Үкімет • 26 Маусым, 2019

Президент бағдарламасын іске асыру – Үкіметтің негізгі міндеті

145 реткөрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Вице-премьер Жеңіс Қасымбектің, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың, Ішкі істер министрі Ерлан Тұр­ғым­баевтың Түркістан облысының Арыс қаласындағы төтенше жағдай орнында жүргізіліп жатқан жұмыстар және зардап шегушілерге медициналық көмек көрсету туралы баяндамалары тыңдалды.

Арыс тіршілігі тез-ақ қалпына келтіріледі

«Барлық күш жұмылдырылды. Арыс қаласының тұрғындары кө­ші­рілді. Өкінішке қарай, екі адам қаза тапты. Жақындары мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын» деген А.Мамин Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев­тың тапсырмасына сәйкес тұр­ғын үйлерге, әлеуметтік және инфра­құ­рылымдық нысандарға, қала тір­шілігін қамтамасыз етуші нысан­дарға тигізілген залал бағала­натынын айтты.

«Арыс қаласының тұрғын үй қоры және инфрақұрылымы қысқа мерзім ішінде қалпына келтіріледі. Қажетті қаражат бөлініп, тиіс­ті шешімдер қабылданады. Елі­міз­дің барлық азаматын Арыс қала­сы тұрғындарының жағдайы алаң­да­туда, қолдан келген көмектерін ұсынып жатыр. Осыған орай, Арыс қаласының тұрғындарына көмек көрсету мақсатында қаражат жинау бойынша Nur Otan партиясының бастамасын қолдауға шақырамын», деді А.Мамин.

 

Бағдарлама халықтың әл-ауқатын арттырады

Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу»  сайлауалды бағдарламасын және «Бірге» жалпыұлттық акциясы барысында азаматтардан алын­ған ұсыныстарды іске асыру жө­ніндегі іс-қимыл жоспары қаралды. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы ми­нистрі Ә.Смайыловтың айтуынша, Іс-қимыл жоспарында мем­ле­кеттік қызметшілердің мемле­кет­тік бағдарламаларды іске асы­руға және бюджет қаражатын пайдалануға жауапкершілігі мен есеп берушілігін арттыруға ерекше назар аударылған.

«Салық түрлерін оңтайлан­ды­руды жүзеге асыру және салықтық әкім­шілендіруді цифрландыру қажет. Салық кредиттерін беру тетігі енгізіледі. Мемлекеттік сатып алуды және квазимемлекеттік сектор­дың сатып алуы бойынша заңна­маны және құқық қолдану прак­тикасын жетілдіру жөнінде шара­лар қабылданады», деді Ә.Смайылов.

Іс-қимыл жоспары аясында Ұлт­тық қордан берілетін трансферт­терді пайдалануды шектеу және бюд­жеттің шикізат секторына тәуел­ділігі мәселесі пысықталады, қор нарығын дамыту және ұлттық компаниялардың ІРО-сын өткізу жөніндегі жұмыс жалғасады.

Сонымен қоса, әлеуметтік көмек­тің ашықтығы мен атаулылығын қамтамасыз етуге, әлеуметтік қол­дау­дың кепілдік берілген көлемінің бірыңғай стандарттарын белгілеуге баса назар аударылады. 

Білім беру саласында да оң өзгерістер күтіледі. Балаларды мектепке дейінгі сапалы біліммен толық қамтуға, орта білімді жаңартылған мазмұнға көшіруді аяқтауға, 12 жылдық білім беруге кезең-кезеңмен көшуге, үштілділікті енгізуге, ғылымның ел дамуына қосқан үлесін күшейтуге бағытталған «Білім мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі» мемлекеттік бағдарламасы әзір­ленеді. Мұғалімдердің мәрте­бесін қолдау үшін «Педагог мәрте­бесі туралы» заң жобасы әзірлен­ді. «Еңбек» мемлекеттік бағдарла­масында жұмыспен қамтуға жәр­демдесу тетіктері жетілдіріледі.

 

Қарқынды экономика –  әл-ауқат негізі

Премьер-Министрдің орынбасары Ж. Қасымбек өз кезегінде Іс-шаралар жоспарының «Өр­леу» бөлімінде экономиканы, инфра­құрылымды, қолжетімді тұрғын үйді, қоршаған ортаны динамикалық дамытуға және заманауи ауылды құруға бағытталған іс-шаралар қарастырылғанын айтты.

