Қазақстан • 24 Маусым, 2019

Нұрсұлтан Назарбаев – дәуір тудырған тұлға

1095 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таяуда ғана Қазақстан Республикасының тарихындағы маңызды күн болды. 22 маусымда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан басшылығына келгеніне 30 жыл толды.

Нұрсұлтан Назарбаев –  дәуір тудырған тұлға

Бауырлас Әзербайжан мемлекетінің өкілі ретінде осы атаулы күннің құрметіне орайластырылған конференцияға қатыса отырып, мен бұл маңызды оқиғаға қатысты өзіндік ой-пікірлерімді ортаға салғым ке­леді. Тұлғаларды тарих туғызады. Бұл бұл­жы­майтын аксиома. Сонымен қатар тарихты жекелей тұлғалардың жасайтыны да дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Яғни, бұл екеуі бір-бірімен берік байланысты.

Қиын кезеңдерде тарих ірі тұлғаларға жомарт болатынын да атап өткен жөн. Ел тарихындағы күрделі уақытта өз дәуірімен иықтас данышпандар дүниеге келеді. Олар ешқашан тарихқа қарыздар болып қалмайды. Ондай тұлғалардың миссиясы – тарихты құтқару, мемлекет пен ұлтты құт­қару. Қазақстан мемлекетінің за­манауи тарихында осы миссияны бүкіл түркі әле­мінің ақсақалы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атқарды.

Ресей үшін – І Петр, АҚШ үшін –Джордж Вашингтон, Франция үшін – Шарль Де Голь, Ұлыбритания үшін – Уинс­тон Черчилль, Қытай үшін – Дэн Сяопин, Түркия үшін – Ататүрік, сол сияқ­ты Әзербайжан үшін жалпыұлттық лидер Гейдар Әлиев қаншалықты ұлы тұлға болса, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баев та солармен деңгейі бір тұлға.

Нұрсұлтан Әбішұлының басшылығы­мен Қазақстан әлемдік беделі зор қуатты мемлекетке айналды. Елдеріңіздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайланғаны соның айқын белгісі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өңірлік мәселелерде маңызды рөл ойнайды, ол көптеген табысты бастамаларға мұрындық болды. Біздің өңірде ғана емес, барша ғаламдық ауқымда бейбітшіліктің ны­ғаюына өлшеусіз зор үлес қосты. Оның Сириядағы қауіп-қатерді төмендетуге қа­тысты көрсеткен мәмілегерлік күш-жігері әлемдік қоғамдастық тарапынан­ жоғары бағаланады. Ұзақ жылдар бойы мүм­кін еместей көрінген жұмысты Нұрсұл­тан Назарбаев жүзеге асырды.

Нұрсұлтан Әбішұлы түркілік еуразия­дағы аса көрнекті идеологтардың бірі. «Нұр­сұлтан Назарбаев феноменін» бас­қалар­дан ерекшелейтін басты принцип – оның популизмнен ада, өзара тиімді нақты стратегия жасауында. Оның басты мақсаты – Түркі әлемінің интеграциясы.

Әзербайжанның Нахичевань қаласын­да өткен Түркі тілдес мемлекеттер басшы­ларының ХІХ саммиті (2009 жыл) бауыр­лас елдердің өзара интеграциялануына ерекше ықпал еткені белгілі. Осы саммиттің маңызды жетістіктерінің бірі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен түркіаралық ынтымақтастықтың жаңа институционалдық құрылымы – Түркі тілдес мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесінің (Түркі кеңесі) құрылуы болды. Сол жылдың мамыр айында түркі әлемін дамытуға қосқан сүбелі үлесі үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркі тіл­дес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңе­сінің Құрметті төрағасы мәртебесінің мәң­гілікке берілгені кездейсоқтық емес. Бұл ұсыныс Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоғанның тарапынан айтылып, оны Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің барлығының лидерлері бірауыздан қолдады. Бұл Елбасы Н.Назарбаевтың аса көрнекті мемлекеттік қайраткер ретіндегі жетістіктерін кеңінен мойындаудың айқын көрінісі деп білемін.

Нұрсұлтан Әбішұлы халықаралық құқық нормалары мен принциптерінің және түркі әлемінің өзара ынтымақтастығын назарға ала отырып, әрдайым Әзербайжан­ның тер­риториялық тұтастығы идеясына қолдау көрсетіп келеді. Осыған орай Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің сөзін тілге тиек еткенді жөн көріп отырмын: «Әзербайжан халқы Сіздің Әзербайжанды біз қатысатын ұйымдардың барлығында қолдаған қадамда­рыңызды жоғары бағалайды. Сеніңіз, сіздің әрбір сөзіңіз, ісіңіз ауқымды қоғамда резонанс тудырады».

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев­­тің Қазақстан мен Әзербайжан ара­сындағы достық пен ынтымақтастықты дамы­туға қосқан зор үлесі үшін Қазақстан көш­­­­­­бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаевты «Гейдар Әлиев» орденімен марапаттағаны тегін емес. «Гейдар Әлиев» ордені Әзер­байжанның ең жоғары наградасы.

Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен бас­тап ел басшылығында Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың болғаны Қазақ­станды көптеген қауіп-қатерлерден құтқа­рып қалғанын ерекше атап өткім келеді. Ал біздің еліміз үшін Тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы жылдары оңайға түскен жоқ. Ұлт­қа қарсы ішкі күштер мен олардың сырт­тағы қолдаушылары билік басына жалпыұлттық лидер Гейдар Әлиевтің келуіне мүмкіндік бермеді. Сол себепті Әзер­­байжан тәуел­сіздігінің алғашқы жыл­дары қайғылы оқиғалар мен қиын сынақтарға толы болды.

Алайда, біз Қазақстан – Әзербайжан қатынастарын жаңа стратегиялық әріп­тестік деңгейіне шығара білдік. Бұл істе Нұрсұлтан Назарбаев айрықша маңызды рөл атқарды.

Бір сөзбен айтар болсам, Нұрсұлтан Назарбаев – дәуір тудырған тұлға. Біз, түркі әлемінің барша өкілдері Елбасының лидерлік феноменін мақтан тұтамыз, одан үлгі аламыз. Оған Жаратқан жар болсын!


Эльман НАСИРОВ, 
Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің депутаты, 
Әзербайжан Республикасы Президенті жанындағы 
Басқару академиясы саяси зерттеулер институтының 
директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор