Президент • 27 Маусым, 2019

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Асқар Жұмағалиевті қабылдады

434 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевті қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Асқар Жұмағалиевті қабылдады

Мемлекет басшысына министрліктің қазіргі жұмыстары мен «үлкен деректерге» және жасанды интеллектке талдау жасауға байланысты  «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жобаларының жүзеге асырылуы туралы баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев министрліктің жүргізіп жатқан жұмыстарының өзектілігін атап өтіп, көрсетілетін мемлекеттік қызметті және жалпы экономиканы цифрландырудың маңызды екенін айтты.

– Бүгінде түрлі дәрежеде кедергі келтіретін үдерістердің бәрін жойып, оларды автоматтандыру керек. Азаматтар сапалы мемлекеттік қызметті ешқандай қиындықсыз, автоматты түрде алуы тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысына еліміздегі қалыптасып жатқан инновациялық экожүйе мен оның негізі саналатын «Astana Hub» IT-стартаптар халықаралық технопаркі туралы мәлімет берілді. Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, қазіргі таңда технопарк қалыпты жағдайда жұмыс істейді және оның әлеуеті толыққанды пайдаланылуда. 260-тан астам компания акселерациядан өтті. Соның арқасында Қазақстанға 28 миллиард теңгеге жуық қаржы тартылды.