Лондонда өткен биылғы «Romford Film Festival» қазақ киносы үшін елеулі табыстарымен есте қалды деуге негіз бар. Кинофестиваль аясында өткен Eurasian Creative Guild Film Festival-де «Менің атым Қожа» картинасы «Мәңгілік классика. Әлемдік тану» құрметті марапатына ие болса, «Қыз бен теңіз» фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Динара Шәріпова фестивальдың «Ең үздік актрисасы» деп танылды. Ал «Финансист» картинасы «Көрермендер көзайымы» сыйлығымен марапатталды.
– Бұл Еуропада өткен алғашқы еуразиялық кинофестиваль. Соған қарамастан фестиваль өте табысты өтті. Шетелдік әріптестеріміз кино қорына, әлем мәдениетіне жаңа фильм қостыңдар деп ерекше қуанып жатыр. Бұл – халықтық кино. Біз соны көрсетуді мақсат еттік, – дейді «Eurasian Creative Guild Film Festival» директоры, дистрибьютор Майра Қарсақбаева. Оның айтуынша, «Romford Film Festival» басшылығы тарапынан ұсыныс түскен соң «Менің атым Қожа» фильмін қысқа уақыт ішінде дубляждап шығарған. Фильмді дыбыстауға 17 адам қатысыпты. Кішкентай актерлерді Америка мен Ұлыбритания елінің Қазақстандағы өкілдерінің балалары оқитын үш мектептің театр үйірмелерінен таңдап алған. Әйткенмен дубляж жұмыстарын өткізуге қаржының жоқтығы қолбайлау болып, бар мүмкіндіктермен іске асыруға тура келген.
«Жағдайымызды түсіндірген соң ересек актерлер қолдау көрсетіп, тегін жұмыс істесе, балаларға өз қалтамыздан азын-аулақ ақы төледік. Көп адамнан қолдау сұрап, хат жазғанымызбен еш нәтиже болмады. Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері мәтінді редакциялауға көмектесті. Аталған мектептің директоры Гүлфарида Раисова апайымызға, зал мен дыбыс режиссерінің тегін қызметін ұсынған «Қазақфильм» АҚ басшылығына ерекше алғыс білдіремін», дейді Майра Қарсақбаева.
Бірқатар көркем және деректі фильмдердің атқарушы продюсері болып ұзақ жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан маман киноөндіріс, дубляж бен прокат жағдайын бес саусақтай біледі. «Көрсетілім кезінде лондондық көрермендер бізден талантты музыкант Нұрғиса Тілендиев, жазушы Бердібек Соқпақбаев туралы сұрады. Сондықтан классикалық фильмдерді түпнұсқалық ерекшеліктерін сақтай отырып, ағылшын тіліне аударып ұсынуымыз керек. Көптеген шет мемлекеттерде болып жүрмін, қазақты теріс қырынан көрсететін қазіргі арзанқол фильмдерді оңды-солды көрсете беру дұрыс емес», деген ол ұлттық болмысымыздың көркемдік сипатын айшықтайтын шығармалардың сұраныста екенін айтады.
Дәстүрлі Ромфорд фестивалі кино алаңы ретінде кездейсоқ таңдалып отырған жоқ. Өйткені Ұлыбританияда көптеген әлемдік киностудиялардың блокбастерлері түсіріліп, монтаж жұмыстары жасалады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль еуразиялық киноны ағылшын тілінде насихаттауды, сондай-ақ кино өндіріс өкілдерін бүкіл әлемнің кәсіби мамандарымен таныстыруды мақсат етеді.