Аймақтар • 26 Маусым, 2019

Ай, айналайын Арысым-ай... Қасіретті Қайырымдылық жеңеді

595 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Арыстағы апат туралы ести сала Ағыбайға телефон шалдық. Әбдімәлік Ағыбай ғой. Қалалық газеттегі. «Бас­талғалы біраз уақыт болды, аға. Биік­теу жерде жүрміз. Қиын боп жатыр...» деді ол.

Ай, айналайын Арысым-ай... Қасіретті Қайырымдылық жеңеді

Кенет кәдімгі кинолардан көріп, еститін, зәре-құтыңды қашыратын снарядтың зәрлі уілі жетті. Құлаққа. Ұялы телефонға таңдана қарап, тағат тап­пай, көксандыққа телмірдік.

Орнымызда отыра алмай тыпыршимыз. Ұялы телефон бөлекшелеу шырылдады. Шымкенттің шетіндегі айтулы Ақмешіттен екен. Шаһардың бас имамы Бақтыбай Бейсенбаевтың орынбасары, әрі әл-Фараби ауданы­ның бас имамы, байтағымызға белгілі дін қайраткері Ахметжан қажы Керім­бекұлы екен. «Аға, қайдасыз? Бізге келе аласыз ба? Арыстықтар...» деді Ахметжан бауырымыз дауысы діріл­деңкіреп.

Ақмешітке жақындай бере нені көрдік дейсіз бе? Қайран Қайы­­рым­­дылықты көрдік. Иә-иә! Бас әріп­­пен жазылып, басымызды иіп, тәу ет­пекке тиісті Қайырымдылық. Кө­зі­мізден жас парлап қоя берді. Қаз-қатар, тату тізбек құраған мектеп оқу­шылары – қарадомалақ, ақ­до­малақ, сарыдомалақ, бидай өңді бала­лар жаңа піскен жаздық алмаларын, су­сын­дарын, тандыр нандарын алып жүгіріп жүр. Сат­пай­мыз...Тегін. Сіздерге арнайы әкел­дік», деседі.

Ақмешіттің айналасы адамға то­лы. Бір мың да емес, екі мың да емес. Көп. Бәлкім, бес-алты мың. Мүм­­­­­­кін, одан да көп. «Аға, Арыстан кел­ген­дер бірнеше мыңдай шығар, ал олар­ға қамқор қолдарын созып, жү­рек жылуын әкелгендер әлденеше мың», дейді Ахметжан қажы ініміз. Екі жерде микрофон арқылы тізімдер оқылып, хабарландырулар айтылып жатыр. Адасып қалған балалар мен қарттар тізімі. Арыстықтарды өз үйлеріне, арнайы дайындалған оқу орындарына, жатақханаларға алып кетуге келгендердің аты-жөндері, қай жерде күтіп тұрғандары... Мешіттің, әкімдіктің, полицияның, медицина ме­­кемелерінің өкілдері кезек-кезек сөз алады.

Ақмешіттің ауласында, айнала­ төңірегінде, жиек жолға дейінгі аумақ­та ұзын-ұзын үстелдер тізіліп, дастарқан жайылған. Ыстық шай, ыстық сорпа, қазақша ет, палау әкеп жатқандарда есеп жоқ. Бір шетте мұ­ңайыңқырап отырған жігітке жа­­қындадық. Аты Азамат екен. «Қау­меновтерміз, – деді ол. – Мынау әп­кем ғой. Феруза. Анау келіншегім Жа­дыра. Арыстағы үйімізді ойлап отыр­мын. Не болды екен?» Біз жұба­тып жатырмыз. Келесте де қиын бол­ған. Он бір жыл бұрын. Алтай мен Тар­бағатайда да. Тоғыз жыл бұрын. Бәрі жақсы болады, бауырым. Дейміз.

«Асан Аманқұловпын, – деді жә­не бір отағасы. – Жасым елу се­­­­­­­­гіз­де. Сиыр сәскеде шай ішіп отыр­­­­­­­­­­­ғанбыз. Малды жайғап болып. За­йы­­­­­бым Зәбира, келінім Мейізкүл, ұлым Нартай. Бәріміз. Немерелерім Айару­ды, Жанайымды, Ерасылды балабақшаға апарып, қайтып келген едім. Мейізкүл келінім бауырсақ пі­сірген екен. Аузыма ала бергенде жер сілкінген секілденді. Газ жарылды деп ойладық. Апат болғанын біліп, ба­лабақшаға жан ұшырып жетсем, бал­дырғандарды автобуспен әкетіп үлгеріпті. Үйге оралсам, ондағыларды да алып кетіпті. Жалғыз өзім теле­мұнараға, биік жотаға қашып бара жатқандарға қосылдым. Түстен кейін темір көлікпен 43-ші разъезге апарды. Автобуспен Монтайтасқа жеткізді. Жүз елудей адамды үшке бөлді. Кешкі сағат жетіде Шымкентке, Ақмешітке жеттік қой. Әйелімнен, ұлым мен келінімнен, немерелерімнен адасып қалдым... Алайда айналайындар аман-есен, осындай қамқорлықта екеніне сенемін. Алғысым шексіз. Елге. Жұрт­қа. Облыстың, республиканың, аудан, қалалардың басшыларына. Әне, анау ақ желеңді қыздар жаңа ға­на қан қысымымды өлшеп, дәрі беріп кетті».

