Руханият • 26 Маусым, 2019

Cалихитдин Айтбаевтың есімі берілді

492 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылордада Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан суретшілерінің қатысуымен ұйымдастырылған "Аға ұрпақ өнері - жастарға аманат" атты қылқалам шеберлерінің халықаралық симпозиумы өтті.

Cалихитдин Айтбаевтың есімі берілді


Cимпозиумға қатысушыларды құттықтаған облыс әкімі көркемсурет галереясына Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Салихитдин Айтбаевтың есімі берілетінін айтты.

- Қызылорда қаласы - қаймағы бұзылмаған қалың қазақтың, түбі бір түркі мәдениетінің алтын көмбесі, Қазақ Республикасының тұңғыш астанасы. Бұл жерде сан түрлі өнер туындылары көптеп кездеседі. Салихитдин Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының қоры өнер туындыларына тола берсін!, - деді ол.

Салтанатты шара кезінде Қазақстан Республикасы суретшілер кеңесінің хатшысы Жамбыл Нәтбаев облыс әкіміне қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, оған симпозиумға қатысушылардың атынан портрет сыйлады.

Ал, С.Айтбаевқа келетін болсақ, ол кескіндемеші, суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, КСРО Суретшілер Одағының мүшесі. Оның "Шопандар демалысы", "Бақыт" картиналары қазақ бейнелеу өнеріне ерекше туындылар санатында саналады. "Ә.Әлімжанов", "Ана", "Әке", "Шопан", "Абай" портреттерін, ортағасырлық Хиваның сәулет ескерткіштеріне арналған жұмыстар сериясын жазды. С.Айтбаевтың шығармалары Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайында және қазіргі заманауи өнер мұражайында сақталуда.

Даңқты суретші 1994 жылы дүниеден өтті.


Қызылорда облысы