Көрсеткіш қуып, қылмысты жасыру кеңес заманынан қалған ауру. Полиция одан қашан арылады?
Сейсенбі, 16 сәуір 2013 1:54
Расында, осы қылмыс неге көп деп ойланып көрдіңіз бе? Тіркелген қылмыс та көп, ал бәрінен сорақысы жасалған, бірақ жасырылған қылмыс одан да көп. Оған дәлел өткен жылы жасырылған 2471 қылмыс анықталды. Сонда қаншама қылмыскер жазадан жалтарды, қаншама жазықсыз жан жапа шекті? Бұған кім жауап береді? Жауап беретін ешкім жоқ. Өйткені, есепке алу-тіркеу тәртібін ретке келтіру бойынша қабылданып отырған шараларға қарамастан, қылмыстарды жасыру фактілерін түбегейлі жою жөніндегі міндеттерді толықтай орындау мүмкін емес.
Сейсенбі, 16 сәуір 2013 1:54
Расында, осы қылмыс неге көп деп ойланып көрдіңіз бе? Тіркелген қылмыс та көп, ал бәрінен сорақысы жасалған, бірақ жасырылған қылмыс одан да көп. Оған дәлел өткен жылы жасырылған 2471 қылмыс анықталды. Сонда қаншама қылмыскер жазадан жалтарды, қаншама жазықсыз жан жапа шекті? Бұған кім жауап береді? Жауап беретін ешкім жоқ. Өйткені, есепке алу-тіркеу тәртібін ретке келтіру бойынша қабылданып отырған шараларға қарамастан, қылмыстарды жасыру фактілерін түбегейлі жою жөніндегі міндеттерді толықтай орындау мүмкін емес. Бұған ішкі істер органдарындағы статистикалық мәліметтерді бұрмалауға соқтыратын және көрсеткіштерді қуалауды ғана тудыратын есептілік жүйесі әсерін тигізіп отырған көрінеді. Бірақ қанша жерден жүйе кінәлі дегенмен қылмыстарды жасыратын, оны ашпай жауып тастап отырған нақты адамдар ғой. Сондықтан да Мемлекет басшысы тапсырмаларының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету үшін есепке алу-тіркеу тәртібін бұзу және қылмыстарды жасыру орын алған жағдайда тиісті органдардың өңірлік бөлімшелерінің басшыларын қызметтік лауазымынан босатуға дейінгі дербес жауапкершілікке тарту талап етілді. Осыған орай, бұл өзекті мәселелер төңірегінде біз Бас Прокурордың орынбасары Нұрмаханбет ИСАЕВҚА жолығып, толғандырған бірқатар сұрақтарымызға жауап алғанды жөн көрдік.
– Нұрмаханбет Молдалыұлы, «Тура биде туғанжоқ» деп адалдықты ту етіп өскената-бабамыз дәстүрінде қылмысты жасырудеген болмағандығы белгілі. Ал қылмысжасаған жандар болса, ол кезде бір ауызсөзге тоқтап, айыбын мойындайтындары дарас еді. Ендеше, осы қылмыстарды жасырудеген қайдан бастау алды? Қалай пайдаболған? Әуелі осыған тоқталып өтсеңіз.
– Иә, дұрыс айтасыз, қылмыс жасаған жанның кінәсін толық дәлелдей алса, оның айыптан құтылмасы белгілі. Ал бірақ, сол жасалған қылмысты тиісті құқық қорғау органдары тарапынан жасыру – тіптен сорақылық. Бұл әріден келе жатқан сырқат. Екі жыл бұрын, біз, есеп-тіркеу сұрағын тәртіпке келтіру үшін, Ішкі істер министрлігімен бірлескен кеңейтілген алқа мәжілісін өткіздік. Осы алқаға дайындалу барысында мен бір қызық құжаттарды таптым.
