Қазақстан • 28 Маусым, 2019

Заң орындалмайды емес, орындауға ықылас жоқ

533 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жол жүрісі заңы бойынша мүгедек­тердің көлік құралдарын тоқтатуға белгіленген жерлерде мүгедек емес жан­дардың көлік құралын тоқтатуы немесе аялдап тұруы әкімшілік құқық бұзушылыққа жатады. Жол жүру ережесіне қатысты өзгерістерге сай мұндай жағдайда 597-баптың 4-тарауына сәй­кес 10 АЕК, яғни 25 250 теңге айыппұл салы­­нады.

Заң орындалмайды емес, орындауға ықылас жоқ

Алайда ашығын айтайық, аталған талапқа мойынсұнып жатқандар аз. Өйткені жоға­ры­да аталған орындарда небір көлік біткен иін тіре­сіп тұрады. Жалпы, тек ол орын­­дарда ғана емес, түрлі ха­лыққа қызмет көрсету меке­мелерінің, дүкендердің, әкімдік ғимараттарының, т.б. қо­ғамдық орындардың алдында көлік қоюға бос орын болмайды. Ал солардың арасында, ең жайлы да жақын орындарда мүгедек жүргізушілердің көлігін қоюы­на рұқсат етілген жер­­лер жо­ғарыда аталған заңмен белгі­­ленеді. Адамдар заңнан аттамасын деп көзге көрінер тұсқа арнайы белгі де ілінеді. Бірақ заңның бұл пәрменінен айылын жия қоятын жүргізушілер аз. Шын мәніндегі мүгедек жүргізушілер үшін ол жерде орын табылмайды.

Оның себебін жұрттың бірі көлік жүргізушілердің  мә­де­­ниетсіздігінен десе, енді бірі көше біткенді тарыл­тып, ғима­раттарды іркес-тіркес сал­ған биліктен кө­реді. Со­сын біреулері амалсыз­ «нар тәуе­келге» бар­са, біреулері әдейі біле тұра тыйым салынған орын­­ға көлігін қояды екен.­­ Мұндай құқық бұзу­шы­­­­лықтың салдары бар екендігін айтқанымызда кей­бір жүргізушілер, айып­пұл төлеуге тиісті екенін білсе де, әйтеуір бір сылтау тауып,­ құқық қорғаушылардан құты­лып кететіндігін жасыр­ма­ды.­ Мәселен, басқа жер­д­і ­айт­­­­пағанда, қалалық әкім­дік­­тің тура қарсы тарапында мүгедектер көлігіне арнал­ған үш-төрт орын бар. Бай­қасаңыз, мұнда мүгедектікті білдіретін бел­гісі жоқ көліктер тұрады. Ал сол маңайда үнемі жү­ретін жол-көлік полициясы қызметкерінен неге бұлай деп сұрасақ, айтатындары: «Олар­дың көбі мүгедектік куәліктерін көлік әйнегінен көрінетіндей етіп ішінде қалдырады» дейді. Бірақ ондай көліктер көбіне мүгедек адамның атында емес, сол көлікті жүргізетін жүр­гізу­шінің атында болып шы­ғады. Мұн­дай жағдайда көлік мүге­дек­терге рұқсат етілген жерде қал­дырылса, заң бұзған­дық емес пе?

Демек, біздің айтайын деге­німіз, бізде заң осал ма, әлде сол заң орындал­май ма? Не­гі­зінде заң орын­далмайды емес, оны орындауға ықылас жоқ. АҚШ-та бір әйел жүргізуші анасын аурухана алдына түсіру үшін мүгедек жүргізушілерге арналған орынға көлігін тоқ­татады. Артынша оған полиция жетіп келіп, жүр­гізушіден мүге­дексіз бе деп сұ­рай­ды. Әйел не себепті тоқ­тағанын айтады. По­лиция заң бойынша бұл жерге тек мүгедектігі бар жүр­гізушіге ғана тоқтауға рұқ­сат етілгенін айтып, оған лезде айыппұл жазып береді. Жүргізуші әйел шыр-пыр болып, бір-екі секундқа ғана аялдадым ғой, енді міне жүргелі жатырмын деп зар қақса да, заңның орындалуын талап еткен полиция айтқанынан қайтпады. «Заң бойынша бұл жерге мүгедек жүргізушіден басқаға тоқ­тауға болмайды. Ал сіз тоқ­та­дыңыз. Енді заң бойынша айыппұл төлейсіз» дейді. Оларда айып­пұлдың бағасы өте жоғары еке­нін ескерсек, жүргізуші әйел ендігәрі ешуақытта заңды бұзбау керек екенін естен шығар­масы анық. Ал бір жап-жас жүргізуші қыз мүгедектік белгіні көлік ішіне қойып алып, мүгедек жүргізушілерге арналған орында тұрады. Оған келген полиция қызметкеріне жүргізуші қыз өзінің мү­гедек анасының дүкенге кіріп кет­кенін, соны күтіп тұрғанын айтады. Полиция жүргізушіден дү­кенге бір­ге барып, анасымен кез­дестіруін сұрайды. Со­дан ақыр аяғында жас қыз­дың айтқаны өтірік болып шы­ғады. Сол арада жүргізуші қыз­­ға екі айыппұл салады: бірі – мүгедектігі болмаса да мүгедектік белгіні жал­ған пай­­даланғаны үшін, екіншісі – мүгедек жүргі­зу­шілерге арнал­ған орын­ға тұрғаны үшін. Екі айып­пұлдың да құны орасан екен, жүргізуші қыз­ опын­ғаннан бармағын тістеді.

Мұндай заңды шаралардан кейін жүргізушілердің дені­ заң­нан аттамасы анық.­ Сон­дықтан қашанда жүр­гізу­шілер жол­дан­ таймас үшін құқық қорғаушылар заңның орындалуын қатаң та­лап етсе, жөн болар еді. Сонда Мөңке би айт­қан­дай, «Аяз би әлін біліп, құмыр­с­қа жолын білер» еді.