Аймақтар • 24 Маусым, 2019

Керекудің көкөнісі – брендтің көкесі

475 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Агроном ғалым Зейнолла Сәлменбаевтың айтуынша, суармалы жерде өскен көкөніс те, картоп та мол өнім береді. Өңірдегі картоп өсірушілер жылдан-жылға өнім көлемі мен сапасын арттырып, республикаға танылуда. Мәселен, Павлодардың картобы қазір нағыз брендке айналды. Бұл ғылым мен техниканың жаңа жетістіктерін қолданудың нәтижесі.

Керекудің көкөнісі – брендтің көкесі

Біз ат басын тіреген Жаңа­қала ауыл­дық аумағында орна­­ласқан «Андас» –осындай шаруа­­шы­лық­тар­дың бірі. Шетіне көз жетпес жерді алып жатқан кең алқап. Жер де көктемнің жылы демін сезіп, тыныстап, шаруа адамын асықтырып тұрғандай. Шаруашылық картоп салуды бастап кетіпті.

– Өздеріңіз көріп тұрғандай, қазір алқапта қызу жұмыс жүріп жа­тыр. Картопты егу, өңдеу, жинау, барлығына шетелдік техниканы қолданамыз. Биыл тамшылатып суа­руға арналған 6 «Valley» қон­дыр­ғы­сын орнаттық, – деді шаруа­шы­лық басында бізді қарсы алған Дәурен Сәлменбаев.

Былтыр Голландия, Беларусь елде­рінен картоптың «Манифест», «Вега», жақсы дәмімен ерекше «Гала» сұ­рып­ты тұқымдарын әкеліпті. Биыл да 210 гектарға «Абако» сұрыпты сәбіз, 530 гектарға картоп отырғызды.

– Жаңа тұқымдар жылдам өнім береді, 70-75 күннің ішінде өсіп шы­ға­ды. Бір түптен 25 картопқа дейін аламыз. Өткен жылы гектарынан 40 тоннадан өнім алдық. Биыл одан да көп болуға тиіс, – дейді Дәурен.

Шаруашылық картоп, көкөніс егуге арналған суармалы жер көлемін жы­лы­на 500 гектарға ұлғайтып келеді. Былтыр 2000 гектар суармалы жерге картоп, сәбіз, басқа да майлы және дәнді дақылдар егіп, 50 мың тоннадай өнім жинап алған.

Бұдан кейін біз шаруа қожа­лы­ғы­ның ауылшаруашылық кеше­ні­не келдік. Кешендегі көкөніс қой­ма­­­ларын алқапқа жақын жерден салу­­дың тиімді екенін байқайсыз. Агро­кешен аумағында да қызу жұмыс. Әрқайсысына 19 мың тонна өн­ім сақталатын 2 қойма салынып жатыр. Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыны күтпей-ақ, кө­кө­ніс қоймаларын өз қаржысына салуда. Яғни, қоймалар қолданысқа берілген соң мемлекет шыққан шы­ғын­ның бір бөлігін қайтарады. Бұған дейін көкөністерді сақтап, сапасын жоғалтпау мақсатында жалпы сыйым­ды­лығы 18 мың тонна болатын 4 қой­ма салыныпты.

Кешен ішінде ауыл тұрғындары картоп сұрыптауда. Сұрыптауға ар­нал­ған шетелдік қондырғы іске қо­сыл­ған. Шаруашылықта бұрын қол­мен атқарылып келген барлық жұ­мысты қазір голландық техника атқарады.

– Тұқымдық картопты сұрыптап, таза­лап, қаптарға салып Өзбекстанға жібе­ріп жатырмыз, бұған дейін де 20 мың тонна картоп жөнелтілді, – дейді Дәурен Зейноллаұлы. Бұдан басқа, картоп, сәбіз өнімдері Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтанға жіберіледі.

Шаруашылықта 50-ге тарта адам жұ­мыс істейді. Ауыл тұрғындары мау­­сымдық жұмыстарда еңбек етуде.

