Бұл баяндаманы ҚР БҒМ тапсырысы бойынша және мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың қолдауымен ҚР «Сандж зерттеу орталығы» тәуелсіз зерттеу компаниясы дайындады және еліміздің балалар құқықтарын сақтау саласындағы жетістіктер бойынша да, сондай-ақ шұғыл шаралар қабылдауды талап ететін проблемалық мәселелер бойынша да ақпаратты қамтиды. Соңғы бес жылда балалар санының өсуінің оң динамикасы байқалады, жыл сайынғы өсім 2,6%-ды құрайды. 2018 жылдың соңында 0-ден 18 жасқа дейінгі балалардың саны 5 944 828 адамды құрады.
Балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтудың өсуі байқалады. 2017 жылы 3-6 жастағы балаларды қамту 90,5%, 2018 жылы 95,2%-ды құрады. Бұған 2018 жылы мектепке дейінгі білім беруге мемлекеттік бюджет шығыстарының артуы ықпал етті (2017 жылға қарағанда 5,6%-ға артты).
Елде орта білімге қол жеткізудің жоғары деңгейі сақталуда. Соңғы жылдары оқушылар контингентінің өсуі байқалады (2018 жылы өткен жылмен салыстырғанда 3,5%-ға өсті).
Жыл сайын ана мен бала өлімі азайып келеді. 2010 жылдан бастап ана өлімі 1,6 есе төмендеді және 2018 жылы 100 мың тірі туғандарға шаққанда 14,0 құрады, нәресте өлімі – екі есе төмендеді және 2018 жылы 1000 тірі туғандарға шаққанда 7,93 құрады.
Қазақстан балалардың қорғануының негізгі көрсеткіштері бойынша дамыған елдердің деңгейіне жақындай отырып, ТМД елдерін басып озады. "KidsRights Index 2018" жыл сайынғы халықаралық зерттеулерінің деректері бойынша балалар құқықтарын сақтау индексі бойынша 182 елдің арасында Қазақстан 34-орында (0,830 балл).
Қол жеткізілген нәтижелермен қатар балалардың құқықтарын қорғау саласындағы проблемалық мәселелер де бар. Бірнеше жыл бойы Қазақстанда қолайсыз отбасылардың көрсеткіші тұрақты. Жыл сайын шамамен 15 мыңнан астам баласы бар 10-12 мың жағдайы нашар отбасы есепте тұр. 2018 жылдың соңында ішкі істер органдарының есебінде 9 137 қолайсыз отбасы тұр, оларда 14 049 бала тәрбиеленуде.
Құқық бұзушылық деңгейінің төмендеуінің жалпы динамикасына қарамастан, балалардың жыныстық қол сұғылмаушылығына байланысты қылмыстар көрсеткіші алаңдаушылық туғызады. Сексуалдық сипаттағы қылмыстардың үлесі балаларға қатысты қылмыстардың барлық түрлерінің жалпы санынан 35% құрайды.
Буллингтің жасөспірімдер ортасында таралу мәселесі ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Балаларға әлеуметтік сауалнама жүргізу нәтижелері бойынша, Қазақстанда балалардың 12,4%-ы құрбылары, үлкен балалар тарапынан эмоциялық және физикалық зорлық-зомбылықты бастан кешуде. Буллингтің салдары мектептегі психологиялық жағдайға кері әсерін тигізіп қана қоймай, сонымен қатар білім беру сапасына да әсер етеді.
Еліміз жыл сайын өлімнің сыртқы себептерінен 1000-нан астам 0-ден 18 жасқа дейінгі балаларды жоғалтады, 200 мыңға жуық түрлі жарақат алады. 2018 жылы Қазақстанда 18 жасқа дейінгі 1054 бала сыртқы себептерден қайтыс болды, 171 693 бала жарақат пен уланудың құрбаны болды.
Балалардың ақпараттық қауіпсіздігі мәселесі өзекті. Сауалнама нәтижелері бойынша балалардың жартысы (50%) интернетте 22.00-ден кейін уақыт өткізеді, балалардың 30%-ы Интернет пен әлеуметтік желілерге психологиялық тәуелді, сауалнамаға жауап берген балалардың 10%-ы зорлық-зомбылықты және діни сипаттағы идеяларды әлеуметтік тарату желілері арқылы алады. Ата-аналар тарапынан балалардың қызығушылықтарын бақылаудың нашарлығы байқалады, балалардың 40%-дан астамы ата-аналарының олардың виртуалды қызығушылықтарының бақыламайтындығын атап өтті.
Баяндамада еліміздің балаларының денсаулық және қауіпсіздік, оқыту, тәрбиелеу, демалыс, бос уақыт, әлеуметтік қолдау, жан-жақты дамуға қол жеткізу мәселелері бойынша жағдайын талдаумен танысуға болады. Онда 2018 жылы балалардың құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық заңнаманы дамыту, бала құқықтары туралы конвенцияның және балалардың құқықтарына қатысты басқа да халықаралық шарттардың ережелері туралы құқықтық ақпараттандыру мәселелері, балалардың құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық тәжірибе, ресми статистикалық деректерді талдау және орындалған әлеуметтік зерттеу негізінде әзірленген бала құқықтарын сақтау саласындағы жағдайды жақсарту жөніндегі ұсынымдар көрсетілген.
Баяндаманы балалармен жұмыс істейтін мамандар, әртүрлі министрліктер мен ведомстволар, Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары, халықаралық сарапшылар, БАҚ-тар, ата-аналар қауымдастығы және басқа да мүдделі тараптар балалардың құқықтарын сақтау саласындағы жағдайды жақсарту үшін пайдалануы мүмкін.