«Менің аты-жөнім Әсия Марат­қызы Шыңғысбай, ағай. Мынау қо­лым­дағы көтеріп жүргенім бір жарым жасар Нұрәлиім ғой. Марғұлан деген баламды таппай жүрмін. Жаңа хабарлады. Менің ұлымды атағандай болды. Микрофон жаққа асығып барамын. Кешіріңіз...»

Шай ішіп отырған ақ жаулықты ананың қасына жақындадық. Аманкүл Күдерованың Ержан, Нұртөре дейтін ұлдары, Айгүл, Нұргүл дейтін қыздары мен жиырма шақты немересі – бәрі осында екен. «Әуелі Алла тағалаға мың тәубе, сосын мына мейірімді ел­ге, қайырымды қазағыма рахмет! Бар екен халқым! – деп, өксіп жылап жіберді Аманкүл. – Немерелерім мешіт­тің ауласында ойнап жүр. Мек­тепке барып түнейтінімізді айтып кетті жаңа».

Түс ауа келгеннен түнге дейін та­мақ тасып, адасқандарды табыстырып, психологиялық жағынан жәрдем жа­сап, жұбатып жүрген еріктілер қан­шама! Екі қызды әңгімеге тарттық. Бірі Назерке, екіншісі Жансая. «Ата, мен сізді білемін ғой, «Жоғалған Жұр­­нақ» деген трагедияңызды теа­трдан көргенмін. Ол 86-жылдың қасіреті еді. Мынадай да жағдай болады деп ойладық па?! Түстен бері жүздеген адамды, ондаған отбасыны қаладағы қайырымды адамдар үйлеріне әкетіп жатыр. Бірталайын бірге апарыстық. Кейбір балалар қи­налып, сөйлей алмай, өз аттарын да айта алмай қалады екен мұндайда. Бас­тарынан сипап, беттерінен сүйіп, бар ықыласымызды салып, жан­себілденеміз ғой, ата. Шоковое сос­­­тоя­­ниеден шыққандарына қат­ты қуа­намыз. Әке-шешелерімен шұр­­қы­рап, шырқырап табысқан ба­ла­лардың жай-күйін көргенде...» На­зерке мен Жансая көз жастарына бу­лықты. Әзер жұбаттық.

Міне, Түркістан облыстық спорт­ бас­қармасының өкілі, Төле би­ ауда­­нындағы «Бәйшешек» сауық­тыру орнының басшысы Бер­далы Бай­дүйсенұлы Әділбеков елу адамды ав­тобуспен әкетіп барады. «Біздің мек­тепке жүріңіздер!», «Біздің үй­­ге­ жүріңіздер!», «Баламды таптым! Тап­­тым ғой жанымды! Рахмет бә­ріңе!» деген дауыстар естіледі. Ішкі іс­­тер департаментінің өкілі, полиция майо­ры Ержан Әбілқасымов тағы да ада­­­сып қалған балалардың тізімін оқи бас­­тады.

Ахметжан қажы да қатты толқулы. Жанарлары жасаурайды. Алғашқы арыс­тықтар таңертеңгі сағат он бір­ге таман таксилермен жете бастап­ты. Таксилер де тегін жұмыс істепті. Әсі­ресе автобуспен жеткен балабақша бал­­дырғандарын қабылдау қиын болып­ты. Түсінікті ғой. Ақмешіт жанында 300 жасөспірім жазғы лагерь­де екен. Соларға арналған түскі та­мақ Арыс­тан келген балаларға беріл­ген. Көп ұзамай-ақ Шымқаланың тұр­ғын­дары сусындар, жемістер, көк­өніс­тер, ыстық тамақ әкеле бастаған. Әкім­дік­тер, полиция, денсаулық сақтау саласы, Nur Otan, т.б. партия­лар, ұйым­дар, ұжымдар, жас­тар, ерік­тілер...

«Аға, көріп тұрсыз ғой, таңертеңгі сағат 11-ге жетпей келе бастаған. Арыстықтар. Міне, түнгі сағат 11-ден ас­ты. Көмекке келгендер көбеймесе азаяр емес. Қаржы түсіп жатыр, киім-кешек, тамақ... Жастарға ризамыз, аға. Қараңызшы, қоқыстарды өздері тазалап жүр. Ешкім айтпай-ақ. Алла разы болсын! Біздің елдің ертеңі сенімді екен, аға! Ел екенбіз!» дейді Ахметжан қажы.

Ай, айналайын Арысым-ай... Дей­міз біз. Қайта-қайта. Күбірлеп.

Ұлы данышпан әл-Фараби бабамыз бәдіздегендей, адами затыңызды адам етіп сақтайтын ең қасиетті құнды­лық – Қайырымдылық. Қасіретті Қайы­рымдылық жеңеді.  


Мархабат БАЙҒҰТ