Саясат • 27 Маусым, 2019

Биыл жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін 3 мың пәтер ұсынылады - ИИДМ

318 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Биыл жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін 3 мың пәтер ұсынылады -  ИИДМ

Бүгін ҚР Үкіметінің алаңында өткен брифингте индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр аз қамтылған отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешудің қосымша тетіктері туралы айтып берді. 

Р. Скляр атап өткендей, азаматтардың мемлекет тарапынан жалға берілетін тұрғын үй алуға құқығы бар. Тұрғын үй алуға әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтардың тізімі электронды түрде жарияланады. 

Табыс деңгейі әр түрлі мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін екі бағдарлама сәтті іске асырылып жатыр: «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы және «7-20-25» ипотекталық бағдарламасы, оларда тұрғын үй алудың түрлі тетіктері қарастырылған. 

Сонымен қоса, а.ж. ақпан айында «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Назарбаевтың берген жаңа бастамаларына сәйкес, аз қамтылған отбасылардың тұрғын үй мәселелерін жылдамдатып шешу үшін аз қамтылған көп балалы отбасыларға, толық емес отбасыларға және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған қосымша тетіктер пысықталды. 

Мұндай отбасыларға жылдығы 2%-бен, бастапқы жарнасы 10%-бен 20 жыл мерзміге несие берілетін болады. Мұндай құқығын жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар пайдалана алады. Олар тиісті бағыттау қағазын алып, осы несиені алу үшін Тұрғынүйқұрылысжинақбанкіне келулері қажет. 

Көпбалалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салу және оны алу үшін республикалық бюджеттен өңірлерге жыл сайын 50 млрд теңге немесе 7 жыл блойы 350 млрд теңге бөлу қарастырылған. Жыл сайын 6 мың жалға берілетін пәтерді сату іске асырылады. Бұл 7 жыл ішінде әкімдіктерде ресми есепте тұрған көп балалы отбасыларды 40 мың жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді (қазір кезекті 32 мың отбасы тұр). 

ҚР ИИДМ мәліметтерінше, биыл 3 165 жалға берілетін тұрғын үй құрылысы басталған, 2 883 тұрғын үй бірлігін сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар бүгінде түрлі қаражаттарды тартумен 1480 көп балалы отбасы тұрғын үймен қамтылды. 

Бұдан соң азаматтардың аз қамтылған санаттарына арналған жалға берілетін тұрғын үй құрылысын арттыру көзделіп отыр. Бұл жұмыстар Ұлттық банкпен бірлесіп жүргізіледі. Жеке инвесторлар мен құрылыс салушыларды тартумен жаңа тетіктер әзірленеді. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жұмыс істейтін жастар үшін биыл Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 1 мыңнан кем емес жалға берілетін пәтер салуды және сатып алуды қамтамасыз ету жоспарланған еді. 

«Бұл жоспарлар қайта қарастырылды. Аталған үш қалада жастарға 3 мың пәтер берілетін болады. Биыл да, 2020 жылы да, 2021 жылы да», — деді Р. Скляр.