Медицина • 24 Маусым, 2019

Әрбір донор – батыр

703 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шынтуайтында айналамыздағы адамдарға мейір, махаббат сыйлаудың жолы қарапайым. Сауапқа кенелу үшін де үлкен күш жұмсаудың қажеті шамалы. Исламда жай ғана күлімсіреудің өзінде қаншама сауап бар екені айтылады. Маңайына шапағатын шашып, қуаныш сыйлап жүретін жандар аз емес. Олар тіпті болмашы ісімен біреуге өмір сыйлап жүргенін сезбеуі де мүмкін. Міне, олар – нағыз батырлар, жанашыр жандар. Қан орталығына қан тапсырған әрбір донор осындай даңққа ие.​​

Әрбір донор – батыр

Елорда тұрғыны Парымбек Сарбасовтың донор болып жүргеніне 15 жылдан асты. Қазірге дейін 40 реттен аса қан тапсырған ол бұл ісін азаматтық борышы деп біледі. «Ең алғаш біздің жұмыс істейтін кәсіпорында бір әріптесімнің баласы жол-көлік апатына түсті. Соған шұғыл қан керек болып, қан тапсырдым. Сол оқиғаны көзбен көрген мен донор болудың қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Содан бері екі ай сайын тұрақты қан тапсырып келемін. Мұны көрген ұлым да бірнеше жылдан бері тұрақты донор болып жүр. Бұл адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін арттыратын қайырымды іс екеніне көзім жетті», дейді астанадағы Локомотив құрастыру зауытының қызметкері.

Ол қан тапсырып болған соң өзін жеңіл сезінетінін, тұмауға да оңай шалдықпайтынын айтады. Мамандар да қан тапсырудың адам ағзасына пайдасы көп екенін жеткізді. «Адамдардың көпшілігі қан берсем қаным азайып қалады, денсаулығыма зиян келеді деп қате түсінеді. Керісінше қан тапсыру жүрек-қантамыр ауруларының алдын алады. Сондай-ақ қанның ұю процесі және иммундық жүйенің жұмысы жақсарады, қан жаңарады. Тіпті адамның өмірін де ұзарады екен. Әсіресе қан жоғалтпайтын ер адамдар үшін өте пайдалы», дейді «Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы» ШЖҚ РМК Донорларды жинақтау бөлімінің меңгерушісі Эльмира Копеева.

Нұр-Сұлтан қаласының тағы бір тұрғыны Жайық Елешов қанының сирек кездесетін қан тобына жататынын скрининг кезінде білген. 7-8 жылдан бері ерікті донор болып жүрген ол денсаулығында оң өзгерістердің көп екенін айтты. «Қыстың ортасынан бастап мұрнымнан қан ағып, жайсызданатын едім. Хиджамаға барайын деп жүргенде дәрігерлер сирек кездесетін қан тобындағы адамдардың қатарынан екенімді айтты. Сөйтіп донор бола бастадым. Мұрнымнан қан аққанын да қойды. Ең қызығы, қан тапсырып шыққан соң көңілім ерекше көтеріліп қалады», дейді ол.

Жақында Дүниежүзілік донор күніне орай «Хан шатыр» орталығында өткен мерекелік іс-шарада Парымбек Сарбасовпен қоса Галина Аксютина және Ирина Иванова есімді ерікті донорлар кеуделеріне «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісін тақты. Қазірге дейін 20-ға жуық қан берген 20 жастағы Виктор Крикливый ардагер донор Парымбек Сарбасовтың қолынан қайырымдылық эстафетасын алды. «Донор болу құрметтен бөлек, өзің үшін де мақтаныш. Бұл кез келген марапаттан артық», деді сахнада сөз алған жас донор Виктор Крикливый.

Бүгінде Қан орталығына баратын ерікті донорлардың саны артқан. Жыл сайын елімізде 200 мыңдай адам қан тапсырса, оның 78 пайызын ерікті донорлар құрайды. Елордадағы Қан орталығына бір жылда 40 мыңға жуық кісі келіп қан тапсырады екен. Ал олардың 90 пайызы қанын тегін береді. Мамандар ақылы донорлардың көпшілігі сирек кездесетін қан тобындағылар екенін айтады. Ерікті донорлардың санын арттыру үшін Қан орталығы мен Қызыл ай қоғамы бірлесіп көптеген үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Бұған еріктілердің де ерекше атсалысып жүргенін көрдік. Орталық қызметкерлері әсіресе сирек кездесетін қан тобындағылардың санын арттыруға көбірек күш жұмсау керектігін айтады.

«Біздің қалада жылына шашамен 15 мың адам қан қажет етеді. Орталығымызға күніне 100-ге тарта қан тапсырушы келеді. Олардан 50 литрге жуық қан алынады. Әрбір донор – батыр. Әрбір донордың артында құтқарылған өмір тұрады. Бұл жай ғана қан тапсыру емес, бұл біреуге өмір сыйлау», деді «Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы» ШЖҚ РМК директорының ғылым жөніндегі орынбасары Сәния Әбдірахманова.

Майгүл СҰЛТАН,

«Egemen Qazaqstan»