралында өтетін олимпиадаға қатысасыңдар дегенді сынып жетекшілері айтқан. Содан бастап балаларымыз әрқайсысы өздері таңдаған пән бойынша ғылыми жобаларға дайындалды. Ал бізге – ата-аналарға балаларымыздың төлқұжаттарын дайындау тапсырылды. 2012 жылы наурыз айында банктен жеке есеп-шот ашып, 500 еуро салдық, сәуір айында шетелге виза ашуға, авиабилет алуға 1160 евро, 70 мың теңге, 2000 долларды аталған мектеп директорының орынбасары Роза Сексенова сұратты. Бердік. Роза Сексенованың тікелей араласуымен өз мерзімінде мектеп оқушыларының шетелдегі олимпиадаға барып бақтарын сынап келу мақсатында виза да, авиабилет те дайын болды. Бірақ бұл олимпиадаға балаларды мектеп директорының орынбасары Роза Сексенова емес, сынып жетекшісі Ләззат Назханова апарып, алып келетін болды. Біз ата-аналар алдында Роза Сексенованың атына ел заңнамасына сәйкес нотариуспен бекітіп, дайындаған сенім хатымызды енді Ләззат Назханованың атына өзгертіп, қайта дайындап бердік. Сөйтіп, қажетті құжаттарды толық дайындап, авиабилетті алып қойғанан кейін, яғни балаларымыз олимпиадаға бармай тұрғанда сынып жетекшісі «Грекиядағы олимпиадаға балаларды апаруға мектеп директоры рұқсат бермей отыр» деген сөзді шығарды. Бірақ, біз ата-аналар, өзара ақылдаса отырып, өз еркімізбен тәуекелге бел буып, балаларымызды сынып жетекшісі Ләззат Назхановамен бірге олимпиадаға жібердік. Сонымен, балаларымыз 2012 жылы 6-14 мамыр аралығында Грекиядағы Родос аралында болған «Мәдениет.Балалар.Интеллект» тақырыбындағы халықаралық олимпиадаға қатысып, I, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталды. Біздің қуанышымыз еселене түскендей болды. Өйткені, бұл ғылыми жобада орын алғандар ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылады деп мұғалімдер айтқан болатын. 2012 жылғы 2 маусым күні кешкі сағат 18:00 де сынып жетекшілері ата-аналарды мектепке шақырып, бізге Мектепке дейінгі және орта білім департаментінен келген хатты көрсетті. Онда 6-14 мамыр аралығында өткен халықаралық жарысқа қатысқан балаларға мемлекеттік грант берілмейтіні және олар ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылмайтыны жазылған екен. Біз, ата-аналар, 2011 жылдың 7 желтоқсанында шыққан Білім және ғылым министрінің №514 бұйрығын ресми түрде сол кезде естіп, көрдік. Бұрын бізді бұл бұйрықпен ешкім, тіпті мектеп директоры да таныстырған жоқ. Роза Сексенова осы бұйрықты білді ме, білсе, дер кезінде бізге неге айтпады? 2 маусым күні кешкі сағат 18:00-де ҰБТ-ға қатысады дегенді естіген балаларымыз психологиялық күйзеліспен, дайындықсыз тестке қатысып, нәтижесінде 12 бала төмен балл алып шықты.
Осы мәселе бойынша Білім және ғылым министрлігі бақылау комитетінен, Алматы қаласы Медеу ауданының прокуратурасынан келген комиссияларға мектеп директорының орынбасары «мен араласқан жоқпын» деп, өзін ақтап отыр. Алайда, жолға ақша жинауды, авиакассадан билет алуды, виза аштыруды Роза Сексенова ұйымдастырды. Оны дәлелдейтін тірі куәгер – ата-аналар және нотариустан алған сенімхат қолымызда бар. Жіберген кемшіліктері үшін Роза Сексеноваға ешқандай шара қолданбады. Қазақстан Республикасының атынан халықаралық олимпиадаға қатысып, жүлделі орын алып келуіне байланысты 12 баламыздың еңбегін, білімділігін бағалап, келер жылға мемлекеттік оқу грантын бөлуін сұраймыз», депті хат иелері.
