16 Наурыз, 2013

Храпунов миллиондары немесе бұл отбасының қисапсыз байлығы қашан және қалай жиналды?

384 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Храпунов миллиондары немесе бұл отбасының қисапсыз байлығы қашан және қалай жиналды?

Сенбі, 16 наурыз 2013 2:01

Алматы қаласының экс-мэрі, бұ­рын­ғы Төтенше жағдайлар ми­нистрі Виктор Храпунов пен оның әйелі Ләйланың, балалары Ильяс пен Эльвираның меншіктеріндегі мил­лиондаған швейцар франкі мөлшеріндегі ақшалар мен бұлардан бір де кем емес мүліктері туралы сөз қозғала қалған­да, кейде менің ойыма орыстың XIX ғасырда өмір сүрген белгілі жазушысы Дмитрий Мамин-Сибиряктің желісі өзімізге бала кезімізден таныс «Привалов миллиондары» деген романы оралады. Жазушының басты қаһарманы Сергей Привалов қалай аяқ астынан миллионер бола қалса, біздің бүгінгі кейіпкеріміз Виктор Храпунов та тап солай күтпеген жерден миллиондарды қалтаға ұрып шыға келеді.

Сенбі, 16 наурыз 2013 2:01

Алматы қаласының экс-мэрі, бұ­рын­ғы Төтенше жағдайлар ми­нистрі Виктор Храпунов пен оның әйелі Ләйланың, балалары Ильяс пен Эльвираның меншіктеріндегі мил­лиондаған швейцар франкі мөлшеріндегі ақшалар мен бұлардан бір де кем емес мүліктері туралы сөз қозғала қалған­да, кейде менің ойыма орыстың XIX ғасырда өмір сүрген белгілі жазушысы Дмитрий Мамин-Сибиряктің желісі өзімізге бала кезімізден таныс «Привалов миллиондары» деген романы оралады. Жазушының басты қаһарманы Сергей Привалов қалай аяқ астынан миллионер бола қалса, біздің бүгінгі кейіпкеріміз Виктор Храпунов та тап солай күтпеген жерден миллиондарды қалтаға ұрып шыға келеді.

Бірақ бұлардың бұдан арғы тіршіліктері бір-бірімен оншалықты қабыса қоймайды. Егер баяғы заман байының мұрагері Сергей Александрович осыншалықты қазынаға әкесінен қалған мүкәмалдар арқылы қол жеткізсе, қазіргі заманның жылмаңдаған жылпосы Виктор Вячес­лавович мемлекеттің мүлкін оңды-сол­ды шашу арқылы қаржысы қыруар қал­­­талылардың қатарынан орын ала қояды.

Сонымен, Храпуновтың миллиондары қалай, қашан және қайдан келді? Әгәрәки, біз де классик жазушының ыңғайымен ғайыптан тайып, «Храпунов миллиондары» деген тарихи-деректі роман жаза қалсақ, оның негізгі желі­сін қалай құрып, фабуласын қалай өріс­тетіп әкеткен болар едік? Әлбетте, бүгінде бөтен елде безгек тигендей бо­лып безілдеп жүрген Викторды өлмес туындының өзегіндегі Сергейге ұқса­тып, біраз жылға созылған үзілістен соң туған қаласына ақбоз аттың үстімен аспандатып оралта алмаймыз. Ал келе қалған күнінде де оны мұнда сол кезде мол байлықтың күтіп тұрғанын баяндап, тағы жалған сөйлей алмасақ керек. Бұған керісінше, Виктор сол туған жерінде жүрген кезінде-ақ алуға ыңғайлы нәрсені алып, ұрлауға келетін нәрсені ұрлап, жүрген жерлерінің бәрін тып-типыл етіп, бұдан біршама уақыт бұрын шет жаққа тайып тұрған. Демек, Храпунов туралы шығарманың прологы Приваловтың елдегі мүкәмалына ие болу үшін келгені сияқты көтеріңкі көңіл-күйден емес, оның елде жүріп, ұңғысы батқанша ұрлаған дүниелерін сыртқа қалай алып қашу керегін ойлап, ойы ойран болған кескінін суреттеуден басталуы тиіс.

