Парламент экс-президенттің қыр соңынан неге қалмай жүр? Оған бірнеше себеп бар. Атамбаев 2011-2017 жылдары Қырғыз Республикасын басқарған 3-ші президент. Бұл елдің қазіргі конституциясы бойынша президент тек 6 жылға бір рет қана сайлана алады. Атамбаев бұл талапты орындап, 2 жыл бұрын қызметінен кетті. Сайлауда қазіргі қырғызбасы Сооронбай Жээнбековті қолдады. О баста екеуі бір партиядан шыққан саяси үзеңгілестер деп қарастырылған. Алайда Жээнбеков билікке келген соң екеуінің арасы күрт бұзылды.
Атамбаев қызметтен кетсе де, саяси алаңды тастағысы келмей, жаңа басшы Жээнбековті өз кадрларымен қоршап, оны бақылаудағы президент қылғысы келді. Бұл оның қателігі болатын. Жээнбеков тілалғыш орынбасар болады деген болжамның күлталқаны шықты. Ол ережеге көнбеді, мінез танытты. Қайта Атамбаевтың ең сенімді серіктері – басты кадрларын қысқа уақытта толығымен ауыстырды. Олар – президент әкімшілігінің басшысы Фарид Ниязов, Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Абдил Сегізбаев, Бас прокурор Индира Джолдубаева, премьер-министр Сапар Исаков және басқалар.
Президент Жээнбеков оларды тек қызметінен босатумен шектелмеді. Ескі команданың біразына айып тағып, түрмеге тоғытты. Бұл өзінің бұрынғы басшысы Атамбаевпен ашық қарсыласу дегенді білдірді және Жээнбеков бұл қадамға саналы түрде барды. Бүгінде үстінен іс қозғалғандардың қатарында экс-премьерлер Сапар Исаков пен Жанторо Сатыбалдиев, экс-вице-премьер Асқарбек Шадиев, президенттің бұрынғы кеңесшісі Икрамжан Илмиянов, Кеден қызметінің экс-төрағасы Адамкул Жүнісов, Бішкек қаласының бұрынғы басшылары Албек Ибраимов және Кубанычбек Кулматовтар бар. Олардың көпшілігіне Бішкек жылу электр станциясын 386 млн долларға жөндеу жұмысын өткізгенде ақша жымқырды деген айып тағылған.
Бір сөзбен айтқанда, Сооронбай Жээнбеков билік элитасын Атамбаев кадрларынан тазалады. Тіпті, жақында Атамбаевты қырғыздың социал-демократия партиясының төрағалығынан да алып тастады. Аталған партияның елдің саяси өмірінде ықпалы мол. Парламенттегі 120 орынның 38-ін алып отыр. Бүгінде экс-президент өз елінде толық саяси изоляцияға түсті десек, артық емес. Енді оның саяси-экономикалық процестерге ықпал ету тетіктері мүлдем азайды. Бірақ мұның өзі Жээнбеков үшін аз секілді. Себебі ол Парламент арқылы енді Атамбаевтың өзін жауапқа тарту механизмін былтыр бастап кетті.
Нақтырақ айтсақ, бұл елде экс-президенттерге қол сұғуға, жауапқа тартуға болмайтын ерекше мәртебені алып тастау туралы заң дайындалды. Маусым айына дейін бұл мәртебе тек Роза Отунбаева мен Алмазбек Атамбаевта ғана бар. 5 жылдан соң Жээнбеков өзі де экс-президент атанады. Бір жағы бұл заң қазіргі ел басшысына өзінің қарсыласын түрмеге жабуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан ертең өзі де осындай жағдайда қалу қаупі бар. Бірақ Жээнбеков мамыр айында аталған заңға қол қойды.
Енді Атамбаев экс-президентке берілетін бірнеше артықшылықтан айрылды. Мәселен, алдағы уақытта оның мемлекеттік күзеті, байланыс құралы, президенттің 75 пайыздық зейнетақысы, мемлекеттік саяжайы және басқа да артықшылықтары болмайды. Сондай-ақ оның жұбайы тегін медициналық тексерістен өте алмайды. Қай елде болмасын экс-президентке айып тағу немесе «жазалау» оңай емес. Сол үшін қырғыз парламенті 13 маусым күні арнайы депутаттық комиссия құрып, Атамбаев мәселесін майшаммен қарады. Комиссия бұрынғы басшының ісін зерттеп, оның 6 түрлі қылмысқа қатысы болған деген шешімге келді. Парламент комиссия қорытындысын қолдады. Бұл құжат бірден Бас прокуратураға жолданды. Олар Атамбаевқа тағылған тек 5 айыппен келісіп отыр. Ол қандай қылмыс?
Біріншісі – Атамбаев Кой-Таш ауылында жерді заңсыз алып, онда қазіргі үйін салған. Екіншісі – Атамбаев кезінде қылмыс әлемінің серкесі Азиз Батукаевты түрмеден заңсыз босатқан. Үшіншісі – экс-президент «Ака Инвест» фирмасы арқылы ақша жымқырған. Төртіншісі – Бішкек жылу электр стансасын жаңғырту, жөндеу барысында жемқорлыққа қатысы болған. Бесіншісі – Бішкек жылу электр стансасының көмір сатып алу ісіне араласып, жемқорлыққа жол берген. Егер бұл айыптар сотта дәлелденсе, онда Атамбаев абақтыға ұзақ жылға қамалуы мүмкін. Атамбаев айыптың ешбірін мойындаған жоқ, өзімді таппаншаммен қорғай аламын деп ескертіп қойды. Оған қоса, сот процесі бастала қалған жағдайда бұл қырғыз елінің тарихында президентті соттаған алғашқы факт болады. Себебі одан бұрынғылары – Асқар Ақаев пен Құрманбек Бәкиев әлі шетелде. Отанына оралар емес. Бұдан бөлек, егер Атамбаевқа үкім шықса, бұл елде жаңа саяси дағдарыс басталу мүмкіндігі жоғары. Неге?
Қырғыз саяси жүйесінің әлсіз тұсы – ел оңтүстік пен солтүстікке бөлінген. Әр тарап өз өкілін қолдайды. Қазір де Шу облысының өкілдері Атамбаевты ешкімнің қолына беріп қоймаймыз деп оның үйін күзетіп отыр. Яғни, ол азаматтар үшін заң, қылмыс, тергеу, үкім деген ұғымдардан бұрын саяси-географиялық бөлініс маңызды болып тұр. Егер Атамбаев сотталса, онда қырғыздың солтүстік бөлігі тағы да алаңға шығуы мүмкін. Президент Жээнбеков мұны болжап отыр, біліп отыр, алайда мақсатынан қайтар емес.