Қоғам • 01 Шілде, 2019

Ел мен жердің тұтастығын қорғадық

394 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ерте заманда Көктүріктің тәңірқұты Мөде халқын бақытты тұрмысқа жеткізіпті деседі. Жері шүйгін, мыңғырған малы көкжазира майсада жайылып жүреді екен. Халық шат. Күндердің күнінде көрші елдің елшілері келіп, Мөденің арғымағын сұратыпты. Сұратқаны жай жылқы емес, күніне мыңға жуық шақырым шапса да шаршауды білмейтін тұлпар екен. Мөде айналасындағы би, уәзірлерінің қарсылығына қарамай, арғымақты өз қолымен беріпті. Арада біршама уақыт өте келе, көрші елдің билеушісі Мөденің ай десе аузы, күн десе көзі бар жарын өзіне тоқалдыққа сұратыпты. «Мұнан өткен қорлық болмас» деген айналасындағылардың сөзін бұл жолы да елемей, әйелін өз қолымен ұзатып салыпты.

Ел мен жердің тұтастығын қорғадық

Не сұраса да алатынына­ көзі жеткен көрші елдің би­леу­шісі үшінші кезекте екі мемлекет арасындағы мал тұяғы тимеген құнарлы жерді сұратыпты. Сонда Мөде қан­дай жауап береміз дегендей, би-уәзірлеріне сұраулы жүз­бен қарапты деседі көне аңыз. Арғымағы мен әйелін сөз­ге келмей келімсектерге жетек­тетіп жіберген тәңірқұты бұл жолы да солай шешер деп ойлаған нөкерлері «керек жерін алсын, тәңірге тәу­­бе, жер жетеді ғой» деп шу­ласыпты. Сол кезде қаһа­рына мінген тәңірқұты: «Көп­­­тігінен жер қайысып, дү­бірінен құлақ тұнған жыл­қымның бірінен іші боқ, сыр­ты түк бір арғымақ тумас дей­місің! Ажарынан ай­ ұя­лап,келбетінен күн қаймық­қан Көктүріктің әйелдерінен ма­ған жар боларлық бір ару тумас деймісің! Ал қай биең, қай әйелің саған жер туып бере алады?!» деп ұран салып, жауын тас-талқан етіпті деп сыр шертеді ескі заманнан жеткен көне аңыз...

Өткен ғасырдың жетпі­сінші жылдарының аяқ ке­зінде дүркін-дүркін әңгіме шығып жатты: «неміс халқы санымыз миллионға жетті, автономиялы ел боламыз, ол үшін Екінші дүниежүзілік со­ғыстан бұрын мекендеген Волга бойындағы жері­мізді сұраймыз» деген. Ті­лек­тері орынды. Бірақ Мәс­кеу басқаша шешім қа­был­дады. «Жер қазақ же­рі­нен берілсін» деген Сая­си бю­роның қаулысы шық­ты. Бұл қазақ жерінің біртұтас­ты­ғының тамырына балта шауып, ел іргесін сөгу жо­лы екенін әр қазақ жақсы тү­сінді. Жоғалтқанымыздың бәрі­нің орны толар, ал ата-бабамыздың қанымен суа­рыл­ған жерден айырылу – орны толмас қасірет.

Елінің амандығы үшін баласын аманатқа беретін, қо­нақты құшақ жайып қарсы алып, жалғыз малын сойып, алдына тартатын қазағымның қаулыға қарсылық білдіріп алаңға шығуы сол күндері тарихи заңдылық еді. Бұл көтеріліс 1979 жылғы, маусым айының 16-сы мен 19-ы аралығында Ақмолада өтсе, 1 шілде күні Көкшетауда ұйым­дастырылды. Бұлай деуі­ме себеп, басқа да елім, жерім деген жерлестерімізбен бір­ге өзім де сол оқиғалардың орта­сында болған едім. Үкі­мет­тің көтерілісті бүр­ке­ме­­­леп, болғанды болма­ған­­ға айналдырғаны сонша­лық, көрші өңір – көкшетау­лық­тарға тек «Ақмолада сондай жағдай болыпты» деген сыбыр сөздер ғана жет­ті. Көкшетауда болған жағ­дай­ды ақмолалықтардың біл­меуі де осыдан. Жоғарыға «алаңға 50 шақты адам ғана шық­ты» деген мәлімет кетті (Көк­шетау ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан).

Өткенге көз салсақ, еге­мен­ді ел болу жолында орыс үс­темдігіне қарсы Кенесары көтерілісі, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы, кеңес за­манында да толқулар бол­ғаны белгілі. Ал маусым көте­рілісінің күштілігі сон­дай, әсі­ресе, Ақмолада «жер­гілікті әкімшілік үрейленіп, Алматы мен Мәскеудің басшы, партия және кеңес органдарына хабарлауға мәжбүр болды. Алматыдан Қазақ КСР Мем­лекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы, генерал-лейтенант Шевченко мен Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, генерал-майор Тұмарбеков, Мәс­кеуден одақтық Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төраға­сы­ның бірінші орынбаса­ры, генерал-полковник Баб­­ков келіп жетті. Олар еш­кім­ді көшеге шығармау, шы­ға қалса алаңға жолатпау, алаңға түйісетін көшелерді адам өтпестей етіп автобус және жүк машиналары­мен бекіту, жергілікті әскери бө­лім­дер мен МҚҚ және ІІМ қызметкерлері жаппай­ қаруланып, қажеттілік туын­да­ған жағдайда күш қолда­нуға дайын болу керектігін ескертті. Іріткі салушыларды тауып, іс қозғап, жауапқа тарту да назардан тыс қалмауы қажеттігін қаперге салды» (Қ.Қапышев, «Зерде» газеті, 22 наурыз 2002 жыл).              

