Аймақтар • 26 Маусым, 2019

Ақжайықтағы археология алаңы

826 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының байтақ даласы құнды тарихи қазынаға толы. Биыл жаз басталғалы өңірде бірнеше жерде археологиялық қазба жұмысы басталды.

Ақжайықтағы археология алаңы

Батыс Қазақстан облыс­тық тарих және археология орталығы мамандары Орал қаласының іргесіндегі орта­ғасырлық Жайық қаласы орнында сақталған көне обаны қазуды қолға алды. Бұл сарматтар кезеңіне жататын жерлеу кешені.

– Орал қаласының ірге­сіндегі Желтау биігінде бір­неше көне оба-қорған сақтал­ған. Болашақта ашық аспан астындағы мұражайға айналуы жоспарланған аймақ бол­ғандықтан, біз олардың кө­­біне тиіспей, сол күйінде сақ­та­ғымыз келеді. Ал қазір қазылып жат­қан бұл оба – бұрын тоналған, әрі 2003-2004 жылдары Жайық қалашығы орнын қазу кезінде техникамен бүлінген ескерт­кіш. Біздің мамандар қазба жұ­мысын барлық археологиялық талаптарға сай жүргізіп жатыр. Біз обаның әр кезеңдегі топырақ қабатын, табылған бұйымдар мен сүйекті арнайы зертханаға тапсырып, нақты ғылыми талдау жасатуды жоспарлап отырмыз, – дейді орталықтың директоры Жантас Сафуллин.

Шыңғырлау ауданындағы Се­гізсай алқабында екі жылдан бері қазба жұмыстарымен айналысып жүрген археолог Мұрат Қалменов өңірдегі 300-дей обаның тең жартысы 1966 жылдан бастап қазылып, зерттелгенін айтады. Бірақ кү­ні бүгінге дейін Сегізсай алқабындағы көне обалар туралы жинақталған қоры­тынды ғылыми еңбек жоқ. «Бұл өңірді мың жылға жуық сармат-савромат тайпалары мекендеген, ол дәуірдің барлық кезеңіне сай обалар осы жерде сақталған. Бірақ бір орталықтың немесе ғалымның жетекшілігіндегі жү­йелі зерттеу болмаған соң бұ­ған дейін жүргізілген жұмыс­тардың нәтижесі жан-жақта шашылып жатыр», дейді Мұрат Дабылұлы.

Қазақстандық археологтар­дың тағы бір назар аударып отырған нүктесі – Батыс Қазақ­стан облысы Тасқала ауданы аумағындағы Ешкітау жотасы. Мұнда қазір Білім және ғы­лым министрлігі Әлкей Мар­ғұлан атындағы археология инс­титутының Нұр-Сұлтан қала­сындағы филиалының дирек­торы Талғат Базарбайұлы бас­та­ған ғалымдар «Солтүстік-Шы­ғыс Каспий маңының тас дәуірі» грант­тық жобасы аясын­да қазба жұмысын бастаған.

– Аталмыш институттың бас сарапшысы, жетекші ғылыми қызметкері Арман Бисембаев Тасқала ауданындағы Бірлік ауылы маңынан табылған ерте темір дәуіріне жататын шамамен VII-VI ғасырға тән қола айна мен тас құрбандықты біздің музейге тапсырды. Тарихты зерделеп, өткенді ғылыми айналымға енгізу жолында еселі еңбек етіп, аймағымыздың археологиялық тынысын кеңейтуге сеп болып отырған ғалымдарға алғыс айтамын, – дейді Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану му­зейінің директоры Мирболат Ерсаев.

 

Батыс Қазақстан облысы