Аймақтар • 01 Шілде, 2019

Арыстағы ағайынға Қостанайдан ауыз су жіберілді

352 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысының кәсіпкерлері Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шекендерге гуманитарлық көмек жіберді. 20 тоннадан астам ауыз су тиелген жүк керуені жөнелтілді. Онда көптің күшімен жиналған балалар мен ересектерге арналған киім-кешек, тұрмысқа қажетті заттар Арыстағы ағайындарға жеткізілді. Өңірге белгілі «Аква-Арасан» серіктестігі «Nur Otan» партиясы Қостанай облыстық филиалының бастамасын қолдап, қол ұшын беруді жөн санаған.

Арыстағы ағайынға Қостанайдан ауыз су жіберілді

«Кәсіпорын басшысы Алексей Ефримов  «Nur Otan» партиясы атынан қалалық мәслихаттың депутаты. Әрдайым қоғам өміріндегі маңызды бастамаларға атсалысып тұрады. «Nur Otan» партиясы  мұрындық болған   көмек акциясына  үн қатқандардың бірі біздің компания.  Бұл жарылыстан зардап шеккендерге көрсетілетін көмектің соңы емес. Әлде де қолдау көрсетуге әзірміз» дейді   «Аква-Арасан» кәсіпорнының  зауыт басқарушысы Игорь Генни.

Гуманитарлық көмекті қостанайдағы көлік тасымалдау компанияларының  бірі  тегін жеткізіп береді. Олардың айтуынша, жүк көліктері Арыс қаласына белгіленген уақытта   жетеді.

« Арыстықтардың басына қиын-қыстау сәт туғанда жәрдем беруден біз де қалыс қалмауды жөн санадық. Алдағы уақытта да өз тарапымыздан Арыс қаласының тұрғындарына   қолдан келген көмектің бәрін көрсетеміз» дейді SV Trans Logistic басшысы,    «Nur Otan» партиясының белсенді мүшесі Валерий Сусаренко

Бұған дейін 20 тонна ұн, 7 тонна макарон, 3 тонна кондитер өнімдері жөнелтілген болатын.  Облыста қабылдау бекеттері  ашылды. «Jas Otan» жастар қанатының  «Арыс. Біз біргеміз!» акциясы аясында қала тұрғындары мүмкіндіктерінше көмек беруде. Көптің күшімен  жиналған балалар мен ересектерге арналған киім- кешек, сондай-ақ,  тұрмысқа қажетті  заттар бүгін  ұшақпен Арыстағы ағайындарға  жеткізілді.  Бауырмалдық қасиет халқымызға тән қасиет екендігін  Тобыл өңірінің жұртшылығы іс жүзінде тағы бір мәрте дәлелдеді.

Қостанай