Конфуций
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісу рәсіміндегі сөйлеген сөзінен кейін дипломат Кемелұлының «Беласуын» қайтадан қолға алып, Мемлекет басшысының өмір жолына қайта бір үңілдік. Халықаралық саясат әлеміне деген алғашқы қадамы Алматыдағы №25 мектептен басталған Қасым-Жомарт Кемелұлы әуелі Мәскеу Мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының студенті атанып, араға жылдар салып БҰҰ Бас хатшысының орынбасары деңгейіне көтерілді. Төрткүл дүниеге төрелік айтатын іргелі ұйым төрағасының орынбасары болу дегеніңіз бұрын-соңды қазақ баласының пешенесіне жазылмаған. Қазақ перзентінің есімі әлемнің тұғырлы тарихына осылайша таңбаланды. Алаш ұлының дипломатиядағы іргелі асуы бұл.
Жас Қасым-Жомарттың Сингапур елінен басталған дипломаттық қызметі елді Ли Куан Юдің реформалық өзгерістер жасаған кезімен тұспа-тұс келгендігі тағы бір олжа. Аталған реформаның арқасында Сингапур бүгінде күллі дүниеге танылды, дәулетті де әлем жұртшылығы таңдай қағатын іргелі мемлекетке айналды. Қасым-Жомарт Кемелұлының жаһандық биік мінберлерден көрінуіне бастау болған сол елді ерекше ілтипатпен еске алатыны да сол. «Осы бір ырысы шалқыған жерден мен кеткелі де көп уақыт өтті. Сингапур тұрақты прогресс жолында. Бұл мен үшін де қуанышты. Өйткені ең алдымен, бұл өзі Азияның көптеген мәдениеті астасқан бірегей ел. Сингапур басшылары ұлтаралық татулықты сақтай білуге және тіпті оны нығайтуға қол жеткізді. Күні бүгінге дейін әртүрлі ұлт өкілдері осы елдің беделін нығайта отырып, мемлекеттік және қаржы құрылымдарында қоян-қолтық еңбек етеді» деп жазады өзінің мемуарлық шығармасында.
Басқасы басқа, Сингапурды Ли Куан Ю басқарған тұста ол жүргізген реформалардың астарына жан-жақты үңіле білген, жетістігін жадына тоқыған кешегі дипломат, бүгінгі Президент Қ.Тоқаевтың сингапурлық биліктің басқару үлгісін ендігі жерде қазақ қоғамына енгізуге толыққанды мүмкіндігі бар. Ли Куан Юдің «бір ұлт, бір халық, сондай-ақ әртүрлі ұлыстар мен тілдердің болуы кемшілік емес, қайта Сингапур қоғамының үлкен мақтанышы екенін ұғындыруы» қазіргі кезде Қазақстан Президентінің сөйлеген сөзінде «әртүрлі пікір, бір ұлт» болып қайта жаңғыруы да сол сингапурлық өмір мектебінің тағылымы екені айқын. Ендеше, елдік мәселенің өркениетті әлемнің озық үлгісімен ұштасуы қазақстандықтардың да көкірегіне үміт отын себелейтіні белгілі.
«Еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау – менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін! Түрлі саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен құнды ұсыныстарды, бастамаларды мен өз жұмысымда міндетті түрде ескеремін». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы президенттік қызметіне ресми кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінің орайын осылайша бір қайырған-ды. «Халқы қаласа, хан түйесін сояды». Бұл бабалардан бізге дейін жеткен аманат-қағида. Елінің сөзіне құлақ қоятын, ұлтының уәжіне тоқтай білетін басшыға қарата айтылған халық даналығы. Жылдар жөңкіліп, уақыт шіркін өзгергенімен, ұрпақ бабалар дәстүрін ұлықтауды есте сақтағаны жөн. Қоғам қаншалықты ғылымның қанжығасына бөктерілген формациялар түріне көшкенімен, халықтың санғасырлық дәстүрін жоққа шығара алмасы анық. Ұлттың қуаты да мызғымайтын дәстүрі мен менталитетінің өміршеңдігінде ғой. Президенттің «Еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау – менің басты мақсатым» деген сөзінен осындай тұжырым жасадық.
Қазақстан Президентінің айтқанына ден қояр болсақ: «Уәде бермей, орындау шарт! Мұндай ережені барлық Үкімет мүшесі және әкімдер ұстанулары тиіс». Үлкенді-кішілі басшыларға қойылатын батыл-ақ талап. Бұрын-соңды уәдені үйіп-төгіп, «орындаймыз», «қатырамыз» деген құрғақ уәдемен қанша әкім мен қанша министр атқарылатын шаруаның аяғын құрдымға жіберді десеңші. Министрлер мен әкімдердің лауазымдық қызметіне, берген уәдесі мен атқарған шаруасына алдағы күндері толыққанды мониторинг жүргізілетін болса, атқамінерлер өздерінің міндеттеріне қаншалықты жауапкершілікпен қарайтыны тайға таңба басқандай көрінер еді-ау. «Уәде – құдай аты» дегенді есінен шығарғандарға қойылатын талапты күшейткен болар еді...
