Аймақтар • 01 Шілде, 2019

Араб компаниясының басшысы қазақстандықтардан кешірім сұрады

407 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Consolidated Contracting Engineering & Procurement S.A.L. Offshore (ССЕР)» бас директоры Кауаш Хишам жағдайды реттеу үшін Атырауға келді.

Араб компаниясының басшысы қазақстандықтардан кешірім сұрады

Кауаш Хишамның әлеуметтік желілерде жарияланған бейне үндеуінде айтылғандай, ол Теңіз вахталық қалашығындағы ССЕР компаниясының қызметкерлері арасындағы жанжал туралы білген бойда, жағдайды реттеу үшін  Атырау облысына келген.

-  Мен Эли Даудтың іс-әрекеті үшін барлығынан кешірім сұрағым келеді. ССС басшылығы мен қызметкерлерінің атынан бұл ССС-дің саясатына, құндылықтары мен қағидаттарына сәйкес келмейтін келеңсіз оқиға болғанын айтқым келеді.

Мен осы оқиға туралы білгеннен кейін онымен арадағы келісім-шарт бұзылып, жұмыстан босатылды. 

Біз осы жағдайға қатысты толық ішкі тергеу жұмыстарын жүргізіп, қажетті шараларды қабылдайтын боламыз. Қолымды жүрегіме қойып, ССС-дің  бауырлас қазақтарға ерекше құрметпен қарайтынын айтқым келеді. Мен болған жәйт үшін тағы да кешірім сұраймын. Осы оқиға туралы естіген бойда дереу Атырауға жағдайды реттеу үшін ұшып шықтым. Бүгінгі таңда Теңіздегі жағдай тұрақты, өлім-жітім, ауыр дене жарақаттары болған жоқ, - деді Кауаш Хишам өзінің бейне үндеуінде.

Еске салсақ,  29 маусым күні Теңіз кенішінде аталған компания жұмысшылары наразылыққа шығып,  30 адам дене жарақатын алған болатын. Қазір ведомствоаралық комиссия оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

 

Атырау