Аймақтар • 27 Маусым, 2019

Қарағандыда қоқыс жинау алаңқайлары қайта құрылады

668 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасының Оңтүстік-Шығыс шағын ауданындағы Волочаев көшесінің № 45 үйінің ауласында пластиктен жасалған еуроконтейнерлер мен тұрмыстық қалдықтарға арналған торлары бар заманауи қоқыс жинау пункті ашылды.

Қарағандыда қоқыс жинау алаңқайлары қайта құрылады

Бұл қоқыс алаңқайы жақын маңдағы оннан астам көпқабатты үйлерге қызмет етеді. Тұрғындар енді қоқысты сұрыптауға дағдылана бастайды. Еуроконтейнерлермен бірге мұнда металл, пластик, картон және шыны жинайтын бөлек жәшіктер де болады.

 «ГорКомТранс» ЖШС-нің бас директоры Марат Бимағамбетов бұл жобаны іске асыру жөніндегі бастаманы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында көтергендерін айтады.

– Басты мақсат – қызмет көрсету сапасын жақсарту, қаланы таза ету және адамдарға қоқысты бөлек жинау мәдениетін үйрету. Алаңқайларды өз қаражатымызға орналастырамыз. Шығындар тарифке енбейді. Бір еуроконтейнер 85 мың теңге тұрады. Билік тарапы бұл жобаға жер учаскесін бөлу және қажетті инженерлік коммуникацияларды тартып беру сияқты көмек шаралары арқылы қатысып жатыр, – деді ол.

Сондай-ақ, Марат Бимағамбетов 2019-2020 жылдары қала бойынша дәл осындай 300 қоқыс жинау пунктін салу жоспарланғанын айтты.

Жаңа тәсіл бойынша сұрыпталып жиналған қоқыстың қайда жөнелтілетіні де алдын ала шешіліп қойылған. Мысалы Қарағандыдағы қоқыс өңдейтін зауытта пластик шөлмектерден синтетикалық талшықтарды өндіруге арналған шикізат алынады. Ол холлофайбер әзірлейтін ресейлік зауыттардың біріне жіберіледі. Картон мен қағаз құс фабрикаларының тапсырыстары бойынша жұмыртқаға арналған лотоктар шығаратын жергілікті өндірушіге жеткізіледі. Шыныдан жасалған заттарды Көкшетаудағы қайта өңдеу ісімен айналысатын фирманың бірі қабылдап алады. Сонымен қатар, пластик пен полиэтиленді іске жарататын компаниялар да қазіргі уақытта белгілі болған.

«ГорКомТранс» фирмасы іс-әрекет аясын кеңітіп, алдағы уақытта көлік паркін жаңартуды да қолға алмақшы. Компания еуроконтейнерлерге лайықталған жаңа үлгідегі қоқыс тасығыш машинасын сынап көрмекші. Егер техника сынақтап сәтті өтіп, өзінің артықшылықтарын көрсетіп жатса, онда кәсіпорын оларды сатып алатын болады.


          

Қарағанды облысы