Ұсақ-түйек дау-дамай сот ісіне қолбайлау болуда, сондықтан мұндай мәселені медиация арқылы шешкен жөн
Сейсенбі, 2 сәуір 2013 0:26
«Соттардың жұмысын жеңілдету мақсатында дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытуды жалғастырған жөн. Болмашы мәселелер бойынша дауларды шешу соттардан тыс тәртіппен жүргізілетіндей тетіктер қарастыру қажет». Бұл жолдар Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиялық бағдарламасында айтылған. Шынында бүгінде дау көп, соның салдарынан соттардың жұмысы тіптен ауырлап барады.
Сейсенбі, 2 сәуір 2013 0:26
«Соттардың жұмысын жеңілдету мақсатында дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытуды жалғастырған жөн. Болмашы мәселелер бойынша дауларды шешу соттардан тыс тәртіппен жүргізілетіндей тетіктер қарастыру қажет». Бұл жолдар Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиялық бағдарламасында айтылған. Шынында бүгінде дау көп, соның салдарынан соттардың жұмысы тіптен ауырлап барады. Бұл тұста медиация мәселесін жандандыру керек екені айдан анық. Жақында Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотында «Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңын насихаттау және қолдану аясы» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстелде осы мәселе кеңінен әңгіме болды.
«Жасыратын несі бар, бүгінде дауларды медиация тәртібімен шешу ісі қарқын алып отырған жоқ, – дейді Еңбекші аудандық сотының төрағасы Низамиддин Жамашов. Өткен жылы біздің аудандық сотта 3 мыңнан астам азаматтық іске шешім шығарылса, соның 8-і ғана медиация тәртібімен шешіліп, өндірістен қысқартылды. Екі-ақ қылмыстық іс осындай жолмен бітімге келді. Бұл көрсеткіш өте аз».
Сот төрағасының айтуына қарағанда, жыл сайын 500-ден 1000-ға дейін талап арыз саны көбейіп, азаматтық істер қатары күн санап өсіп келеді екен. Соның арасында, әсіресе, болмашы майда-шүйде даулар да көп. Мысалы, кейбір ұялы телефон жүйелері тұтынушы 1000 теңге қарыз болып қалғаны үшін сотқа арыз түсірген. Ал, коммуналдық қызметтерге 2-3 мың теңге қарыз болып қалып, сотқа шақырылғандардың қатары тіптен көп. Нақты деректерге қарағанда, Еңбекші аудандық сотының қарауына түскен азаматтық істердің 60 пайызға жуығы осы тектес екен. Әрине, сот органдары талап арыз түскеннен кейін барлық шағымды заң аясында қарауға мәжбүр. Бірақ мұндай істер судьялардың да, соттасушы екі жақтың да алтын уақыттарын алып, әжептәуір шығынға батыратыны анық. «Сондықтан медиацияға көп мүмкіндік беру қажет, – дейді кәсіби медиатор, заңгер Эльмира Есімбетова. Медиация – бұл турашыл, ешкімді жақтамайтын үшінші тараптың, яғни, медиатордың көмегімен дауларды соттан тыс шешетін нысана. Бұл тәртіппен іс жүргізу кезінде жеңімпаз немесе жеңілген деген ұғым болмайды. Екі тарапқа да шешім ұтымды және уақыт пен ақша шығындарының үнемділігінде. Сондықтан менің ойымша, алдағы уақытта аса ауыр қылмыстарға да медиация тәртібін қарастыру қажет. Бұл әрине, бірінші мәрте қылмыс жасағандарға және жәбірленуші жақ кешірім берген жағдайда жүзеге асуы тиіс. Құн төлеу деген бұрыннан бар дәстүр. Егер қылмыс жасаушы жәбірленуші жақпен келісімге келіп, құн төлеп жатса, әрине қылмыскерді ақтап жібермесе де жаза тағайындауда бір жеңілдіктер қарастырылуы керек. Өйткені, түрме адамның тағдырын күрт өзгертіп, мүлдем теріс тәрбие беріп, немесе мүлдем жоқ қылып жіберуі мүмкін».
Қазақ тура сөзге тоқтаған халық. Осы жағынан қарағанда медиация дәл біздің халыққа арналған заң сияқты. Дөңгелек үстел басында Словения еліндегі сот жүйесі туралы да әңгіме болды. Бұл елдің судьялары сот процесін ашпас бұрын дауласушы екі жақты мәмілеге шақырып, бұл істі медиация тәртібімен шешуге болатынын түсіндіріп, уақытша медиаторлардың ортасына тастап кетеді екен. Яғни, кез-келген азаматтық іс сотқа медиаторлардан кейін барады деген сөз. Біздің елде осы әдісті тәжірибе ретінде Алматы қаласындағы Әуезов аудандық сотында биылдан бастап енгізіпті. Қандай нәтиже беретінін уақыт көрсетеді.
«2012 жылы облыста бар-жоғы 70-ке жуық іс осы медиация арқылы келісімге келді. Біздің облыстық сот арқылы бүгінде 14 кәсіби медиатор тіркелген. Одан бөлек көптеген кәсіби емес медиаторлар бар. Әйтсе де, осы заңды ел іші әлі де жақсы білмейді. Әрине, адам сотқа ешқандай жол қалмағандықтан ашынып келеді. Сондықтан медиация заңын жандандырсақ, бұл сот ісіне үлкен жеңілдік берер еді. Республика бойынша 3 мыңнан астам судья бар. Меніңше енді кемінде 40-50 мың медиатор қажет. Қытай елінде әрбір оныншы адам медиатор міндетін атқарады екен», дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының кеңсе басшысы Орынбасар Лештаев.
Соттағы іс жүргізумен салыстырсақ, медиация жолымен даудың шешілуі аз уақыт алады. Әжептәуір уақыт үнемделеді. Себебі, дауды қарайтын уақыт тығыз болғандықтан, сот шығындарының және компаниядағы қызметкерлер өздерінің тікелей міндеттерін іс бойынша тартылған жұмыс уақыттары үнемделеді. Бұдан бөлек, «Медиация туралы» заңның 27-бабына сай төленген баж салығы Салық кодексінде қарастырылған тәртіппен төлеушіге кері қайтарылады екен. Сондықтан дөңгелек үстел басында медиация заңын ел арасында кеңінен насихаттау үшін ақпарат құралдарының алар орны ерекше екені баса айтылды.
Жанат САРБОЗОВА,
Еңбекші аудандық сотының бас маманы.
Шымкент қаласы.