Әлем • 02 Шілде, 2019

Тиянақтылыққа негізделген зейнетақы жүйесі

603 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлемдегі қариялардың 20 пайызы Жапония архипелагын мекендейді екен. Өйткені жапониялықтар ұзақ жасайды. Сондай-ақ бұл ел қариялар үшін өмір сүруге ең қолайлы мемлекет саналады. Дамыған мемлекеттердің арасында қарияларға жағдай жасаудан Жапония бірінші орын алады. 2014 жылғы есеп бойынша Жапонияда адам саны 127 миллионнан асқан, оның 26 пайызы (33 миллион) зейнеткерлер.

Тиянақтылыққа негізделген зейнетақы жүйесі

Жапония азаматтары зейнетке 65 жасында шығады. Өмір жасының ұзақтығы жағынан жапониялықтармен ешкім теңеспейді. 2014 жылғы зерттеу бойынша орташа жас ұзақтығы әйелдерде шамамен 87 болса, ерлерде 81 жас. «The Sankei news» агенттігінің мәліметіне сүйенсек, Жапонияда бүгінде жасы 100-ден асқан 69 785 адам тұрады.

Енді Хоккайдо университеті­нің профессоры Такэда Маса­нао біз­ге арнайы ұсынған Жапония­дағы зейнетақы жүйесінің 2014 жыл бойынша зерттеуіне назар аударсақ.

Зейнетақы қорының базалық бөлі­гіне ай сайын түсетін тиянақ­талған мөлшерлеме 15 590 иенді құрайды екен. Зейнетақы қорына төлем жасайтындар саны – 67 мил­лион 360 мың адам. Ал өз биз­­несінің түсімі арқасында тір­ші­­лік ететін азаматтар зейнетақы қоры­ның ұлттық базалық бөлігіне төлем жасайды. Зейнетақы қоры­на ештеңе төлемейтін, яғни зей­нет­ақы алуға құқығы жоқ азаматтар саны 5 миллион 300 мың шамасында. Ал зейнетақы жүйесіне тіркелмегендер шамамен – 2 миллион. Елдің жалпы халық санына шаққанда бұл тым көп емес.

Такэда Масанаоның айтуынша, 2014 жылы зейнетақы қорына 67 миллион 360 мың адамнан 34,3 триллион иен сақтандыру кірісі түскен. 39 миллион 420 мың адамға 53,9 триллион иен зейнет­ақы төленген. 2014 жыл бо­йын­ша Жапонияда ерлердің ор­таша жалақысы 340 мың иен болса, әйелдер шамамен 200 мың иен алған. Ал орташа зейнет­ақы мөлшері ерлерде 190 мың иен, әйелдерде 110 мың иен көлемінде.

 Зейнетақының базалық ұлттық бөлігі бойынша ерлерге 51,072 иен, ал әйелдерге 44,160 иен тиесілі. Жапонияда заң бойынша зейнеткерлерге орташа айлық мөлшерін мекемеде жұмыс істеген жыл санына көбейту арқылы есептелетін бір реттік жәрдемақы да төленеді.

Заң бойынша базалық зейнет­ақыны жасы 65-ке жеткен барлық жапон алады. Зейнет­ақының 50 пайызы мемлекет тарапынан, ал қалған 50 пайызы жинақтаушы қор арқылы қаржыландырылады. Ортақ талап азаматтың еңбек өтілі 25 жылдан аз болмауы керек. Жапонияда баға әрдайым тұрақты болғандықтан, зейнетақы жүйесі де тиянақтылыққа негізделген.

Жапонияда зейнетақы қорына 20-ға толған әр азамат төлем жасауы керек. Қырық жыл бойы, яғни 60-қа толғанша зейнетақы қо­рының ұлттық бөлігіне түсім тү­сір­гендер жоғары зейнетақы ала­ды. Жапонияда зейнетақы мөл­шері адамның жұмыс өтілі мен зейнетке қай уақытта шық­қа­­ны­­на қарай белгіленеді. Егер аза­­мат зейнетке белгіленген 65 жас емес, бес жыл ерте шықса, зей­­нет­­ақысы 30 пайызға кемиді, 63 жасын­да шықса 12 пайызға азая­­ды. Ал егер 65 жастан ас­қа­ны­­на қармастан жұмысын жал­ғас­­тыр­са, мәселен, зейнетке 70 жасын­да бір-ақ шықса, 42 пайыз ар­тық мөлшерде зей­нет­ақы алады. Бұл – мемлекет аза­мат­тарын «қар­тай­дым, жа­сым жет­ті» демей, өмірге опти­мизм­­мен қа­рауға, еңбек етуге құл­­шыны­сы­ның артуына жағдай жасап отыр деген сөз. Жапон­дардың үш­тен екі бөлі­гі зейнет жасына жетсе де ел үшін еңбек етуге ниет­ті екендігі ар­на­йы са­уалдама нәти­жесінде анықталған.