Жылдың соңына дейін 2020–2025 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін одан әрі жақсартуға бағытталады.

Іс-шаралар жоспарын іске асыру аясында жер қойнауын пайда­ланушылар мен жүйе құрушы кәсіп­орындарды, сатып алуда жергілікті қамтуды арттыру үшін жеке шаралар кешені әзірленуде.

1 қарашаға дейін Агро­өнер­кәсіптік кешенді субсидиялаудың тиімділігі мен ашықтығын арттыру, жер ресурс­тарын және жайылымдарды тиімді пайдалану, жаңа суармалы ауыл шаруашылығы жерлерін кеңейту мақсатында Агро­өнеркәсіптік ке­шен­ді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдар­ла­маға өзгертулер енгізіледі. Соны­мен қатар Ж.Қасымбек жыл со­ңына дейін Үкімет 2020-2025 жыл­дарға арналған инфрақұ­ры­лымды дамытудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын қабыл­дайтынын айтты. Орталық – Шығыс, Орталық – Оңтүстік, Орталық – Сол­түстік және Орталық – Батыс дәліз­дерінде елдің біртұтас көлік жүйесін қалыптастыру аяқталады.

Мемлекеттік бағдарлама шең­бер­інде республикалық маңызы бар 7 мың шақырым жолды қайта жөндеу және 11 мың шақырымға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Барлық жұмыстардың түр­лері (жөндеу, құрылыс және қай­та жаңарту) 30 мың шақырым жер­гілікті жолдарда жүргізіледі. Бұдан өзге, елімізді газдандыру шеңберінде Үкімет «Сарыарқа» газ құбырының құрылысын уақытында аяқтауды қамтамасыз етеді. Газ құбырының іске қосылуы Нұр-Сұлтан, Қара­ғанды, Теміртау және Жезқазған қалаларын және 171 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ олардың экологиялық жағдайын жақсартады.

Тұрғын үй қолжетімділігін және тұрғын үй саясатының ашықтығын арттыру мақсатында ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін бар­лық қолданыстағы тұрғын үй бағ­дар­ламалары бірыңғай тұрғын үй саясатын біріктіреді. Жыл соңына дейін Үкімет 2025 жылға дейінгі «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын мақұлдайды.

Көп балалы отбасылардың тұр­ғын үй мәселелерін шешу үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін 40 мың жалдамалы тұрғын үй құрылысы қарастырылған. Жыл соңына дейін 7 мыңнан астам отбасы қамтамасыз етіледі. Жұмыс істейтін жастардың тұрғын үй мәселелерін шешу үшін 3 жылда 3 мың пәтер салынады. Осы жылдың 1 желтоқсанына дейін, Үкімет 2025 жылға дейін өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын бекітеді. Негізгі мақсат – бақыланатын урбанизация арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттыру, «қадамдық қол­же­тімділік» қағидаты бойынша халық­қа қоғамдық және әлеуметтік жеңіл­дік­терді арттыру. Ауылдық елді ме­кендерді дамыту бойынша «Ауыл – ел бесігі» кешенді бағдар­ламасы қарастырылған. Облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып биыл 52 ауылдық елді мекен таңдалды,  452 іс-шара жүзеге асырылады.

Сонымен қатар Нұр-Сұл­тан, Алматы және Шымкент қала­лары­ның шет аймақтарын дамытуға ерекше назар аударылады, өйткені халықтың бестен бір бөлігі қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген. Алдағы үш жылда 85-тен  астам жоба жүзеге асырылып, жарты миллионнан астам адамның өмір сапасы жақсарады.

 

Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу
А.Мамин барлық мемлекеттік органдарға Президенттің сайлауалды бағдарламасының іс-қимыл жоспарының міндеттерін шешуге жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Іс-қимыл жоспарын уақтылы әрі сапалы орындау азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз етіп, әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

Үкіметтің Жоспарды орындау жөніндегі жұмысы сайлауалды нау­­қа­нының қағидаларына жауап береді: Бұл – сабақтастық, әділ­дік, өрлеу. «Сабақтастық» қағи­даты аясында Үкімет жұмысы ел да­муының жаңа кезеңінде Елбасы бағдарын тиімді жалғастыруға бағыт­талады, бұл: 2050 жылға дейінгі Стра­тегияны, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, Елбасының әлеуметтік бастамаларын орындау, сондай-ақ қоғамдық ке­лісімді қамтамасыз ету және жал­пы­ұлттық бірлік тетіктерін нығайту.

