Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты халықты қауіпсіз жерге көшіру барысында батыр ұландарымыз қаңғыған оқ пен жарықшақтардан сақтана жүріп қарапайым адамгершілік қағидаларының озық үлгісін көрсете білді. Бұл – объективке іліккен бір ғана суретті дәлел. Оқиға орнынан жеткен жүздеген фотосурет пен бейнекадрларда сарбаздардың әйелдер мен балаларды, қарт кісілерді кеудесімен қорғап, эвакуациялаған сәттері Арыстағы қандастарымыздың жағдайына алаңдап, іштей дұға қылып, көз жастарын шылаған талай отандастарымыздың ризашылығын туғызды.
ІІМ ТЖ комитетінің баспасөз қызметі мына суретте әйел адамды машинаға көтеріп мінгізуде біреуі тізерлеп арқасын тосып, қалғандары қолтығынан демеп жатқан Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері Абылай Бабахан, Бексұлтан Ибадулла, Үсен Қазыбек, Эльдар Қырықбаев екенін хабарлады. Олар Арыс қаласынан Шымкенттегі эвакуациялау бекетіне кезекті топты аттандыруда.
Бұл сурет өрт сөндірушілердің жауынгерге тән ерлік істерімен қатар, кісіліктің, кішіліктің дәлелі ретінде тарихта қалары анық.