Сонда сонау 1956 жылдың өзінде КСРО Министрлер Кеңесі «КСРО Ішкі істер министрлігінің жұмысын жақсарту шаралары туралы» қаулы қабылдаған екен. Әрине, оның қабылдануына дейін, үлкен тексерістер жүргізіліп, анықтамалар дайындалған. Соның кейбіріне көз жүгіртсек, мәселен, «Милиция органдарының жұмысын тіркелген қылмыс санымен ғана есептеу секілді тәжірибе орын алған. Милиция органдарының басшылары, өздерінің аймақтарында жасалып жатқан қылмыстардың өсуінен қорқып, көптеген қылмыстарды есептен жасырған. Қолдағы мәліметтерге сәйкес, қылмыстық әрекеттерді жасыру кеңінен орын алған» делінген.
Сонда байқасаңыз, бұл құжат 57 жыл бұрын қабылданғанына қарамастан, бүгінгі күннің шындығына сай кеше ғана жазылған сияқты. Демек, сіздің айтып отырғаныңыз ертеден келе жатқан өзекті мәселе және ол тек бұрынғы Кеңестік одақ мемлекеттеріне тән құбылыс секілді. Содан қалған ескі жүйе сырқаты болып тұр.
– Бұл мәселе қазіргі күнгі құқық қорғау органдарында қалай көрініс беріпотыр?
– Жылдар бойы біз тек бір мәселемен айналысып келдік: қылмыс азайса – жұмысты жақсартқанның арқасы деп баяндаймыз, өссе – олардың тіркелуін қатаңдаттық деп және сайраймыз. Ең қызығы, жаңа полиция бастығы келсе (бұрын – милиция), сол жылдың соңына дейін қылмыс өседі, содан кейін қайтадан келесі жаңа бастықтың тағайындалуына дейін біртіндеп азаяды. Ал шын негізінде мұның бәрі қулық, алдау.
Өзіңіз саралап көріңізші. Егер, 2000 жылы 423 мың қылмыс туралы өтініштер мен хабарламалар түссе, он жылдан кейін ол 234 мыңға көбейген. Сонда логика бойынша қылмыстардың саны да өсу керек еді, бірақ, ол керісінше 16 мыңға, яғни 135 тен 119 мыңға азайған. Көрдіңіз бе? Қылмыстар туралы өтініштердің саны көбейсе де, неге екені белгісіз, қылмыстар төмендетіліп көрсетілуде.
– Ал сонда осындай жағдайдың себебі неде және бұның бәрі неліктенболады деп ойлайсыз?
– Жауап біреу ғана, ол – сонау кеңестік кезеңнен қалыптасып қалған жүйедегі құқық қорғау органдардың жұмысын әртүрлі көрсеткіштермен, сандармен, пайыздармен бағалау. Бұл, өзіңіз түсініп отырғандай, қызметкерлерді тек көрсеткіштерді жоғарылатуға және соны ғана көрсетуге итермелейді. Ал мұндай жарыс кезінде полиция қызметкерлері кімге және не үшін қызмет атқарып жүргендерін ұмытады. Сөйтіп, халықтың проблемалары екінші кезекте қалады.
Қылмыстың саны мен ашылуына деген жалған сұраныс, қылмысты жасыруға ғана емес, адамды қинауға да, азаптауға да соқтыратыны қорқынышты. Өйткені, әртүрлі өтірік сандар, жалған ақпарлар өзімізден басқа ешкімге керек емес. Қарапайым азаматты полиция бастығының қылмыс ашудағы керемет пайызы мүлдем қызықтырмайды. Оған ең алдымен, оның арызын тез арада қабылдап, сол мезетте тергеуді бастағаны керек. Сөйтіп, әрбір қатардағы қарапайым азамат, полицияның шынында да өз құзыреті шегінде уақыт оздырмай заңға сай тексерістің жүргізіліп жатқанын көріп, білуі қажет. Ал, полициялар болса, мұның орнына, жоғарыда айтқанымыздай, тек пайыз үшін ғана жұмыс істеп, болмаған қылмыстарды ойлап табуда.
– Расында мынау сұмдық екен. Жұрт осы уақытқа дейін «Полиция – меніңқорғаным» деп сеніп жүрсе, өкінішке қарай, жасалмаған қылмыстардыңөзіне тергеу жүргізіліп, толық ашылды деген есептер алдын алажазылып, дайындалады екен ғой. Енді бұл жөнінде не айтуға болады?