«Әділдік» қағидасы сот жү­йе­сін одан әрі жетілдіру, қоғам­дық қауіпсіздікті арттыру, барлық деңгейде жемқорлықты түп-та­мырымен жою арқылы қамтамасыз етіледі. Бұдан өзге, әлеуметтік қам­сыз­дандырудың тиімді жүйесі, халыққа білім берудің заманауи стандарттары енгізіледі, медици­налық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі артады, сапалы жұ­мыс орындарын құру шаралары қабылданады.

«Өрлеу» қағидаты аясында халықтың әл-ауқаты одан әрі жақ­сартылады, ауылдарды дамыту, бизнесті қолдау, экологиялық жағдайды жақсарту, қаржы жүйе­сінің тиімділігін арттыру шаралары қамтамасыз етіледі. Өрлеудің қозғаушы күшіне айналуы тиісті, елдің дамуындағы жастардың рөлін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.

«Біз, әсіресе әлеуметтік сипат­тағы мәселелерді шешуде белсенді позицияны ұстануымыз керек. Мемлекеттің барлық әлеуметтік мін­деттемелері мүлтіксіз және толық көлемде орындалуы тиіс» деген А.Мамин мемлекеттік органдарға сарапшылар қауымдастығын тарта отырып, нақты нәтижеге қол жеткізуге бағытталған шаралар жос­парын әзірлеуді, Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді халықпен бірлесе іске асыруды тапсырды.

 

29 млрд теңге инвестиция тартылды

Үкімет отырысында ақпараттық технологиялар саласындағы инно­ва­циялық экожүйені дамыту мәселелері туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрі Асқар Жұмағалиев баяндады.

А.Жұмағалиев 2018 жылы As­ta­na Hub халықаралық технопаркі ашылған сәттен бері АT-стартаптарға жалпы көлемі 29 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылғанын жеткізді.

Astana Hub технопаркіндегі жұмыс көлемінің артуы бағдар­ла­ма­лардың инвестициялық тартым­дылығы мен жоғары қызығушылыққа ие екенін дәлелдейді. Бүгінде  технопарк 100%-ға толық, 260-тан астам жоба, яғни 1000-нан астам адам инкубация және акселерация бағдарламаларынан өткен.

Стартаптарды әрі қарай зерттеу және білім беру жағынан қолдау көрсету үшін технопаркте CISCO, IBM, Huawei, Intellisense сияқты ком­па­ниялардың 16 R&D-орталығы ашылды. Бұл орталықтарда кеңес беру, техникалық сараптама жүр­гізу, арнайы жабдықтар мен бағ­дар­ламалық қамтамасыз етулер қолжетімді. Жаңашыл қызметкерлер үшін тұрақты негізде білім беру іс-шаралары өткізіліп тұрады. Ұйымдастырылған 122 кездесуге 2500-ге жуық тыңдаушы қатысқан.

Astana Hub Халықаралық тех­нологиялық паркінің бас директоры Джозеф Циглер Astana Hub  ашылған сәттен бері start-up экожүйелер салуда белгілі бір табысқа қол жеткізілгенін атап өтті. Өткен жылы Astana Hub базасында 500-ден астам іс-шара өткізілген, бұл 20 000-нан аса  адам келген еліміздегі №1 АТ-орталық болды.

 

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Тойтөбеге  саяхат 

Аймақтар • Кеше

Ай соңына дейін жұмысын аяқтайды

Аймақтар • 19 Шілде, 2019

Арыс балалары Бөбекте демалады

Аймақтар • 19 Шілде, 2019

Қарсыласы қарымды

Кәсіпқой бокс • 19 Шілде, 2019

Полицей сәбиді құтқарып қалды

Аймақтар • 19 Шілде, 2019

Тандыр наннан шеге шықты

Аймақтар • 19 Шілде, 2019

Аптап ыстықта өрт көбеюі мүмкін

Аймақтар • 19 Шілде, 2019

Игі істің игілігін көруде

Аймақтар • 19 Шілде, 2019

«Жәрдем» жобасының жәрдемі

Аймақтар • 19 Шілде, 2019

Әкімдерге бағаны халық беруі керек

Қазақстан • 19 Шілде, 2019

Ұқсас жаңалықтар