13 Сәуір, 2013

Қашқынға Лондон да пана болмады

276 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қашқынға Лондон да пана болмады

Сенбі, 13 сәуір 2013 1:40

«Атың шықпаса жер өрте» дегеннің керімен біздің қашқын олигархтарымыз Қазақстанды қойып, бүкіл әлемді «ала тайдай» шулатып жүр. Қазақстанның құны сұраусыз миллиардтаған қаржысын Австрияға құйған қанышер қылмыскер Рахат Әлиев бүкіл Еуропаға сыймай аралдарға қашса, Алматы қаласының бюджетінен тонаған миллиондарын шетел асырып, Швейцарияның ең бай кәсіпкері атанған алаяқ Виктор Храпунов Қазақстанды қаралап, «ұпай» жинап жүр.

Сенбі, 13 сәуір 2013 1:40

«Атың шықпаса жер өрте» дегеннің керімен біздің қашқын олигархтарымыз Қазақстанды қойып, бүкіл әлемді «ала тайдай» шулатып жүр. Қазақстанның құны сұраусыз миллиардтаған қаржысын Австрияға құйған қанышер қылмыскер Рахат Әлиев бүкіл Еуропаға сыймай аралдарға қашса, Алматы қаласының бюджетінен тонаған миллиондарын шетел асырып, Швейцарияның ең бай кәсіпкері атанған алаяқ Виктор Храпунов Қазақстанды қаралап, «ұпай» жинап жүр. Ал БТА банктің миллиардтарын талан-таражға салған Мұхтар Әбіләзов бүкіл Британияны шулатып, ақыры Лондоннан да пана таба алмай, қашып шығыпты. «Қара қылды қақ жарған» Англияның Жоғарғы соты қазақстандық қашқын қаржыгерге қатысты арам ақша жинаған алаяқ деген үкім кесті.

Англия сотының әділ үкімімен БТА банк талан-таражға түскен миллиардтарды қайтара бастады. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, Халықаралық журналист-зерттеушілер консорциумының жақында жариялаған оффшорлық аймақтарда есеп-шоттары бар халықаралық алаяқтар тізімінен Мұхтар Әбіләзовтің де аты тай­ға таңба басқандай шыға келді. Сөйтіп, кәнігі қылмыскер қайырсыз байлығын қайда жасырса да жолы болмай, оффшорлық аймақтағы компаниялары да әшкере болды.

Қаржы саласының небір қи­тұрқы тәсілдерін білетін БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбіләзовтің қылмысын ашу оңай болған жоқ. «БТА банк» АҚ-тың басқарма мүшесі – атқарушы директоры Павел Просянкин сол бір қылмысты ашу жолындағы күрделі зерттеу шараларын былай деп еске алады. Акционер ауысқан кезде банктегі ахуал мүлде бұлыңғыр еді. Несие портфельдері бар, одан жүздеген оффшорлық компанияларға қаржы аударылған. Ең кереметі, бірде-бір құжатта іс жүзінде Әбіләзовтің қолы болған жоқ. Сондықтан, бұл жүздеген компанияларға аударылған қаржыны қалайша бір арнаға біріктіруге болады, бұл шырмауықтай шатасқан қылмысты қалай бір жүйеге келтіруге болады?

Біз бұл қылмыстық топтың барлық елдерде, бірінші кезекте Қазақстанның өзінде, Украинада, Ресейде жасаған істерінің бәрін бір арнаға біріктірдік. Ақыры Англияның Жоғарғы соты ар­қылы өрмекшінің торындай шырмалған бұл қылмыстық шаралардың басында Әбіләзовтің тұрғандығын дәлелдедік. Міне, енді, біз Англия сотының құрал­дары арқылы Әбіләзовтің өзін өз ак­тивтерін ашуға мәжбүрледік. Сот арқылы біз бұл қылмыскердің жасырған активтері бар екендігін, ол активтерді өзі бақылап отырғандығын дәлелдедік.

Иә, ағылшын құқық қорғау органдарында бұл активтердің Әбіләзовке тікелей немесе жанамалай қатысы барлығын дәлелдеу кезінде жаңа жанжалдың беті ашылды. Англия соты БТА-ның бұрынғы басшысына сотты сыйламайды деген айып тақты. Сотты сыйламау жөніндегі айып мынаған қатысты еді: тәртіп бойынша Англияның Жоғарғы соты олигархтан өзінің иелігіндегі барлық мүліктің толық тізімін беруді талап етті. Алайда, қашқын қаржыгер кейбір активтерін тағы да жасырып қалуға тырысты. Осыған байланыс­ты Англия соты оған сотты сый­ламады деген айып тақты.

