25 Маусым, 2019

Шығыс Қазақстан Арыс тұрғындарын қабылдауға дайын

488 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс әкімдігі қызметкерлерінің Арыс қаласына шығуы жоспарлануда, онда жергілікті тұрғындарға 1 528 бос орын ұсынылады.

Шығыс Қазақстан Арыс тұрғындарын қабылдауға дайын


Шығыс Қазақстанда 2017 жылдан бастап "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл қоныс аудару бағдарламасы бойынша өңірге 1566 адамға квота бөлініпті. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 736 млн.теңге қаржы қарастырылыпты. «Қаңтар айынан бері Шығыс Қазақстанға 560 астам адам келді. Түркістан облысындағы қайғылы оқиғаларға байланысты біз Арыс қаласынан мыңдаған адамды қабылдауға дайынбыз. Осы мақсатта облыс әкімдігі қызметкерлерінің Арыс қаласына шығуы жоспарлануда, онда жергілікті тұрғындарға 1 528 бос орын ұсынылады. Бос орындар жәрмеңкелері, қажетті әңгімелесулер мен кеңестер өткізіледі. Егер қажеттілік болса, біз Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне квота және қаржыландыруды арттыру мәселесімен жүгіне аламыз» дейді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Бүгін өңірімізде Түркістан облысының Арыс қаласының тұрғындарына көмек көрсету мақсатында арнайы штаб құрылған-ды. Аймақ басшысының өзі жетекшілік ететін штабтың құрамына облыс әкімінің орынбасарлары, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, БАҚ өкілдері мен қоғамдық бірлестік өкілдері еніп отыр. Облыс әкімдігінде селекторлық режимде өткен брифингте Даниал Ахметов өңір тұрғындарын, аймақтағы ірі кәсіпорын басшылары мен кәсіпкерлерді Арыс халқына қолдан келгенше көмек көрсетуге шақырған-ды. Өңірдің «Казцинк» ЖШС, «ҮМЗ» АҚ, «ТМК» АҚ, Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны секілді ірі өндіріс орындары бастаманы қолдап, 107 млн. теңге қаржы аударыпты. Ал облыстың  этномәдени бірлестіктері Арыс қаласының тұрғындарына көмек көрсету қорына 738 мың теңге жіберіпті.

ӨСКЕМЕН