Өткен жылы сәбіз сақтайтын 3 мың тонналық қоймаға тоңазытқыш орнатылыпты. Шаруашылық әр гектарынан 95 тоннаға дейін сәбіз алуда. Жиналған көкөністі сұрыптап, сақтау да қажет. Сол үшін 250 мың еуроға тоңазытқыш сатып алынып, қойма толықтай автоматтандырылған. 

Ғылым мен техниканың жаңа же­тіс­тіктерін қолданса, біздің ауылдар­да ыстық-суыққа төзімді көкөніс түр­лерін өсіруге мүмкіндік барына көзіміз жетті. Енді картоптың түр­лі сұрыптарын өзіміз өсіріп, голланд және неміс картобын отандық на­рық­тан ығыстырып шығаруға да болар.

Көкөніс өсірушілер, шетелдік жоғары сұрыпты тұқым сатып алуға қыр­уар қаражат кететінін айтады. Осы­ны ескеріп, көкөніс өсірушілерге де мем­лекеттен субсидия бөлінсе дейді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде 119 көкөніс қоймасы бар. Күз кезінде қоймалар 322 мың тонна картоп, сәбіз және қызылшаға толады.

Павлодар ауданында суармалы жер көлемі 12987 гектарға жетсе, осы бағытты пайдаланатын көкөніс, картоп өсірушілер саны да жылдан-жылға көбеюде. Былтыр 4,07 мың гектар жерден 122,5 мың тонна картоп, 112,8 мың тонна көкөніс жиналған.

Аудан көлемінде 60-тан астам қойма бар. Оның 40-ы көкөніс қоймасы. Чер­ноярка ауылдық аумағында орна­лас­­қан. Ал Ақсу қаласына қарасты «Тимур» шаруа қожалығы алқап кө­лемі ұлғайған сайын жаңа қойма сала бастайды.

Соңғы жылдары күзде шаруа­шы­лықтардың жинаған мол өнімі қойма­лар­ға сыймай да қалады. Сондықтан жер­­гілікті тұрғындар алқап басы­нан ерте­рек сатуға басым­дық беру­де. Саты­­лымнан қалған өнім­ді сұ­рыптап, тұ­қымды келесі жылға дейін сақтайды.

Біз аралап, танысқан «Андас» ша­р­уа­­­шылығы Зейнолла Сәлменбаевтың басқа­руы­мен 17 жыл бұрын ашылып, жұмысты 50-60 гектар жерге картоп егуден бастаған екен. Бү­­­­гін­де шаруашылық иелігінде 6 мың гектарға жуық жер бар, оның 
1 200 гек­тары – суармалы жерлер.

Ғалым агроном, кәсіпкер Зейнолла Сәлменбаевтың айтуынша, «Ақылды технологиялар» ауылдарға да жетті. Агрокешенді дамыту саласына тамшылатып суару әдісін енгі­зудің тиімділігі орасан. Осы «ақыл­ды суарудың» нәтижесінде, өнім эколо­гиялық таза, шығын аз, қаржы үнем­де­леді.

Сондықтан «Андас» қожалығында суармалы шаруашылықты дамыту мақсатында суармалы жер алқаптары айналымға енгізіліп, инвестициялық жобаны жүзеге асыруға 1 млрд 400 миллион теңге жұмсалған. Алдағы уа­қыт­та алқап көлемін 2 мың гектарға дейін ұлғайтпақ.

– Жоба барысында суармалы жер теліміне Ертіс өзенінен ұзындығы 3500 метр болатын су құбыры, 4500 метрлік электр желісі тартылды. Екі жыл­дың ішінде біз 992 миллион тең­гені игердік. Мол өнім жиналды. Ты­нымсыз тірліктің бү­гін­гі нәтиже­сі­не риза­мын, – дейді Зей­нол­ла Сәл­мен­баев.

Ғылыми ойларын жермен, еңбек­пен байланыстырған әке жолын ұлы Дәурен жалғастыруда.

– Көкөністер заманауи құрыл­ғы­лардың көмегімен автоматты түрде суарылады. Енді біраздан соң, картоп пен сәбіз де көгеріп шыға бастайды. Алғашқы картопты тамыздың басында ала бастаймыз. Жердің мол ырзығы бізге осылай қуаныш сыйлайды, – деді Дәурен қоштасарда.

 

Павлодар облысы,

Павлодар ауданы