– Бүгінгі таңда қылмыстардың ашылу пайызы ауыр және аса ауыр қылмыстармен өлшенеді, ал онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар саналмайды, олар тек статистиканы бақылап отыру үшін қажет. Алайда, аумақтық полиция бөлімдерінің басшылары әлі де болса бұл жөнінде негізсіз сұрау салуда. Егер де, полиция қызметкерлерінің үлесінде үлкен көлемде ашылмаған ұрлық қылмыстары болса, бұл ашылу пайызын көтеруге, яғни оларға өз кезегінде ашылған қылмыстардың санын ұлғайтуға қажет. Сондықтан да, олар жасалмаған қылмыстарды ойлап табуда.
Мәселен, Алматы қаласының прокурорлары қайтыс болғандарға, елден тысқары шығып кеткендерге және қамауда отырғандарға 50-ден астам болмаған қылмыстарды жасады деп тіркелген жалған мәліметтерді анықтады. Бұл бұрмалау бойынша полиция қызметкерлеріне қатысты 20 қылмыстық іс қозғалып, бүгінгі таңда тергеліп жатқандығын еске сала кеткен жөн. Міне, енді өзіңіз де түсініп отырғандай, сонау кеңестік заманнан қалған сырқатты, сүйекке сіңіп қалған жүйені жою оңай емес.
– Бұл орайда осы ресми статистикамен салыстырғанда шынайы көрсеткіш қандай болып отыр? Ал статистиканы бұрмалаушылық қандай қылмыс түрлері арқылы жасалуда?
– Ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша статистиканы «қолдан жасау» қиын. Бұл жерде алдаушылық аз десек те, көңіл қобалжытатын деректер де жоқ емес, бірақ олар жаппай орын алып отыр деуге тағы болмайды. Аса ауыр қылмыстар көп жасырылмайды. Әдейі кісі өлтіру немесе денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру қылмыстарына қарағанда, ұрлық қылмыстарын есептен жасыру оңай әрі жеңіл. Сондықтан, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстарды есептен жасыру көп, олар жалпы жасырылған қылмыстардың 85 пайызын құрайды.
2012 жылы қылмыстардың ашылу барысынан осы санаттағы қылмыстар алынып тасталған сәтте, олардың тіркелуі 254 мыңға дейін бірден өсті, себебі төменгі деңгейдегі полиция қызметкерлері бар мән-жайды шынайы көрсетуге қорықпады. Мұндай қылмыстардың алдыңғы қатарына, 3 есеге өскен ұрлық (2010 жылы 59 988 ден 2012 жылы 178 461 ге) пен бұзақылық (6 821 ден 17 375 ке), 2 есеге өскен алаяқтық (10 115 тен 22 638 ге) пен тонау (10 734 тен 20 259 ға) жатады. Барлық кезеңде де осы қылмыстар есептен ең көп жасырылып келгені белгілі.
– Ұрлық жасалды делік. Бірақ полицияға жүгінгендерге көбінесе, әуре болып қайтесіз, арыз жазбай-ақ қой, ол нәтижесіз қалады, қылмыскерді бәрібір таппайды, деп түрлі кеңес берушілер де көп болады. Жалпы, бұл қаншалықты дұрыс, полиция қызметкерлері осындай кеңестер беруге құқылы ма?
– Былтыр 52 мың ұрлық бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылданыпты (52 147). Мұны полиция қызметкерлерінің түсіндіруі бойынша 52 мың адам полицияға болмаған ұрлық туралы арызданған көрінеді. Алайда, бұл жерде ұрлық болған, бірақ, белгісіз жағдайлармен, соның ішінде полиция қызметкерлерінің тарапынан қысым көрсетудің нәтижесінде, адамдар өздерінің алғашқы берген арыздарын өзгерткендігін бәріміз де жақсы білеміз.
