Батқан кеменің бейбақтары
Сейсенбі, 9 сәуір 2013 2:20
Қазіргі күндері батып бара жатқан кеменің ішінде аласұрып, бұрыштан бұрышқа қашып жүрген атжалманның кейпін келтіретін БТА-Банктің бір кездегі директорлар кеңесінің төрағасы Мұхтар Әбіләзов пен оның сыбайлас жемқорлық сипатындағы сарбаздарын бұрынғыдан бетер тұйыққа тірейтін тағы бір оқиға орын алды. Бұл атышулы «Әли баба және оның қырық қарақшысы» атанған командаға жығылған үстіне жұдырық болып тиіп жатыр.
Сейсенбі, 9 сәуір 2013 2:20
Қазіргі күндері батып бара жатқан кеменің ішінде аласұрып, бұрыштан бұрышқа қашып жүрген атжалманның кейпін келтіретін БТА-Банктің бір кездегі директорлар кеңесінің төрағасы Мұхтар Әбіләзов пен оның сыбайлас жемқорлық сипатындағы сарбаздарын бұрынғыдан бетер тұйыққа тірейтін тағы бір оқиға орын алды. Бұл атышулы «Әли баба және оның қырық қарақшысы» атанған командаға жығылған үстіне жұдырық болып тиіп жатыр.
Әлбетте, біз басқаша бір жағдай болса, жығылып жатқанға бұлайша күлмеген болар едік. Ал мына жағдай – тіпті де бөлек. Бұл елдегі ертелі-кеш белін жазбай еңбек еткен қарапайым халықтың табан ақы, маңдай терінен құралған адал ақшасын қопарып алып кеткен қарақшылықты тайға таңба басқандай етіп көрсетіп тұрған көріністің кескіні болып табылады. Бұл – елді тонаушылықтың өзгеше бір үлгідегі дәйекті дерегі.
Ал қара қылды қақ жаратын қазылар тобы Альбион жерінде де бар екен. Англияның Жоғарғы соты аталмыш нояндарға қарсы процесс жүргізу барысында кезекті істі ешбір бұлтарыссыз тағы да БТА-Банктің пайдасына шешіп берді. Бұл жолы «Drey ісі» (немесе «DCM ісі») деген атпен белгілі болған қылмыстық істі талқылау шеңберінде мәселе қараған сот М.Әбіләзовтен 2 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі қаражатты үстеме пайызымен қосып өндіріп алуға үкім етті. Сот, сондай-ақ, осы істің аясында банктің бұрынғы басқарма төрағасы Роман Солодченкодан 400 млн. доллар мөлшерінде төлем өндіру жөнінде ұйғарым жасады.
Судья Найджел Тир шыңырау түбінен шындықты іздеу барысында бұдан да ары кетті. Ол «Drey», «Granton» және «Витино» деп аталған істерді қараудың нәтижесінде қазақстандық БТА-Банктің жоғарыдағы жемқор жылпостардың арқасында қолды болып, қыр асып кеткен қыруар ақшасының ізін тап бастырмай тауып, оларды қайтарудың жолдарын қарастырды. Атап айтқанда, банк басқармасы төрағасының орынбасары болған Жақсылық Жәрімбетовке шамамен 1,5 млрд. доллар көлеміндегі қаржыны пайыздық үстемесімен қайтаруды міндеттеді. Сот назарынан Кипрдің осы обырлар тобына қызмет көрсеткен «Usarel Investment Limited» деп аталатын компаниясы да шет қалған жоқ. Ол осы қызметі арқасында аса құнды актив – Ресейдің Ақ теңіздегі Витино портына иелік етіп қойған екен. Фемиданың безбенін берік ұстаған ағылшын судьясы тағы тырс еткізген жоқ, сөзге келместен компанияның осы жөніндегі акцияларын оның заңды иесі – БТА-Банкке қайтаруды жүктеді. Ол, сонымен бірге, мұндай акциялардың құны 120 млн. доллардан аспайтын болса, оларға пайыз қосып төлеуді тапсырды. Сот қараған осы істе банктің Мәскеудегі бұрынғы өкілі Ильдар Хажаевқа қатысты да тармақтар бар. Ол жоғарыдағы Витиноға байланысты біраз төлемді үйірімен үйіп қайтаруға тиісті.
Судья Найджел Тир істерді қарау қорытындысында БТА-Банкке аса ірі көлемдегі тиесілі ақшалай қаражаттарын қайтаруға шешім шығару арқылы оның талап-арызын толығымен қанағаттандырып қана қойған жоқ, ол, сонымен бірге, Әбіләзов пен оның Жәрімбетов, Хажаев және басқалары секілді сыбайлас сипаттағы көмекшілерінің жеке бастарының мүдделері мақсатында алаяқтық операцияларды қалай және қашан орындағандарын өте жіті тексеріп, жеке-жеке ұйғарымдар жасап шықты. Сот сондай-ақ банк активінен заңсыз жолмен шығарудың алаяқтық мазмұндағы операциялары нысанасына айналған қаржылардың елге толық қайтарылуын да бұдан әрі ұдайы қадағалап отыратынын танытып отыр. Ал БТА-Банк бұрынғысынша Англиядағы, ТМД елдері мен басқа да мемлекеттердегі Әбіләзов пен оның командасы әкеткен көп қаржысын қайтарып алу процесіне белсене қатысып тұратын болады.
Осымен, Әбіләзов пен оның қарақшыларына қатысты тағы бір қамал алынды. Ұяттан жұрдай ұждансыз ұрлықтың тағы бір темір қорғаны бұзылды.
Әзірге осымен сөз тәмам.
Жыры ұзаққа созылған бұл хикаяның жалғасын келер жолы айтып берерміз. Батқан кеменің бейбақтары туралы әңгіме мұнымен бітпейді.
Руслан ИГІЛІК.