Қазақстан • 30 Маусым, 2019

Елордада «Biz birgemiz!» ұранымен бейбіт митинг өтті

541 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жерұйық» паркінде «Biz birgemiz!» деген ұранмен бейбіт митинг өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат xабарлады.

Елордада «Biz birgemiz!» ұранымен бейбіт митинг өтті

Рұқсат етілген митинг негізінен елдің бірлігіне, қоғамда орын алып жатқан мәселелерге арналған. Сонымен қатар, онда сөз сөйлегендер негізінен қоғамның көңілін сырттан келіп жатқан түрлі идеяларға сенбей, елдің тұтастығына, мемлекет тарапынан қабылданып жатқан әлеуметтік бағдарламаларды қолдауға шақырды. Мәселен, Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан xалықты арандатушылыққа ермеуге шақырды.

«Тәуелсіздік жылдарында жетістіктер аз емес. Қай ел кейінгі 20-30 жылда астана салыпты, қай ел өзінің қандастарын сырттан алдырыпты? Бүгінде бірнеше елден бауырларымыз қоныс аударды. Қарап отырсақ, қаншама жетістіктер бар. Осының барлығынан айырылып қалу қандай азап, қасірет екенін білесіздер ме? Бізді тарихы 2-3 ғасырға созылған Еуропа елдерімен салыстырып жатады. Оны қалай салыстырасыз, кеше ғана бұғаудан шықтық. Енді есімізді жиып келе жатқанда бізге сабыр мен шүкіршілік керек», деді Б. Тілеухан

Өз кезегінде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы отбасылық құндылық мәселелеріне тоқталды.

«Әркім өз отбасына ие болуы керек. Ер азамат - алған әйеліңді, перзентіңді жылатпа! Әйелдерді көшеге шығарып қойып, жігіттердің  үйде отырғаны жараспайды. Отбасының жауапкершілігі ер азаматта. Мұнымен қоса, әйелдер қауымы ер азаматтарымызды бағалауды ұпытпайық», деді О. Асанғазы.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір қазақстандықтың мүддесі үшін жұмыс істеуге, ұлттық мүддені қорғауға уәде еткенін айта келе: «Барлықтарыңызды проблемаларды бірге шешуге, жақсылыққа сенуді, арсыздар мен арандатушылыққа ермеуді, намысты қолдан бермеуді, биікке ғана өрлеуді мақсат тұтсақ деп барша қазақстандықтарды шақырамын. Қазақстан біздің ортақ жеріміз! Ал біздің жерімізде әрқашан да бейбітшілік пен тұрақтылық қажет», деді.