Қылмыс құрықталмай қоймайды
Сейсенбі, 5 наурыз 2013 7:24
Тәуелсіз Қазақстанның даму тарихында құқық қорғау жүйесі жоғары тиімділікке жету мақсат етілген әлеуметтік-экономикалық реформаларды құқықтық сүйемелдеуге бағытталған айрықша мәнге ие. Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында «Қазақстанның тәуелсіздігі жылдары ішінде демократиялық және құқықтық мемлекеттің сұранысына сай келетін құқық қорғау жүйесі қалыптасып, тұтас алғанда тиімді жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар, мемлекеттің құқық қорғау қызметі одан әрі дамытуды және жетілдіруді талап етеді…» деп атап көрсетілген.
Сейсенбі, 5 наурыз 2013 7:24
Тәуелсіз Қазақстанның даму тарихында құқық қорғау жүйесі жоғары тиімділікке жету мақсат етілген әлеуметтік-экономикалық реформаларды құқықтық сүйемелдеуге бағытталған айрықша мәнге ие. Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында «Қазақстанның тәуелсіздігі жылдары ішінде демократиялық және құқықтық мемлекеттің сұранысына сай келетін құқық қорғау жүйесі қалыптасып, тұтас алғанда тиімді жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар, мемлекеттің құқық қорғау қызметі одан әрі дамытуды және жетілдіруді талап етеді…» деп атап көрсетілген.
Құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғырту жөніндегі тұжырымдамалық бағыттарды іске асыру Елбасының 2010 жылғы 17 тамыздағы «Қазақстан Республикасындағы құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығында көрініс тапты. Жарлықта қажетті шаралардың қатарында құқық қорғау органдары мен жалпы құқық қорғау жүйесінің қызметін реттейтін заңнаманы жетілдіру көзделген.
Құқық қорғау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу жүйесін одан әрі жетілдірудің нақты жолдарын анықтап берген келесі стратегиялық құжат – Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы болып табылады. Онда тәртіпсіздіктер мен жемқорлықпен мүлдем төзбеушілік принципін ұстану мақсатында құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің реформасын жалғастыру қажеттілігі атап өтілген. Мемлекет басшысы соңғы үш жылда құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің бірқатар маңызды реформалары жүргізілді. Құқықтық база жақсартылды, қызметтер нақты айқындалып, олардың қайталануы жойылды. Қылмысқа қатысты саясат ізгілендірілді деп атап айтты.
Сонымен бірге, бүгінгі таңда әлі де құқық қорғау жүйесінде кезек күттірмей кешенді түрде шешуді қажет ететін күрделі мәселелер бар. Атап айтар болсақ, құқық қорғау органдарын кадрмен қамтамасыз етудің тиімсіз тетігі, кадрларды даярлау және қайта даярлаудың тиімсіздігі, құқық қорғау органдарының ұйымдастырушылық функционалдық құрылымының жеткіліксіздігі, жас қызметкерлерге тәжірибе берудегі сабақтастықтың жоқтығы (тәлімгерлік), қарапайым халықтың құқық қорғау органдарына деген сенім деңгейінің төмендігі. Мемлекеттің құқық қорғау қызметін одан әрі тұрақты дамыту мақсатында Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігі, Қауіпсіздік Кеңесі мен Үкіметтің алдында бірқатар нақты стратегиялық міндеттер қойды.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауда берген тапсырмалары аясында құқық қорғау органдары қызметкерлерін ақшалай қамтамасыз ету және зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін арттыру жөніндегі іс-қимыл жоспары әзірленетін болады. Сонымен қатар, 2013 жылдан бастап арнайы атақтар үшін төленетін қосымша ақы мөлшері әскери атақтар бойынша төленетін жалақы деңгейіне дейін көтерілетін болады.
Президент тапсырмаларын орындау барысында құқық қорғау органдарының кадрлық саясаты түбегейлі жақсартылады. Құқық қорғау және арнайы органдар жетекшілерінің Президенттік резерві қалыптастырылады, Жоғары аттестаттау комиссиясы базасында құқық қорғау органдарындағы кадр саясаты жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін құрылым құрылатын болады.