Кейбір облыстарда арызданушыларға ұрлық болғаны туралы емес, мүліктерінің жоғалып кеткендігі туралы трафареттік арыздың үлгісін жаздыру жолға қойылған. Мысалы, Жамбыл облысында ұрлық оқиғасы бойынша барлық арыздар, жоғалып кеткен мүлігін тауып беруге өтініш жасаумен басталса, Қостанай облысында арызданушылар ұрлықтың мүлдем болмағаны туралы көрсетуде.
– Мынау бір қызық мәлімет екен. Бірақ заң бойынша арызданушыға полиция қызметкері тарапынан көрсетілген қандай да болмасын қысым заңсыз болып табылады емес пе?
– Міне, осыған да байланысты Бас прокуратураның бастамасымен 2011 жылдың 9 қарашасында, Қылмыстық кодекс жаңа 363-1-бабпен толықтырылды, яғни қудалау органының лауазымды тұлғасы қылмысты жасырса, оны он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Енді бұл аталған баппен қазіргі күндері қылмыстық істер қозғалуда және кейбір облыстарда кінәлі қызметкерлерге қатысты сот үкімдері шығып жатыр. Бұл жұмыс өз жалғасын таба беретініне сенім мол. Сонымен қатар, аталған заңмен, «Құқық қорғау туралы» заңының 80-бабы да жасырылған қылмыстарды болдырмауға шара қолданбағаны үшін бірінші басшыны жұмыстан босату туралы нормасымен толықтырылды (12-1 тармағы). Біз, қазір осы норманың мүлтіксіз орындалуына күш салудамыз.
– Жалпы, азаматтардың өтініштеріне орай полиция қалай тез арада шара қабылдауы керек? Мұның айлап созылатындығы да жасырын емес қой?
– Шынында да, осы жылдарға дейін барлық арыздар бір немесе екі ай бойы қаралып келген. Осы күнге дейін полиция қызметкерлері қылмыс туралы арыздар бойынша 3 тәулік ішінде шешім қабылдауды өздерінің міндеттері емес, құқықтары ретінде санапты. Сондықтан да былтыр тамыз айында Бас Прокурордың нормативтік нұсқауымен бұл заң нормасын бұлжытпай орындау туралы қатаң талап қойылды (ҚІЖК-нің 184-бабы).
Нәтижесінде, бүгінгі таңда 100 арызданушының 90-ы өздерінің арыздары бойынша қабылданған шешім туралы 3 тәулікте біле алады. Егер бұл жағдай іске аспаса, тез арада ол туралы талап ету керек немесе прокурорға шағымдану қажет. Әрине, азаматтар да ескеруі тиіс, кейбір арыздар бойынша шешім 3 тәулік ішінде қабылдануы мүмкін емес. Бірақ, сізге айтарым, ондай арыздар көп емес, аз мөлшерді құрайды.
– Енді сіздің ойыңызша, бұл салада заң бұзушылықтарды жойып, тәртіп орнату үшін не істеу қажет?
– Жасыратыны жоқ, бізде, статистика әлі де болса қамшы ретінде қолданылады. Полицияда, Кеңес дәуірінен бастап, жұмысты көрсеткіштің негізінде бағалау дәстүрге айналған. Бұған көз жеткізудің ешқандай қиыншылығы жоқ, тек кез келген полиция қызметкерімен сөйлессеңіз бәріне қанығасыз.
Бұл сан қуу ауруы (цифромания) қылмыстарды жасырудан басталып, басқаларына да ауысты. Сөйтіп, біз сандық көрсеткіштің тұтқынында қалдық. Әр қызметкердің өзінің тәсілі, амалы (қылмыс, іс, құжат, айыппұл және т.б.) мен жоспары бар, егер біреулері шынайы істі жасырса, басқалары жоқ құқық бұзушылықты ойлап табу мақсатында жалған хаттамалар толтырып, өздері айыппұл төлеуде. Сондықтан да, бұл мәселеге түпкілікті нүкте қойып, әртүрлі жалған сандарды, пайызды жоятын кез келді.
– Іс жүзінде құқық қорғау органдарының қызметін халықтың сенімі арқылы бағалайтын болсақ, онда оны қалай іске асыру керек?
