«Біз ай сайын ең төменгі жалақыны есептеу мониторингін жүргіземіз. Мәселен, міндетті зейнетақы жарналарының түсімдерін талдау нәтижелері биылғы сәуірде 92 мың қызметкер еңбекақыны ЕТЖ мөлшерінен төмен алғанын көрсетті. Сондай-ақ еңбекақысы төмен қызметкерлер бойынша жалақының өсуіне мониторинг жүргіземіз. Қазіргі уақытта 203 мыңнан астам жұмыс беруші 1,1 млн адамның еңбекақысын арттыру міндетін өз мойнына алды» деді министр.
Еске сала кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазан айындағы Жолдауын жүзеге асыру үшін 2019 жылдың басынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге – 28-ден 42,5 мың теңгеге дейін өскені мәлім.
Бұған 1,3 млн адам, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет көрсету, мәдениет және спорт салаларында жұмыс істейтін 275 мың азаматтық қызметші қамтылды.
Бұдан бөлек биыл маусым айынан бастап бюджеттік саланың жекелеген қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға дейін артты.
Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы және басқа салаларда жұмыс істейтін 1 миллионнан астам азаматтық қызметші осы айда жоғары жалақы алады.
Енді бір қызметкердің орташа жалақысы 114,5 мың теңгені құрайды (2019 жылғы 1 маусымға дейін 99,6 мың теңгені құрады).
Биыл жалақылардың өсуіне республикалық бюджеттен 144,3 млрд теңге көзделген.