Аталған тапсырмалар Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 79, 80-тармақтарында да көрініс тапты.
Мемлекеттің құқық қорғау қызметінің дамуындағы маңызды белестердің бірі құқық қорғау органдары қызметінің жүйелі негізін білдіретін «Құқық қорғау қызметі туралы» заңның қабылдануы болды. Оның кіріспесіне сәйкес, заң Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметіне орналасуға, оны атқару және қызметтің тоқтатылуына қатысты қоғамдық қатынастарды реттейді, сондай-ақ, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құқықтық жағдайын (мәртебесін), материалдық қамтамасыз етілуі және әлеуметтік қорғалуын айқындайды.
Аталған заңда алғаш рет «құқық қорғау органы» түсінігі айқындалды. Заңның 1-бабының 7-тармақшасына сәйкес құқық қорғау органы – адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделерінің сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз ететін, өз құзыретіне сәйкес қылмыстылыққа және өзге де құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттің саясатын іске асыратын, заңдылықты қамтамасыз ету мен қоғамдық тәртіпті қолдау, құқық бұзушылықтарды анықтау, алдын алу, жолын кесу, тергеу, қылмыстық істер бойынша сот шешімдерін атқару жөнінде арнаулы өкілеттіктер берілген мемлекеттік орган.
Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының Ішкі істер министрлігінің 2011 жылғы 17 қаңтардағы кеңейтілген алқа отырысында берген тапсырмасына сәйкес, жоғарыда аталған заңға ақпараттың шындыққа сәйкестігін анықтау бойынша, соның ішінде құқық қорғау органдарына жұмысқа қабылдау кезінде арнайы техникалық құралдардың қолдану мәселелері бойынша түзетулер енгізілуде.
Құқық қорғау жүйесін жетілдіру үрдісіндегі маңызды оқиғалардың бірі Президенттің 2012 жылғы 8 сәуірдегі Жарлығында көзделген құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кезектен тыс аттестаттаудан өткізілуі болды. Кезектен тыс өткізілген аттестаттау құқық қорғау қызметі органдарының құқық қорғау жүйесінің беделіне нұқсан келтіріп жүрген біліксіз қызметкерлерден тазартуға септігін тигізді. Мәселен, аттестаттауға жіберілген 110 мың құқық қорғау органдары қызметкерлерінің 20 пайызы кезектен тыс аттестаттаудан өтпей қалды. Кезектен тыс өткізілген аттестаттау нәтижесі бойынша құқық қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру және кадр саясатын жақсарту жолдары айқындалды.
Сонымен қатар, құқық қорғау жүйесін жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі құқық қорғау жүйесін ғылыми қамтамасыз етуді жетілдіру болып табылады. Осыған орай, Мемлекет басшысының 2013 жылғы 30 қаңтарда құқық қорғау органдарының басшылық құрамымен өткізілген кеңесте берген тапсырмасы бойынша Бас прокуратураның базасында құқық қорғау қызметінің проблемалары бойынша Ведомствоаралық ғылыми зерттеу институтын құру мәселелері бойынша іс-шаралар атқарылуда.
Зерттеу барысында құқық қорғау жүйесі қызметіне жаңа көзқарасты айқындау, одан әрі құқықтық жетілдіруді қажет ететін бағыттарды іздеу мақсатын көздеген сараптамалық сауалнама жүргізілді. Сұралған барлық сарапшылардың құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелерін өзекті деп көрсеткенін атап өту керек. 51,3 пайыз – сарапшылардың пікірі бойынша құқық қорғау қызметі туралы заңнаманы жетілдіру мәселесі көкейкесті болып табылса, 41 пайызы ең алдымен, олардың жұмысының түрлері мен тәсілдерін жетілдіру қажет деп санайды, ал сұралғандардың 39,8 пайызы кадр саясатының тұрақтылығын атап өтті. Сұралған сарапшылардың 29,5 пайызы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігі мен тәртібіне қойылатын талаптарды күшейту қажеттілігін атап өтті.
