Әлем • 28 Маусым, 2019

АҚШ пен Иран текетіресі өршіп тұр

504 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

АҚШ пен Иран арасы кезекті рет шиеленісе бастады. Бұл жолы кикілжіңнің себепкері барлаушы ұшқышсыз әуе аппараты болып отыр. Маусымның 19-ы күні Иранның әскерилері өздерінің әуе кеңістігіне кіріп кетті делінген әлгі америкалық аппаратты атып түсірген еді.

АҚШ пен Иран текетіресі өршіп тұр

Оқиға америкалықтарды дүр сіл­кіндірді. «Ұшқышсыз әуе ап­параты халықаралық кеңіс­тікте жүргенде құлатылды. Бұл Иранның Америкаға жа­са­ған шабуылы» дегенге саятын мәлім­демелерді президент Д.Трамптан бастап көпшілік америкалық жоғары деңгейдегі шенеуніктер жариялап үлгер­ген. Өз тарапынан Тегеран ұш­қыш­сыз әуе аппараты өз елінің әуе кеңістігіндегі шекарасын бұзғанына бұлтартпас дәлелі барын айтады. Америкалық­тар атып түсірілген дрон үшін Иранға әуеден соққы береміз деп те өрекпіген. Бірақ соңғы сәтте Д.Трамп бұл шешімді тоқтатты деп жазады «Неміс толқыны». Алайда The Washington Post газеті өзінің жасырын ақпарат арналарына сілтеме жасай отырып, АҚШ Иранның зымырандар ұшыратын қондырғыларының компьютерлік жүйелеріне кибершабуылдар жасап, олардың жұмысын бүлдіргенін айтады. Газет бұл операция президент Трамптың қолдауымен болғанын да ашып айтқан. Кибершабуыл­ды АҚШ «бірнеше ай бойы да­йын­даған». Бұл операцияны АҚШ-тың Орталық Барлау бас­қармасы Таяу Шығысты зерттеу­ге маманданған әскери ве­до­мст­во­ның мамандарының көме­гімен дайындаған. Шабуыл 21 мау­сымның түнінде іске асырылды деп жазады газет.

Осы деректің рас екендігін АҚШ президентінің өткір рито­ри­касының күрт төмендеп қал­ғанынан да аңғаруға болады. Дональд Трамптың әскери әуе шабуылын тоқтатқаны да осы оқиғадан кейін, 22 маусымда болды. Алайда 23 маусымда өзі­нің Туиттерден берілетін мә­лім­демесінде ол: «Мен Иранға соқ­қы беруді ешқашан тоқтатқан емеспін. Кейбіреулер мұны қате түсініп жатқан көрінеді. Мен оның орындалуын осы мезетке ғана тоқтаттым», деп жазды.

Ал сейсенбі күні сол Туит­терге: «Иранның кез келген амери­калық нысанға жасаған шабуы­лына біз анағұрлым артық күшпен жа­уап беріп отыратын боламыз» деп жазды.

24 маусымда Д.Трамп Иран­ның Жоғарғы көшбасшысы Аятолла Әли Хаменеиге және бас­қа да бір топ жоғары шенді ресми тұлғаларға қарсы эконо­ми­­калық санкция жариялады. Санкциялар осы аптада, тіпті Иран­ның Сыртқы істер министрі Джавад Зарифке қарсы да қол­да­нылуы мүмкін деген болжам бар.

Бұлар да ұшқышсыз әуе аппаратын атып түсіргенге жауап деп жарияланды. Иран пре­зи­денті Хасан Роуха­ни осы­нау әрекет­тер­ді бассыз­дық­қа балайтынын айтты. Ал Иран­ның Сыртқы істер министрі Мұ­хам­мед Джавад Зариф бұл мә­селеге байланысты: «Трамп­тың маңындағы «саяси қаршығалар» дипломатияны жек көріп, тек соғыс болғанын аңсауда» деп мәлімдеді.

АҚШ сыртқы саясатының Иранға қатысты негізгі мақсаты – оған қарсы халықаралық коалиция ұйымдастыру екені бай­қала бастады. Өткен дүйсенбі күні АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Эр-Риядқа нақ осы мақсатпен ұшып келген. Таяу Шығысқа ұшар алдында журналистерге берген сұхбатында Помпео «коалиция құрсақ, ол әлемдегі терроризм­нің демеушісіне соққы беруге да­йын болар еді» деп жарияла­ды. Соны­мен бірге ол өзінің сапарында Сауд Арабиясымен қатар БАӘ-ге де баратынын айтты. Қос  монархия АҚШ-тың Таяу Шы­ғыс­тағы ірі одақтастары болып есептеледі.

Болашақ коалицияға АҚШ Парсы шығанағының бо­йын­­дағы елдерді ғана емес, Азия мен Еуропаның бір­қа­тар мемлекетін тартпақ. 24 маусымда Сауд Арабиясының королі Салман әл-Саудпен бол­ған келіссөздер туралы өзін­ің Туиттердегі мәлім­де­месін­де Мем­лекеттік хатшы ке­ліс­сөз­­дердің өнімді бол­ғанын жаз­­ды. «Біздің мақсаты­мыз Ормуз бұ­ғазындағы тыныш­тық­ты қам­тамасыз ету» деп жазды ол. 195 шақырымдық Ормуз бұғазы­ның солтүстік жағалауы Иранның жері екендігін еске сала кетеміз.

Болашақ коалицияға АҚШ Ресейді де тартпақ ниетте еке­ні сезіліп тұр. 24 маусымда Ресей Фе­де­рациясы Қауіпсіздік ке­ңесі­нің хатшысы Николай Патрушев Иерусалимге барып, Израиль президенті Бенья­­мин Нетаньяху және АҚШ пре­зидентінің ұлттық қауіп­сіздік жөніндегі көмекшісі Джон Болтонмен кездескен. Мұн­дағы негізгі мәселе Сирия­дағы ахуал болғанымен, Н.Пат­ру­шев пен Д.Болтон оңаша кез­десіп, Иран мәселесін талқы­ла­ға­ны да белгілі болды. Алай­да бұл келіссөздердің сәтті бол­мағаны тараптардың мәлім­демелерінен айқын білінді. Мәселен, келіссөзден шыққан Н.Патрушев журналистерге берген сұхбатында Иран әскерилері америкалық ұшқышсыз әуе аппаратын өздерінің әуе кеңістігін бұзу кезінде атып түсіргенін білетінін айтты. «Менің қолымда РФ Қорғаныс министрлігінің бұл туралы нақты ақпараты бар» деп жариялады ол.

Осының өзінен АҚШ-тың Иранға қарсы коалициясына Ресей тарапының қарсы шыға­тыны көрініп тұр. Енді АҚШ дип­ломатиясы Д.Трамптың Жапо­ния­ның Осака қаласында болатын G20 көшбасшыларының саммитіндегі Ресеймен екіжақты кездесуінен үмітті екенін жасырмай отыр. 28-29 маусым күндері болатын саммитте Д.Трамп Ресей Федерациясының пре­зи­денті В.Путинмен кездес­пек­ші. Осы­ның алдында Трамп «Ресей­мен қатынасты түзету керек» екенін Туиттерге жазған еді.

Айта кететін жайт, АҚШ Иранның «шабуылы» туралы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде де баян­дады. Мұнда Иран өкілі де өз ұстанымдарын жеткізді. Әзірге БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі екі елді келіссөз үстеліне отырып, мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырумен шектелді.