06 Сәуір, 2013

Прокурор мен полицияның пікірі неге қайшы?

343 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Прокурор мен полицияның пікірі неге қайшы?

Сенбі, 6 сәуір 2013 2:14

Полиция жұмысының өте қиын, өте қауіпті екенін елдің бәрі біледі. Әйтсе де, біздің погондылар жоғарғы жаққа мәлімет беру үшін көбінесе көрсеткіш қуып кететінін жасыруға болмас. Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысында мас халде жасалған қылмыс – 28,4, адамдар тобы жасаған қылмыстар – 16,1, бұрын сотты болғандар жасаған қылмыс – 70,2, кәмелеттік жасқа толмағандар жасаған қылмыс 40,5 пайызға өскен. Бірақ, тергеушілер де қылмыстық істерді піскеніне қарай, шертіп-шертіп жүріп таңдап, тіркейді білем.

Сенбі, 6 сәуір 2013 2:14

Полиция жұмысының өте қиын, өте қауіпті екенін елдің бәрі біледі. Әйтсе де, біздің погондылар жоғарғы жаққа мәлімет беру үшін көбінесе көрсеткіш қуып кететінін жасыруға болмас. Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысында мас халде жасалған қылмыс – 28,4, адамдар тобы жасаған қылмыстар – 16,1, бұрын сотты болғандар жасаған қылмыс – 70,2, кәмелеттік жасқа толмағандар жасаған қылмыс 40,5 пайызға өскен. Бірақ, тергеушілер де қылмыстық істерді піскеніне қарай, шертіп-шертіп жүріп таңдап, тіркейді білем. Прокуратура органдарымен статистикалық мәліметтердің шынайылығына жүргізілген тексеру нәтижесінде 2012 жылы қоғамдық орындарда жасалған – 1700, ал осы жылғы қаңтар айында жасалған 40 қылмыс жасырылғаны анықталып, кейіннен статистикалық есепке енгізілді. Ең сорақысы, ішкі істер органдары жұмыс көрсеткіштеріне кері әсерін тигізетін аталған санаттағы аса ауыр қылмыстарды есептен жасырған. Жалпы, 2012 жылы қоғамдық орындарда жасалған 72 ауыр және аса ауыр қылмыстар орта санаттағы қылмыс ретінде қозғалғаны анықталып, бұл заңсыздықтар прокуратура органымен жойылды. Осыдан кейін полицияның әрбір сөзіне, әрбір мәліметіне күдікпен қарауға тура келетін сияқты.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД-нің ресми сайтында мынандай мәліметтер бар. Ақпан айының басында департаменттің өткен жылды қорытындылаған жиынына Ішкі істер министрінің орынбасары Е.Кененбаев келіп қатысып, соңынан Еңбекші ПБ-де болып, «Асар» шағын ауданындағы УПП-мен, жаңадан ашылған стационарлық блокпостпен, қала тыныштығын бақылау мақсатында орнатылған 100 бейне бақылау камераларымен, заманауи техникалық құралдармен танысқаны айтылады. Сөйтіп, вице-министр атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп кеткен.
Енді прокуратура мәліметі мүлдем басқаша сөйлейді. Облыс прокурорының орынбасары Әбіл Қожахметовтің мәліметіне қарағанда, 2012 жылы Шымкент қаласының орталық көшелерімен халық көп шоғырланатын орындарда 168 (100 стационарлық бекеттерге) бейнебақылау камералары орнатылған. Бірақ, бұл бейнекамералардың қылмыс оқиғаларын ашуға пайдасы тиіп отырған жоқ. Оның себебі, стационарлық полиция бекеттеріне қойылған бейнебақылау камераларының 50 пайызы түнгі уақытта жарықтандыру құралы жоқтығынан істемейді, 25 пайызы жартылай істейді. Қоғамдық орындарда қылмыстың 40 пайызы негізінен түнде жасалатынын ескерсек, бейнекамералардың қылмыс ашуға септігі аз  тиіп отыр деген сөз.
Сондай-ақ, ІІД-нің ресми сайтындағы әлгі ақпаратта «Көше және пәтер ұрлығы, бұзақылық, мал ұрлығы, жасөспірімдер арасындағы қылмыстар бойынша тыңғылықты жұмыстар атқарылуда» деген жолдар бар.
Ал, прокуратура мәліметтері тағы да басқаша «сайрайды»… Кәмелеттік жасқа толмағандар жасаған қылмыс 40,5 пайызға өскенін жоғарыда айттық. Сондай-ақ, облыстық ІІД-нің  қоғамдық орындарда кәмелетке толмағандардың қайталап қылмыс жасауының алдын алу тұрғысында атқарып жатқан жұмыстары да төмен деңгейде екен. Оған дәлел, өткен жылы 705 кәмелетке жасы толмағандар қылмыстық жауапқа, 400-ден астамы әкімшілік жауапкершілікке тартылған болса, олардың небәрі 69-ның немесе 3 пайызының ғана ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Қылмыс өршіп тұрған әл-Фараби ауданының Жангелдин, Республика, Айбергенов, Қалдаяқов көшелерінде 2012 жылы 572 қылмыс белгілері бар арыз-шағымдар тіркелген. Алайда, аталған аумақта  тәуліктік жалға берілетін 173 пәтердің  27-сі ғана жеке кәсіпкер ретінде есепке тіркелгеніне қарамастан, оның тек 5-інің иесі заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл жұмыстар, қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алуда маңызы зор болып табылатынына қарамастан, қазіргі таңда тәуліктік пәтерлерді заңсыз жалға берумен күрес және аталған аймақтарда рейдтік жұмыстарын құзырлы органдармен бірлесіп жүргізу шаралары аяқсыз қалған.
«Былтырғы жылы облыстық бюджеттен ІІД және оның құрылымдық бөлімдерін материалдық-техникалық жағынан жабдықтау үшін 2 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Облыстық прокуратура осы қаражаттан қылмыс кеңінен орын алып жатқан жекелеген аумақтарда учаскелік полиция пунктін ашу туралы ұсыныс айтқан. Мысалы, Шымкент қаласының Темір жол өткелі көшесінің бойында 4 қарақшылық, 7 ұрлық, 4 бұзақылық және 2 ауыр дене жарақатын салу қылмыстары тіркелген. Осы көшенің кейбір үй тұрғындары заңсыз есірткі заттарын сатумен айналысады деген шұғыл мәлімет те бар», дейді облыс прокурорының орынбасары Әбіл Аханұлы.
Алайда, Ішкі істер департаменті бұл мәселеге жете назар аудармай, сол аумаққа қарасты, жыл бойы бір ғана қылмыс тіркелген Қапал батыр көшесіне учаскелік полиция пунктін ашыпты.
Міне, прокуратура мен полицияның тірлігі мен мәліметтері… Екеуінің арасы жер мен көктей. Жыл басынан бері өңірде полиция қызметкерлеріне қатысты 23 қылмыстық іс қозғалыпты. Оның тең жартысы қазір сот қарауында жатыр. Ал, өткен жылы осы тақылеттес 72 іс қаралып, құқық қорғау органдарының 55 қызметкері қызметінен аластатылған.
Қалай айтсақ та, облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Асқар Оспановтың осалдығынан болар, міне, Оңтүстіктің полициясында осындай келеңсіз тірліктер болып жатыр. Әйтсе де, бар қылмысты жоқ деп жасырып, жарамсыз бейнекамераны бар деп бақырайтып отырған  басшының не ойлағаны бар екен?
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.