Ақыры көздеріне қантө­гіс елестеген мәскеулік басқа­ру­шылар қазақ жерінде неміс­­тердің автономиялық об­лы­сын құрудан бас тартты. Бұл күндері «Димаш Ах­­мет­ұлының еңбегі ерекше бол­ғаны сөзсіз. Ол кісі­нің бе­де­лінің арқасында үл­кен бір қасіреттен аман қал­дық. Д.Қонаевтан ешкім­ді жазаламаң­дар, қудала­маңдар» деген тапсырма-бұй­рық түскеннен кейін бәрі­міз аман құтылдық (Б.Сұңқар­баев, «Зерде» газе­ті).

Егер сол жолы қазақ же­рінде автономия құрылса, Одақ құлағанға дейінгі 12 жылда басқа да автономия­лар құрылмасына кім кепіл еді? Кеңес заманында «хал­қы 1 миллионға жеткен ха­лық автономиялы ел болу­ға құқығы бар» деген заңға сүйе­ніп, басқа ұлттар да бізден жер сұрауы мүмкін еді. Неміс халқына берілген жер оларға неге бе­рілмейді де­ген сұрақтың туындайтыны да заңды көрінеді. Бәлкім, құрылған автономия еліміздің егемендік алу жо­лына еш­қан­дай кедергі келтір­мей­­­тін еді десек те, қазір жоқ­­ жер­ден жік шығарып, тәуел­­сіз мемлекет боламыз деп мә­­селе көтермеуіне кім ке­піл? Әрине, ондай кепіл­дік­­ті ешкім де бере алмайды. Ал бұл сұрақтың жауабын Әзер­бай­жандағы Таулы Қара­бақ, Грузиядағы Абхазия, Осе­тия, Молдовадағы Днестр жаға­лауы, Сербия жеріндегі Косово мәселелерінен табуға бола­ды. Бір кездері Сталиннің саясатымен пана тапқан ха­лық өзінің автономиялық тәуел­сіздігін даулап жатса, қантөгістің көкесі сонда болмас па еді?!

Еліміздің біртұтастығын сақтап, сол қантөгістің жо­­лын кескен Ақмола мен Көк­ше­тауда өткен көтерілістің жалғасы 1986 жылы жалауын кө­терді. Жалғасы дейтінім, егер 1979 жылғы көтеріліс күш­пен басылып, қантөгіспен аяқталғанда, Алматыдағы көтерілістің болуы екіталай еді. 1986 жылы халық алаңға 1979 жылдың жемісіне де арқа сүйеп, осы жолы да айт­­­­қанымыз болады деген ой­мен барды. Қаншама әді­летсіздікке ұшырап, кан­төгіс­пен, қасіретпен аяқталған көтеріліс көп ұзамай егемен еліміздің дүниеге келуіне ықпалын тигізді. «Шығынсыз жеңіс жоқ» деген осы болар.

Иә, сол күндері неміс хал­қына қарсы шықты деген арандатушылар да болды. Бірақ терең ойлы неміс халқы бұл қазақтардың өз жерін қорғау жолындағы іс - әрекеті екенін жақсы түсінді. Жерді қай ұлт сұраса да қазақ халқы қарсылық танытатынына көз­дері жетті. Қазіргі көп ұлт­­­ты, демократиялы елі­мізге бұл көтеріліске баға беруге ұлт арасы ашылады деген ой кедергі болар. Дәл осы ара­да айтарым, өзінің жерін қорғаған халық басқа халық­тың жауы деу – үлкен қате.

Биыл маусым көтерілісіне 40 жыл толды. Сол күндері алаң­да болған халықтың талайы дүниеден озды, жастары алпыс-жетпіске жетіп, ақ шашты ата-әжелерге ай­нал­ғаны қаншама. Демек, осы ретте, жерім, елім деп шы­­рылдаған үлкен-кіші қан­­дас­тарымды еске алып, рахметімді айтып, басымды иіп, тағзым жасамай, айыбы болмас. Бұған қоса өскелең ұрпаққа егемен ел болу жолында қазақтың басынан қандай оқиғалар өткенін жеткізіп, елі мен жеріне деген патриоттық сезімдерін ояту да бүгінгі таңда аса қажет іс.

Елімізде 130 ұлттың өкілі тұратыны рас. Олармен дәм-тұ­зымыз адал, құшағымыз ашық, бақытымыз бірге бо­лып келеді. Бірақ, елдің тыныштығы үшін әрбір этнос қазақ жерінің тарихи иесі қазақ екенін естерінде ұс­тағаны жөн!..

 

Майра ТҰРСЫНБАЕВА

КӨКШЕТАУ