Біздің білуімізше, әзірге ауызша ғана жазылып үлгерген осы туындының қа­лай басталып, қалай өрбитінін бүгінде зерттеп жүргендер біздің елде де, жат жұртта да жетіп жатыр. Себебі, Қа­зақ­станның құқық қорғау органдары да, Швейцарияның әділдікті күзету­шілері де Виктор Храпунов пен оның компаниясының кенеттен қалай байып шыға келгендерін анықтап алуға құштар. Қолынан келіп тұрғанда, қонышынан басып үлгерген экс-әкім һәм экс-министрдің қалтасын алаяқтық жолмен толтырғаны, қылмыстық топ құрғаны және ақша жымқырғаны жайлы айыптаулар қазір Альпі тауының мұнар басында да қалықтап тұрып қалған сияқты.

Енді өткенді еске түсіре кетейік. Төтенше жағдайлар министрі В.Хра­пунов 2007 жылдың қарашасында қызметінен кетті. Сол уақытта ол тап осыны көптен күтіп жүргендей, бірден шұғыл жиналды да, келесі жылдың сәуір айында күллі отбасымен Швейцарияға қарай үдере жол тартты. Бастапқыда Виктор бұл аттанысты «аздап денсаулығын жөндеп алу үшін» деп бүркемелегенімен, оның енді қайтып елге оралғысы келмейтіні әу бастан білініп қалды. Мұның «жай қыдырып барып, ұзақ уақыт жатып қайту» емес, нағыз желе жортып, суыт қашу екенін бірнеше фактор айқындап та береді. Біріншіден, ол шалғынды-қарлы шығанға барарында ТУ-154 ұшағын жалдап шықты. Көзі көргендер осы алып лайнердің өзіне қашқын шенеунік пен оның отбасы мүшелерінің дүние-жиһаздары әрең сыйып барған деседі. Олай болса, сыртқа «денсаулығын түзеу үшін» баратын адам өзімен бірге онда салмағы 18 тоннадан асатын заттарын ала кетпесе керек. Екіншіден, осының өзін қанағат тұтқан қашқын Қазақстанда өзі мен әйелінің атында бірқатар жылжымайтын мүліктердің сол күйі сатылмаған қалпында қалып бара жатқанына да тағаттап қарай алмады.

Сол қашқын шенеунік – Виктор Храпунов бүгінде Швейцариядағы ең бай адамдардың қатарына кіреді. Айтқандай, ол осында табан басқанына жыл толар-толмаста-ақ Bilan деген сарапшылар журналының бай адамдары тізімінің қалың ортасына күмп ете түсті. Міне, сол 2009 жылдан бері Виктор Вячеславович елдегі ең жақсы қамтамасыз етілген тұрғындардың тобынан орын алып келеді. Ал «Құрылыс және жылжымайтын мүлік» деп аталатын категорияда ол 300-400 млн. швейцар франкімен (шамамен 384 млн. АҚШ доллары) екінші ондықтың кеуде қатарында тұр. Рас, қулығына құрық бойламайтын Векең келесі жылы байлықтарының бір бөлігін балаларына бөліп беріп, рейтингі бойынша соларды алға шығара қойды. Бұл, бірақ, «қосылғыштардың орындарын ауыстырғанмен, қосынды өзгермейді» деген теоремадағы сияқты, байлықты ұрлық жолмен жасаушы бас-Храпуновтан тарайтын қазынаның көлемін өзгерте алмайды. «Ақ қой, қара қой – бәрі бір қой» демекші, осының бәрі, айналып келгенде, Виктор Вячеславовичтің ақшасы екеніне ешкімнің де күмәні жоқ.