Павел Просянкиннің айтуы бойынша, 2012 жылдың ақпан айында Әбіләзовке сотты сыйламады деген айып тағылып, бір санкция бойынша 22 ай мерзімге қамауға алу жөнінде шешім шығарылды. Дұрысына келгенде, осы шешім бойынша қашқын қаржыгерге 22 айдан 3 мерзім түрмеге қамалу жөнінде шешім шығарылған еді. Міне, нақ осы шешім шығарылғаннан кейін соңғы уақытта Лондонға келіп паналаған қашқын қаржыгер тағы да «қоныс аударуға» мәжбүр болды. Сөйтіп, ол ағылшын заңгерлерінің қолында қалған төлқұжатын алуға да шамасы келмей, қарасын батырды. Заңгерлердің айтуынша, ол жалған құжат жасап, ізін жасырып отыр. Тіпті, ол сот процестеріне де қатыспаған. Сөйтіп, Англияның Жоғарғы соты қылмыскер олигархтың қаржысы мен активтерін БТА банк есебіне қайтару туралы үкім шығарды. Сот Әбіләзов БТА банк есебіне 2 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі қаражатты үстеме пайызымен қосып өндіру туралы үкім шығарса, бұрынғы басқарма төрағасының орынбасары болған Жақсылық Жәрімбетовке 1,5 млрд. доллар көлеміндегі қаржыны үстеме пайызбен қайтаруды міндеттеді. Әбіләзовке қатысты үкімнің әділ екенін Ұлыбритания соттары да мәлімдеп отыр. Ал осыған қатысты англиялық судья Морис Кэй былай деп атап өтті: «М. Әбіләзов қылмыстық әрекетін жасыру үшін түрлі айла-шарғы жасады. Оның қорғаушысы да Жоғарғы соттың шешіміне қарсылығын білдірді. Ақырында олардың дәлелсіз ісінен еш нәтиже шықпады».

Павел Просянкиннің айтуынша, қашқын қаржыгер банк есеп-шот­тарындағы қаржысын мүмкіндігінше басқа жаққа ауыстыруға тырысады. Қа­зірдің өзінде осындай қадамдар жасалуда. Алайда, негізгі активтер – жер телімдерінің, құрылыс нысандарының нақты қожайындары бар. Болашақта олар бұл активтерді банк иелігіне беруге мәжбүр болады. Нақты осы мәселелерге байланысты біз бұл активтердің алдын ала тізімін жариялап, заңсыз ауыс-түйіс жасалмауын ескерткен болатынбыз, дейді атқарушы директор. Англияның Жоғарғы соты да алдын ала белгілі болған осы тізім бойынша шешім шығарып отыр. Бұдан шығатын қорытынды, ұрланған байлыққа қызығып оны сатып алуға тырысатындарға үлкен сабақ болмақ. Сөйтіп, БТА банктің жаңа топ-менеджерлері Англия Жоғарғы сотының шешімімен алғаш рет халықаралық дәрежеде үлкен жеңіске жетті. Алдағы уақытта олар қашқын қаржыгер Мұхтар Әбіләзовтен сотқа берілген барлық шағымдар бойынша 6 млрд. доллар қаржыны түгел қайтарып алуды көздейді.

БТА банктің бұрынғы басшысы, қазақстандық қашқын қаржыгер Мұхтар Әбіләзовті бұдан бұрын Қазақстан және Ресей мемлекетінің соттары сырттай бас бостандығынан айыру жөнінде үкім шығарған болатын. Енді, міне, Ұлыбританияның соты да халықаралық қылмыскерді бас бостандығынан айы­ру туралы сырттай үкім шығарды. Мә­селенің мәнісіне келетін болсақ, БТА банктің шағымдары бойынша әділ үкім шығаратын ең соңғы сот – Англияның Жоғарғы соты да банк жағына шықты. Енді Әбіләзов бастаған қылмыстық топтың сот үкіміне сәйкес банк пайдасына 2 млрд. доллар қаржыны қайтармаудан басқа шарасы қалған жоқ. Егер сот басқа да шағымдар қақында дұрыс шешім қабылдап, қалған 6 млрд. доллар қаржыны да қайтару жөнінде үкім шығаратын болса, бұл қылмыстық топтың «тесік астауға телміретіндігі» даусыз.

Ағылшын Жоғарғы сотының Мұхтар Әбіләзовке қатысты шығарған үкімі бүгінде шетелдерде арам ақшаны сапырып жүрген барлық алаяқтарға сабақ болуға тиіс. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның құқық қорғау органдары Лондон заңгерлерімен бірлесе отырып, қазақстандық заңдарды бұзған қылмыскерлердің қайткен күнде де жазаға тартылатындығын дәлелдейді. Осы мәселе туралы өзінің пікірін білдірген «Халықтар бірлігі» қоғамдық қорының директоры Зиябек Қабылдинов былай дейді: «2009 жылдары біздің қоғамның бірқатар мүшелері олигарх Әбіләзовтің шын мәнінде кінәлі екендігіне күмән келтірген болатын. Соңғы уақыттағы оқиғалар осы күмәннің күлін көкке ұшырды. Лондонның Жоғарғы соты Әбіләзовтің қылмысын бұлтартпай мойнына салып, оған қарсы әділ үкім шығарды. Сот шешімі бойынша ол БТА банк есебіне 2 млрд. доллар қаржыны қайтаруға тиіс. Сонымен бірге, Әбіләзов осы қылмыстық істері үшін 5,5 жыл бас бостандығынан айырылады. Англия Жоғарғы сотының бұл үкімі Қазақстанның құқық қорғау органдарының дұрыс бағыт ұстанып келгендігін дәлелдейді».

Жайлы СӘДУАҚАСОВ.

__________________

Суретті салған Айдарбек Ғазизұлы.