Жапонияның зейнетақы жү­йе­сі дүние жүзі бойынша ең жетілген жүйенің бірі саналады. Сондықтан бұл мемлекеттің жасы келген тұрғындарын толық қамтамасыз етуге жағдайы бар. Зейнеткерлері жақсы тұратын елдің зейнетақы жүйесі тарихынан мәлімет берейік. Зейнетақы жүйесі 1942 жылы арнайы заң жүзінде енгізілген. Соғыстан кейін зейнетақының үштен бір бөлігі мемлекет, қал­ған үштен екі бөлігі жұмыс беру­ші салымдары есебінен төлен­ді. 1986 жылы жинақтаушы жүйе ен­гізілді. Арнайы құрылған әлеу­мет­тік сақтандыру қоры тұр­ғын­дар мен кәсіпорындардың қар­жы­лық төлемдері негізінде аза­­маттарды зейнетақымен қам­тамасыз етумен айналысты.

Бүгінде бұл қор 55 трил­лион иен (500 миллиард доллар) қаржысымен әлемдегі ең ірі қор са­налады. Оның 350 миллиард долларын еңбеккерлер мен кәсіп­орындар төлемі құрайды. 12,5 триллион иенді мемлекет бюджет есебінен кіргізеді. Қор әлеуетінің жоғарылығы сонша, мемлекет қаржылық түсім тоқтаған жағ­дайда да азаматтарды бірнеше жыл зейнетақымен қам­тамасыз ете алады. Яғни, Жа­по­ния болашақта қандай жағ­дай орын алса да азаматтарын қараусыз қалдырмайды, «асырай алады» деген сөз.

2019 жылғы есеп бойынша Жапониядағы зейнетақы мөл­шері орташа жалақының 60 па­йызын (шамамен 1500 АҚШ доллары) құ­райды екен. Басқа мемлекеттер­мен салыс­тырғанда жапон азамат­тары­ның қамсыз кәрілік кезеңі үшін зейнеткерлікке дейін қор жинауға мүмкіндігі бар. Сондықтан жалғыз зейнетақыға қарап күнелту деген ұғым бұл елде жоқ.

Күншығыс елінің зейнет­кер­лері әлеуметтік тұрғыда барлық жағынан қамтамасыз етілгеніне қарамастан, еңбектен қол үзгісі келмейді. Әлемдегі ең еңбекқор ел саналатын Жапонияда жасы 65-тен асқан көптеген азамат жұмыс істейді. Зейнеткерлерге жұ­мыс тауып беретін арнайы ме­кеме де бар. Жапония дүние жүзі бойынша еңбектегі зейнет­кер­­лердің үлесі бойынша да бі­рін­­­ші орында. Бұл елде зей­нет­кер­­­лер­дің 7,7 миллионы жұ­мыс іс­тейді. Жалпы, еңбек адам­дары­ның 11,9 пайызын зейнеткер­лер құ­­рай­­ды. Бір зейнеткер от­ба­сы­ның орташа жинақ мөлшері 200 мың доллардан асады. Жапон қа­рия­ларының үштен бір бөлігі ауыл шаруашылығында еңбек етеді.

Жапонияның зейнетақы жү­йе­­сіндегі өзгеге ұқсамайтын бір ерек­шелік, үй шаруасындағы әйел­­дердің төлем жасамай-ақ зейнет­ақы алуға құқы бар. Оларға бері­летін тұрақты зейнетақы мөл­шері шамамен – 600 доллар. Мемлекет тарапынан жасалатын осындай қамқорлықтың арқа­сында әйелдері қартайғанда күн­көріссіз қаламын деп уа­йымдамайды. Нәпақа табу үшін жаңа туған баласын емшектен шы­ғар­мастан жұмысқа асы­ғу үрдісі жоқ. Ал сыңарынан айы­рыл­­­ған азаматтарға қайтыс бол­ған күйеуінің (әйелінің) зейнет­ақысының 50 пайызы төленеді.

 

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,

жапонтанушы

АЛМАТЫ