Ал он екі баланың ата-аналарының атынан жан-жаққа хат жазып, ашпаған есігі қалмаған Алматы облысы, Панфилов ауданынының тұрғыны Мұхтар Ақынов редакцияға шағым хат жазу мақсатын былай түсіндіреді: «Мен ата-аналардың жанайқайын Білім және ғылым министрлігіне, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясына, Алматы қаласы, Медеу ауданының прокуратурасына, одан әрі Бас прокуратураға да жеткіздім. Айтылған жердің бәрінен де комиссия келіп, тексерген. Олардың бәрінің жауабы менде бар. Бірақ, біз, ата-аналар, бұл жауаптарға қанағаттанғанымыз жоқ. Енді ел газеті «Егеменге» арыз жазып отырмыз. Тағы бір айтарым – Роза Сексенова сұратқан қаражатты дер кезінде толығымен балам арқылы беріп отырдым» деген соң, оның бүгінде Жетісу мемлекеттік университеті заң факультетінде оқитын ұлына жолыққанымызда: «Мен, Заңғар Ақынов, өзім білім алған Алматы қаласы, Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын орта мектеп директорының орынбасары Роза Сексеноваға Грекияда өткен халықаралық олимпиадаға бізді апарып, қайта алып келу қажеттілігі үшін сұраған ақшаны өз қолыммен бердім. Тек соңғы рет берген 1000 (бір мың) АҚШ долларын қайтып алып, әкем Мұхтар Ақыновқа бергенім рас. ҰБТ -дан 81 балл алдым», деді.
Біз телефон арқылы хабарласқан тағы бір ата-ана Алматы облысы, Жамбыл ауданының тұрғыны, яғни арызда қол қойған Бақытжан Дорденовтің зайыбы Гүлнәр Баймолдаева диктофонға жазылған сөзінде: «Олимпиадаға балаларымыз барардың алдында сынып жетекшісі «мектеп директоры рұқсат бермей отыр» деп айтқаны рас. Бірақ дәл сол кезде Білім және ғылым министрінің мына бұйрығына сәйкес, бұл олимпиадаға қатысқандар бірыңғай ұлттық тестілеуден босатылмайды, ақшаларың, визаларың міне деп бізден алғанын ешкім қайтарып берген жоқ. Негізі, визаны мектеп директорының орынбасары Роза Сексенова Астана қаласына өзі барып, жасатып әкелгені ақиқат», деді. Ал Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны Айгүл Есқараева: «Арызда көрсетілген ақшаны толығымен қызым арқылы мектеп басшылығына бердім. Оқушылар олимпиадаға жүрердің алдында сынып жетекшісінің «мектеп директоры рұқсат бермей отыр» деген сөз шығарғаны рас. Бірақ мектеп директоры да, орынбасары да, министрліктің бұйрығын айтып, көрсеткен жоқ. Қажетті құжаттың барлығын Роза Сексенова жасатты. Біз тек сұраған ақшасын жинап бердік. Сондықтан ауызекі айтылған сөзді мектеп басшылығы арасындағы өзара келіспеушіліктен айтылған шығар деп қабылдап, пәлендей назар аударғанымыз жоқ. Грекиядан қызым жүлделі орын алып келгенімен, мемлекеттік грантқа ілінбейтінін соңғы күні естіп, түнімен абыржып, жылап, ертесінде ҰБТ-ға қатысып, 67 балл алып шықты. Қазір медицина колледжінде оқып жүр ғой, әйтеуір», деді.
Осы арыздағы айтылғандардың анық-қанығын тексеру мақсатында аты аталған мектепке атбасын бұрып, мектеп директорының орынбасары Роза Сексеноваға жолыққанымызда:
– Ата-аналардың атынан жазылып отырған бұл арызда маған қатысты айтылғандардың бәрі жабылған жала, – деді. – Мен үш бала асырап отырған анамын, солардың атынан ант етейін, ешқандай ата-анадан ақша жинаған жоқпын. Менің басты мақсатым – оқушыларға жақсы тәрбие, сапалы білім беру ғана. Ал олардың жазғанындай, Грекияға олимпиадаға барғаны, бұл олимпиаданың құқықтық негізі жоқтығы туралы әңгімелерге менің қатысым жоқ, – деді ол.
Әлбетте, біздің Роза Сексенова ханымның айтқандарына сенбеуге құқымыз жоқ. Дегенмен, осы бір мәселеде кейбір қитұрқылықтың бар екені байқалады. Оның сыры мынада.
Бас прокуратураның ата-аналар арыздарына қайтарған жауап хатында Білім және ғылым министрлігінің құзыреті жайында айтыла келіп, «жоғарыда көрсетілгендердің негізінде прокурорлық шара қолдануға негіздер жоқ» деп жазылса, Алматы қаласы, Медеу ауданының прокуроры М. Басшыбаевтың Абай атындағы республикалық мамандандырылған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын дарынды балаларға арналған орта мектеп-интернат директоры М. Ибраимовқа жолдаған заң бұзушылықты жою туралы ұсынысында «… заң талаптарын бұза отырып, мектеп-интернат басшылығы аталған түлектерге және олардың ата-аналарына 2012 жылы Грекия мемлекетіндегі Родос аралында болған республикалық, халықаралық конкурстардың және спорттық жарыстардың тізіміне енгізілмегені туралы өз уақытында хабарламаған.Осының салдарынан аталған мектеп-интернаттың түлектерінің және ата-аналарының «Білім туралы» Заңның 49-бабында көрсетілген құқықтары бұзылған. Сөйтіп, жоғарыда көрсетілген заң бұзушылықтар мектеп-интернат жұмысшыларының өзіне тиісті міндеттерін нақты деңгейде атқармағанынан және басшылық тарапынан тиісті бақылау болмағанынан туындаған» деп нақтылаған. Дәл осы ұсынысқа орай мектеп директоры М.Ибраимов бұйрық шығарып, «2012 жылы мамыр айының 6-14 аралығында Грекияның Родос аралында өткен халықаралық «Мәдениет. Балалар. Интеллект» атты фестивальға балаларды, директордың бұйрығынсыз, жасырын түрде апарғаны үшін бір емес, бірнеше мұғалімге қатаң сөгіс және ескерту берген.
Ал Білім және ғылым министрінің орынбасары М.Орынхановтың он екі ата-ананың хатына берген жауабында: «2012 жылғы 6-14 мамырда Грекияда (Родос) өткен халықаралық олимпиада министрліктің 2011 жылғы 7 желтоқсандағы №514 бұйрығымен бекітілген жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар, орындаушылардың республикалық, халықаралық конкурстарының және спорттық жарыстардың тізбесіне енгізілмеген» делінген.
Демек, бұл мәселеде негізгі кінә мектеп басшылығы тарапынан болған сияқты. Олай дейтініміз, Грекияда өтетін халықаралық олимпиада министрліктің тізбесінен 2011 жылғы 7 желтоқсандағы №514 бұйрығымен алынып тасталып және ол ҰБТ тапсырудан жарты жыл бұрын күшіне енген болса, неге сол бұйрық мектептегі арнаулы тақтаға, яғни көрнекі орынға ілінбеген? Басқасын айтпағанда, осы мектеп директоры түрлі халықаралық олимпиадалардың өзге жүлдегерлерімен, жеңімпаздарымен бірге түскен фотосуретіне орын тапқанда, балалар тағдырына қатысты министр бұйрығын дер кезінде ілуге мүмкіндік болмады ма? Грекия әуре-сарсаңсыз барып келетін жақын жер емес, сонау ит арқасы қияндағы Грекияға бару үшін қанша құжат толтырып, қанша адам әлекке түседі, қанша қаржы жұмсалды, сонда мектеп басшылығы қайда қарап отырған? Мамыр айында орта мектептерде оқу үдерісі жалғасатын кез, сонда сабаққа келмеген он екі баланы ешкім іздеп, жоқтамағаны ма? Егер оқушылар қалаған жағына кете берсе, мұның қандай мектеп болғаны? Осы сұрақтардың бәріне бірінші рет бізбен кездескенде мектеп басшылығы «бұл балалар Грекияға біздің рұқсатымызсыз кеткен» деген шығарыпсалма жауабын екінші рет кездескенде де қайталай айтты. Сонда қалай? Бір мектепте екі директор бола ма?! Оқушыларды шетелге апарып, алып келуге қажетті визаға қолды кім қойып, мөрді кім басты? Мұны мектеп басшылығының немқұрайлығы дейміз бе немесе білмегендігінен дейміз бе, он екі балаға қатысты осы бір мәселеде олардың кінәсі белгілі.
Ал ата-аналардың жер-жерге хат жазып, талай жұрттың құлағын шулатуы өздерінше дұрыс дегенмен, балаларының ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, білімдерін көрсете алмауы өздерінен деуге де болады. Ата-аналардың арызында жазылғандай, «Балаларымыз бірыңғай ұлттық тестілеуге аяқ-астынан қатысатынын білгеннен кейін, психологиялық күйзелістен дайындықсыз болып қалды да, мемлекеттік грантқа іліне алмады» деген уәж орынды ма? Осы он екі баланың мектепішілік алдын ала тестілеу байқауларында алған баллдарын зерделесек, қазақ тілі, математика, орыс тілі, Қазақстан тарихы, биология, ағылшын тілі, дүние жүзі тарихы пәндері бойынша 60, 76, 89, 93, 102, 114 (бір оқушы бір рет қана 114 балл алған) балл алып келген. Бұл дегеніміз оқушылардың білім деңгейі негізгі пәндерді бөлмей орташа алғанда 100 баллға жетер- жетпес екендігі емес пе?!
Сонымен, «Он екі баланың обалы кімге?» деген сұрақтың әлі де болса басы ашық тұр. Ал оған тиісті орындар енді не дер екен?
Шарафаддин ӘМІРОВ,
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Талдықорған – Алматы – Талдықорған.