ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Алматыға барды, сапар кезінде қала мәслихатының кезектен тыс отырысына қатысты.
Асқар Мамин мәслихат депутаттарына Мемлекет басшысының қала әкімі қызметіне Бақытжан Сағынтаевты тағайындау туралы хатын оқып берді. Депутаттар ұсынылған кандидатураны бірауыздан мақұлдады.
Алматыда ҚР Үкіметінің басшысы қала активімен кездесу өткізді.
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Б. Байбекке 4 жылға жуық уақыт бойы әкім қызметінде қаланың дамуына қосқан зор үлесі үшін алғыс білдірді.
«Бауыржан Байбектің басшылығымен Алматы қаласында үлкен әлеуметтік-экономикалық, инфрақұрылымдық реформалар, туризм саласындағы жобалар жүзеге асты. Осының арқасында қаланың дамуына серпін берілді», — деді А. Мамин, экономиканың негізгі салалары бойынша оң динамика көрсетілгенін атап өтіп.
Мегаполистің жаңа әкімін таныстыру кезінде Асқар Мамин Бақытжан Сағынтаевтың жауапты басшылық қызметтердегі үлкен тәжірибесін атап өтті.
«Бақытжан Әбдірұлы – тәжірибесі үлкен, кәсіби басшы. ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы, Мемлекеттік хатшы, Премьер–Министр, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары қызметінде еліміздің дамуына зор үлес қосты», — деді А. Мамин. Б. Сағынтаев сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, Павлодар облысының әкімі, экономикалық даму және сауда министрі қызметтерін атқарды.
ҚР Үкіметінің басшысы Президенттің Алматы қаласының басшылығы алдында ауқымды міндеттерді қойып отырғанын атап өтті. Алматы — еліміздің ірі іскерлік, қаржылық, инновациялар мен инвестициялар, сондай-ақ, білім беру және мәдени орталығы. Алматы қаласы республиканың жалпы ішкі өнімнің бесінші бөлігін қамтамасыз етеді.
«Халықтың әлеуметтік жағдайын, тұрмыс сапасын жақсартуға баса көңіл бөлу қажет. Қала экономикасының және инфрақұрылымының одан әрі дамуын қамтамасыз ету қажет», — деп Асқар Мамин, жаңа әкімнің ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Алматы қаласын дамыту бойынша алға қойған барлық стратегиялық міндеттерді тиімді орындайтынына және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыға жақындағы жұмыс сапары барысында берген тапсырмаларын нақты шешетініне сенім білдірді.