Осы жылдарда ұры әулеттің еншісіне енген дүниелері арасында Эльвира Храпунова-Бельдиманидің Женева көлі жағасындағы Cologny деген жерден  32 млн. франкке пұлдап алған ғажайып вилласы ерекше көзге түседі. Оның бұл керемет үйді сатып алуына мүмкіндік берген негізгі табыс көзі Женевадағы испан әшекейлерін сататын шағын ғана дүңгіршек көрінеді-міс. Енді бұған кім сенеді? Ал олигархтың ұлы Ильяс Храпунов болса, аста-төк жылжымайтын мүліктерді салатын Swiss Development Group SA деп аталатын жеке құрылыс компаниясын басқарады. Оның да мұнда қысқа мерзімде қол жеткізген байлығы естіген адамды есеңгіретіп жіберетіндей. Әкесінің әңгүдік жолмен ала қашқан ақшасына мастанған Ильяс, мәселен, Вевеге жақын жерден Hotel du Park деген және Во кантонында Le Mont-pelerin деп аталатын екі мейманхана сатып алыпты. Сол сияқты, Во кантонынан сатып алған Chardonne қонақүйін кейін «Парк Кемпински» деген атаулы люкс класты 24 орындық мейманханалық резиденцияға айналдырып жіберіпті. Бұлардан басқа, Валедегі Саас Фе таулы курортында мейманхана кешенін тағы алып қойыпты. Қазіргі күндері «жапырағы жайқалған» су жаңа бизнесмен бұлардан да басқа өте қымбат құнды жобаларды жүзеге асырып жатқанға ұқсайды.

Балаларының бизнес әлеміндегі «бас айналдыратын толағай табыстарына» Ләйла Храпунова ханымның да қосқан үлесі аз болмаған сияқты. Ұлы Ильястың айтуынша, ол қазақ жерінде бірінші жеке телеарнаны ашқан адам болып саналады екен. Кейін, 1998 жылы Ләйла Бекетова оны пәленбай миллион қаржыға сатып, сұмдық байып шыға келеді. Баласы бұл ақшаға сол кезде ірі зауыт та сатып алуға болатынын жеткізеді. Мұның орнына Ләйла бұл ақшаларды жылжымайтын мүліктер сатып алуға салады. Ал оның қандай айла-шарғысы болғанын біз өткен жолы Бекетова-Храпунованың Алматы қаласында балалар бақшасы ғимаратын сатып алып, оны артынша қайта сату арқылы қаншалықты «батпан құйрыққа» кенеле кеткенін жазғанбыз. Әлбетте, ол мұның бәрін қала әкімі В.Храпуновтың әйелі болғандықтан ғана жасай алды…

Үстіміздегі жылғы ақпан айында Эко­номикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай біздің елімізде бұрынғы топ-шенеунік Виктор Храпуновқа қатысты жемқорлық және экономикалық сипаттағы 20 қылмыстық істің қозғалғанын мәлімдеді. Бұлардың арасында «лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану», «заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын немесе басқалай мү­ліктерді жарату», «сеніп тапсырылған өз­генің мүлкін ірі көлемде иемденіп ке­ту немесе талан-таражға салу» деген сияқ­­ты құдайына қараған адал адам­­­дар­дың бәрінің жүректерін тас төбесіне шы­ғаратын сұмдық айыптаулар бар. Мұндай айыппен, мұндай жүкпен оның енді қалай жер басып жүретіні бізге түсініксіз.

Шамасы, қылмыстарының қиғылығы шамдарына тиіп бітсе керек, қазіргі таңда халықаралық Интерпол да ерлі-зайыпты Храпуновтарға іздеу жариялап қойды. Бұл хабарландыру халықаралық қылмыс полициясының ресми сайтынан да орын алған.

Міне, осының бәрі жоғарыдағы «Храпунов пен компания» миллиондары қалай, қашан және қайдан келгені туралы сұраққа жауап бере алса керек. Бұл қаржылар – Қазақстан халқының ақшасы. Бұл – сіз бен біздің табан ақы, маңдай терімізбен жылдар бойы жинаған игілігіміз. Соны жемсауы толмас бір жебір бір сәтте-ақ жымысқы жолмен сыртқа асырып әкетіп отыр.

Айтқандай, Д.Мамин-Сибиряк романының соңында Сергей мырза отанына тағы қайта оралып, өзінің өмірдегі ең басты байлығы, ең қымбат миллиондары саудыраған ақша емес, мұның орнына туған жерінде бақытты ұрпақ өсіру екенін айқын сезінеді. Мұндай бақытты, өкінішке орай, біздің үлгіміздегі Виктор мырза енді ешқашан басынан кешпейтін шығар, сірә!

Руслан ИГІЛІК.   

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20