Сол себепті, сараптамалық сауалнама нәтижелері құқық қорғау жүйесінің жетілдіру қажеттілігі, қоғамдық қатынастардың қарастырылып отырған саласының ұйымдастырушылық және құқықтық аспектілерін қозғайтын қабылданған бағдарламалық құжаттардың өзектілігі мен уақыттылығын толық көлемде дәлелдеп отыр.
Материалдық және процессуалдық заңнаманы кешенді жетілдіру құқық қорғау жүйесін реформалаудың келесі кезеңіне ауысуға үлкен қадам болып табылады. Сөзсіз, әзірлеушілердің күштері, ең алдымен, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерінің тиімді қорғалуына бағытталған қылмыстық сот өндірісінің негіз қалаушы қағидаларын кезеңімен жүзеге асыруға бағытталуы тиіс. Мәселен, Қылмыстық кодекс жобасымен халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, екібөлікті қылмыстық жазаланатын әрекет енгізіледі. Сонымен бірге, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінен қылмыстық әрекет дәрежесіне 80-нен аса әкімшілік құқық бұзушылықты ауыстыру ұсынылып отыр.
Жазалау жүйесі және қылмыстық-құқықтық санкциялар пысықталуда, жаңа қылмыс күнә құрамдары енгізілуде (компьютерлік қылмыстар бойынша, медицина саласында).
Қылмыстық іс жүргізу кодексі жобасымен сотқа дейінгі өндірісті ықшамдау, бұлтартпау шаралары ретінде қамауды санкциялау мәселелерін шешетін тергеу төрешісі институтын енгізу, конституциялық немесе басқа адам құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын тергеу әрекеттерін прокурормен санкциялау көзделген.
Қылмыстық-атқару кодексі жобасымен заңдылықты және қорғалатын сотталғандардың мүдделерін бұзуға қолайлы жағдай туғызатын, жазалаудың аяқталу мерзімін қолдану тәртібін нақты реттеудің жоқтығына байланысты, жазалау мерзімін есептеу тәртібі ережесін бекіту; түзеу мекемелерінің камераларында және тергеу изоляторларында сотталғандарды ұстау тәртібін реттейтін, бөлек тарау көздеп, бұндай құқықтық қатынастардың заңға тәуелді тәртібіне жөнелттірмей бас бостандығынан айыруды атқарудың құқықтық реттеуін тәптіштеу ұсынылады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс жобасы жемқорлық құқық бұзушылық жасауға мүмкіндік туғызатын нормаларды шығару жолымен әкімшілік заңнаманы айтарлықтай реформалауға, әкімшілік жауапқа тарту процедурасына сараланған тәсілдер қолдануға, сондай-ақ, бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылықты көздейтін нормаларды бекітуге бағытталған.
Құқықтық саясат тұжырымдамасына сәйкес Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің жаңа редакциясында, әкімшілік жаза қылмыстық құқық бұзушылық үшін жүктелетін жазадан аспауы керек екендігіне сүйене отырып, үлкен қоғамдық қатер туғызбайтын әкімшілік жаза мөлшерін мемлекеттің баламалығы жағынан жетілдіруді қайта қарау ұсынылады. Сөйтіп, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің жазалайтын функцияларын мадақтайтын және алдын алу функцияларына өзгерту жазалау түрінен әкімшілік актіні орындауды қамтамасыз ету шараларына әкімшілік жазалау шараларын қайта қарастыру туралы мәселесін туғызады.
Жалпы алғанда, бүгінгі таңда құқық қорғау органдары туралы заңнаманы жетілдіру басымдықтары айқындалды, мемлекеттік аппарат алдында нақты міндеттер қойылды. Оларды шешу арқылы құқық қорғау органдарының өз қызметтерін атқаруда кәсібилік пен сапаға, қарапайым халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыруға, құқық қорғау жүйесінің үлкен абыройға ие болуына кезеңімен жетуге септігін тигізеді.
Берік ИМАШЕВ, Әділет министрі.