Алқалы топ алдында Президент уәде мен міндет ұғымына бірнеше мәрте тоқталды. Биік мінберден, оның үстіне ел өмірінде өзіндік орны бар тарихи жиында «уәдеге» басымдық беру тұлғаға үлкен жауапкершілік жүктейді. Яғни, жаңадан сайланған Президент өзіне осындай жауапкершілік алып отыр деген сөз. Мемлекет басшысының халыққа арнаған сөзі де билік тарапынан алдағы күнде атқарылатын міндеттердің аясында өрбіді. «Билік өзінің халық алдындағы уәдесін орындауға міндетті. Оның басты миссиясы осыған саяды. Тек осылай ғана ұлт бірлігі мен елдегі тұрақтылықты нығайтуға болады. Сондықтан менің сайлауалды тұғырнамамды жүзеге асырудың тақырыптық жоспары жасалады. Халықтың озық идеялары, ұсыныстары осы құжатта көрініс табады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Билік өзінің халық алдындағы уәдесін орындауға міндетті». Осы бір сөйлемнің ішінде мемлекеттік бағдарламаның түпкі түйіні жатқандай. Яғни, ел Конституциясының 3-бабының 1-тармағындағы «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» екендігін айта отырып, «билік өзінің бастауына» адал қызмет етуі тиіс екендігін Президент кезекті мәрте өз сөзімен бекемдей түсті. Бұл да ұлттың жоғын түгендеуге арналған ұмтылыс деп айтуға болатындай.
Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік қызметіне ресми кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде өзін толғандыратын 10 бағыт төңірегіндегі орамды ойларын ортаға салды. Соның ішінде, сыбайлас жемқорлықты жоюға байланысты Президент: «Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл – қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс» деген болатын.
«Мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс» демекші, жоғарыда біз сөз еткен Ли Куан Юдің жемқорлыққа қарсы аяусыз күресі Сингапурдың жоғары қарқынмен дамуына, әлемдік деңгейде мемлекет беделінің асқақтауына ерекше ықпал еткендігі мәлім. «Өкіметтік иерархияның барлық қабатын, мемлекет басшысынан бастап ұсақ шенеуніктерге дейін жемқорлық жайлап алған күнде проблема асқына түседі. Тазалау мен дезинфекцияны жоғарыдан бастап, ең төменге дейінгі аралықта жүйелі түрде жүргізу керек. Бұл ұзақ және қиындыққа толы жұмыс, оны тек адалдығы мен моральдық беделі ешқандай күмән тудырмайтын өте күшті көшбасшылар тобы ғана еңсере алады» деген Ли Куан Ю басқарған көшбасшылар тобы өзі айтқандай, сыбайлас жемқорлықты еркін еңсере білді. Соның арқасында Сингапур Азия құрлығындағы ең «таза» ел ретінде танылды. Олай болса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес барысында сингапурлық тәсілді отандық тәжірибеге енгізудің нәтижесі де жемісті болар еді. Қазақстан Президенті «Мемлекеттің дамуын тежейтін кеселді» осылай ауыздықтаса, биліктің халыққа берген уәдесінің орындалғаны деп қабылдаған болар едік. Қасым-Жомарт Кемелұлының 10 бағытының қаншалықты «ондыққа» дөп тиетінін уақыт-төреші көрсете жатар.
Жаңадан сайланған Қазақстан Президентінің алдында асқаралы асу бар. Ол асудың жөні бөлек. «Беласуда» жазылғандай көрген, білген, көңілге тоқыған тағылымды тәжірибені ендігі жерде Ел асуының кәдесіне жарататын сәт туды. Ең бастысы, Мемлекет басшысы қоғамды Махатма Ганди айтатын «жеті әлеуметтік күнәдан» сақтандыра білсе, қазақ елінің ертеңіне сеніммен қарауға болады. Яғни принципсіз саясат; еңбексіз байлық; ар-ұятты жоғалтып рахатқа бату; ақиқатсыз білім; имандылықсыз сауда; ізгіліксіз ғылым; Құдайға құрбандықсыз құлшылық ету сияқты «күнәлардан» ада қоғамның биік белесті бағындырары сөзсіз. Әзірше Мемлекет басшысының бастаған қадамына, орамды ойларына, берген уәдесіне «бәрекелді» деселік.
Кезінде Мырза Әлінің баласы Қадыр ақынның төмендегіше жырлағаны бар-ды:
«Гүлге де бөлер келешек ұрпақ құмайтты,
Замана бірақ біздерді бұрын мұңайтты.
Президенттің жүгі қашанда ауыр – білеміз,
Перзенттік парыз одан жеңіл деп кім айтты?!».
Ендеше, біз де Президенттің жүгі ауыр екенін, ал перзенттік парыздың одан сірә бір мысқал кем емес екенін пайымдаймыз. «Қазақстанның жарқын болашағы үшін, халық үшін аянбай еңбек етуге серт берген» Мемлекет басшысының осы үдеден шығатынына сенім білдіргіміз келеді. «Антқа адал болу, сертке берік болу – менің халық алдындағы парызым» деген Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халық алдындағы парызына, берген сертіне сергектікпен қарайды деп ойлаймыз.
«Сенімнің де эволюциялық жолмен келгені жақсы екен. Революциялық жолмен жүріп көрген елміз ғой» деп жазған еді бір мақаласында қазақ журналистикасының сарабдал сардары Ержұман Смайыл ағамыз. Олай болса, эволюциялық жол қоғамның, халықаралық саясаттың тамыр бүлкілін терең білетін, уәдесіне берік, сертіне адал Президенттің арқасында жүзеге асатыны сөзсіз. Ендеше, Қасым-Жомарт Кемелұлының «халқы үшін берген сертіне» елінің сенімі серік болсын!