Аймақтар • 21 Маусым, 2019

Қарағандының ғалымы «Алтын Гефест» сыйлығына ие болды

415 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды мемлекеттік техникалық уиверситетінің бірінші проректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚазҰЖҒА академигі Аристотель Исағұлов Ұлттық тау-кен-металлургия саласындағы «Алтын Гефест-2019» сыйлығының «Жылдың ғалым-педагогы» аталымы бойынша лауреаты атанды.

Қарағандының ғалымы «Алтын Гефест» сыйлығына ие болды

Аристотель Исағұлов еліміздегі танымал металлургтердің бірі. Ол 35 жылдан бері дәлме-дәл құю, автоматтандыру және дәлме-дәл құю өндірісін автоматтандыру және механикаландыру, сондай-ақ металлургия  салаларында қолданбалы зерттеулерді табысты жүргізіп келеді.

Жаңа технологиялық үдерістер ТМД-ның Қазақстан, Ресей және Беларусь сияқты елдерінде өндіріске енгізілген. Оның еңбектері АҚШ, Германия және Швейцария сынды шет мемлекеттерде кеңінен танымал.

Қазіргі таңда ғалымның жетекшілік етуімен жемірілуге қарсы SAKTAU жабынын шығару жөніндегі коммерциялық жоба аяқталуға жақын қалды. Бұл инновациялық технология жемірілуден қорғаудың деңгейін көтеріп, жабынның төзімділігін бір жарым есеге арттырады.

Еске салсақ, «Алтын Гефест» – еліміздегі тау-кен-металлургия саласындағы ең мәртебелі сыйлық болып саналады. Осыдан он жыл бұрын тұңғыш сыйлықпен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев марапатталған болатын.

2018 жылы Қазақстанда өткен Бүкіләлемдік тау-кен конгресінің арқасында «Алтын Гефест» сыйлығы дүниежүзілік танымалдыққа ие болды.



Қарағанды облысы