– Былтырғы жылдың 1 қаңтарынан бастап, құқық қорғау органдарында жаңа инновациялық технологияларды қолдана отырып, азаматтардың қылмыстар туралы барлық өтініштері мен хабарламаларын бірыңғай ашық жүйе арқылы іске асыру енгізілді.
Әрбір тіркелген арыз бойынша азаматқа 14 санды түбіртек беріледі, ол бойынша заманауи ақпараттық байланыстар арқылы, (интернет, SMS арқылы хабарлама,Бас прокуратураның Call орталығы) тез арада өз арызыңыздың тағдырын және ол бойынша тексеру нәтижелерін білуге болады. Қазір осындай қызмет түрін 23 мыңнан астам азамат пайдалануда. Осыған орай, кез келген полиция органына шағымданған азамат, интернетке кіріп, құқық қорғау қызметі туралы өз ойын білдіріп және полицияға сене ме немесе сенбей ме деген сұраққа жауап бере алады. Дәл қазірге дейін 99 азамат өз ойларын айтып, оның жартысынан көбісі (65) полиция жұмысына қанағаттанбайтындықтарын, 16-сы қанағаттанатынын және 17-сі қалыс қалғандығын білдірді.
Бұл ендігі уақытта ештеңе де жасырын қалмайтындығын білдіреді. Сондықтан полиция қызметкерлері барлық күш-жігерлерін салып, өздерінің құзыреті шегінде тез, сапалы әрі заң шеңберінде жұмыс істесе, халық оны көрсе, сонда тіпті қылмыс ашылмай қалса да жұрт өзінің оң ілтипатын білдірер еді. Ал керісінше, егер олар өздерін дөрекі және асқақ ұстауымен қатар тіпті бұл жағдайда қылмысты ашып жатса да, олардың міндетсінгеніне жұрт кейістік білдірері анық. Өйткені, қашанда көрсеткен қызмет нәтижесі тек халық сенімімен ғана бағаланатынын ұмытпау қажет.
– Сөйтіп, Бас прокуратураның жоғарыда айтылған мәселе төңірегінде өткен алқасына қатысқан құқық қорғау органдары қызметкерлері одан не түйді дейміз? Қандай жауаптылық жүктелетін болды?
– Иә, осындай өзекті мәселелерге байланысты Асхат Дауылбаевтың төрағалық етуімен өткен Бас прокуратураның кеңейтілген алқа мәжілісінде құқық қорғау органдарындағы есепке алу-тіркеу тәртібін сақтау мәселелері айрықша айтылды. Оның жұмысына Ішкі істер министрлігінің, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің, Кедендік бақылау комитетінің басшылығы қатысты. Осында есепке алу-тіркеу тәжірибесін тәртіпке келтіру бойынша қабылданған шараларға қарамастан, қылмыстарды жасыру фактілерін түбегейлі жою жөніндегі міндеттерді толықтай орындау мүмкіндігі қиын екендігі де жеткізілді. Сөйтіп, бұл талқылау қорытындысы бойынша қылмыстарды жасыру деректерін болдырмау, ведомстволық бақылауды күшейту бойынша түбегейлі шаралар қабылдауды көздейтін ұсыныстар да қабылданды.
Мәселен, Асхат Дауылбаев Мемлекет басшысы тапсырмаларының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуді, ағымдағы жартыжылдықтың аяғына дейін қылмыстар туралы арыздар мен хабарламаларды жүз пайыздық тіркеуге қол жеткізуді талап етті. Сондай-ақ, есепке алу-тіркеу тәртібін бұзу және қылмыстарды жасыру орын алған жағдайда уәкілетті органдардың өңірлік бөлімшелерінің басшыларын лауазымнан босатуға дейінгі дербес жауапкершілікке тартуды күшейтуді талап етті.
Ал прокурорларға осы салада қадағалауды күшейту, анықталған заң бұзушылықтарға сәйкес ден қою, қылмысты жасырудың әрбір фактісі бойынша кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуды қамтамасыз ету міндеті қойылды. Енді жазықты жазасыз қалмайтын болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».