Руханият • 02 Шілде, 2019

Сөз сойыл №83

5225 рет көрсетілді

Қонақта
Келді міне, бір қонақ,
Әкелгені – шоколад.
Бар болғаны бір қорап.
Әкелгендей бейнебір
Фабриканы көшіріп,
Әрбір сөзін өсіріп
Сөйлеп отыр көсіліп.
Келді тағы бір қонақ
Жетіпті бұл құр қол-ақ.
Той иесі қарады
Оған сонша тесіліп,
Дір-дір етті қабағы,
Көзі мірдің оғындай
Құрқол келген қонақтың
Көзін тесіп барады.
Деді ішінен «Жетектеп
Отырғызып қайтемін,
Өзі-ақ орын табады».
Келді тағы бір қонақ
Байқалады ісінен
Сөзге, іске мүлде олақ.
Жарқырайды, алтын ба?!
Қалыпты шеті ашылып,
Әкелген затын тұрды орап.
Той иесі асығып
Алғанынша сыйлығын
Асыққанын жасырып,
Қолын соза бергенде
Әкелгені қонақтың
Жерге түсті шашылып.
Ол – аспалы шам екен.
«Үйдегі алған шамымен
Мынау бір шам пар екен», –
Деп қонақты төрдегі
Отырғызды орынға.
Берген сыйы қолында
Қуаныштан терледі.
Деп қояды ішінен:
«Дұрыс болды келгені!»
Кірді қонақ тағы да,
Жүз мың теңге бергені.
Оны сүйіп, құшақтап,
Отырғызды жанына.
Шақырыпты көрші едік,
«Ұят болар көрсе жұрт»,
Деп он мыңдық ұсындым.
Азсынғанын он мыңды
Сөз бергенде түсіндім.
Ішімнен: «Неткен той!»дедім,
Ең соңында сөйледім,
Демеді «Жақын көрші едік»...
Жатты келген қонақтар
Сыйлығымен өлшеніп...
 
Жемқордың хаты
 
Күні-түні ақша боп аңдығаным,
Тағы да алдым,
Тағы да, тағы да алдым.
Қазынаның мүлкіне салып қолды,
Жымқыруға,
Алуға дағдыландым.
Құнығу ма, әлде бұл жастығым ба,
Темірін де, қымқырдым астығын да!
Жегенімнен асатып қойғаннан соң,
Қолдап, қорғап дос болды бастығым да!
Келмепті ғой деген ой ұсталамын,
Жеуден қуат, бойға ерек күш аламын.
Құныққаннан ескеріп-елемеппін
Жүргенімді жүзінде ұстараның.
«Дәніккен жан құдайсыз, керең балам,
Дәніккеннен батады тереңге адам!
Ала жібін аттама еш адамның!» –
Айтушы еді ақыл ғып дегенді Анам.
 
Бала күнгі аңсатып адалдығым,
Сол бір сөзін есіме алам бүгін.
«Ала жібін аттама еш адамның»,
Айтар осы ақылым саған да, ұлым!
Қасіретті пенденің есіргені,
Ұмыт болады есті сөз есіндегі.
Саған, ұлым, кесірім тиетінін
Ойламаған екенмін, кешір мені!
Кешегі өткен бабалар халық деді,
Танытты елді, оларды танытты елі!
Ал мен кіммін?!
Күні-түні сілкілейді
Ар-ұятым жағамнан алып мені!
Билеуші тек адалдық бұл әлемді,
Күмәнім жоқ, ұлым-ау, бұған енді!
Жең ұшынан жалғасып жебегендер
Бір-ақ күнде жауым боп шыға келді!
Ойлап алмай аттаған бір қадамың,
Жолықтырады екен ғой мұңға қалың.
Мен ақшаны ұрласам,
Білмеппін-ау
Ақша менің арымды ұрлағанын.
Бұл – жан сырым, ұлым-ау, бұл – ақылым,
Анық енді, ержеттің, ұғатының!
Айттым бәрін жалған сөз, арам ақша
Бір күн орға білсін деп жығатынын!
Сабақ болсын дегенім басқаға бұл,
Өзіңді-өзің меңгеріп, басқара біл!
Адалдыққа жетпейді ештеңе де
Арамдыққа батады ақшаға құл!
Өсіп-өнбес тек өзім, өзім деген,
Ойлап соны кезім көп көз ілмеген.
Қарын қамын жегенім өкінтеді
Халық қамын ойлайтын кезімде мен.
Қайғым – қамыт болғанда, қамшы – мұңым,
Түспейді енді асығым алшы бүгін.
Хатымды оқы, жасырма ешкімнен де,
Ағайынға жетсінші жан шырылым.
 
Серікбай ОСПАНҰЛЫ
 
ҚОСТАНАЙ
 
Сыны кетпеген самаурын
 
Әбдуғалым тал-теректің көлеңкесінде қозы қарнын сипап, күрең шайды сіміре бергені сол, анадайдан Айшаханум: «Әнуар үйлену тойға шақырыпты!» деп қалды. Әбекең оған селт еткен жоқ: «Не көп, қазір той-томалақтан аттап жүре алмайсың», деді де қойды.
Әйелі үнсіз қалған бұған:
– Оу, естідің бе, қалғып кеткеннен саумысың? – деп жатыр. «Әй, әйел затын-ай, қайдағы бір тойға бола кәйіп сақтап бір ішер шайыңды да бұзады» деп іштей кейіп: «Тірімін» деп белгі берді.
– Тірі екеніңді білемін, оған апарар сый-сияпатты сұрап тұрмын.
– Өзің біл, бәйбіше, не апарсаң да еркіңде.
– Атамыздан қалған самаурынның реті?..
– Ол пәлекеттің, сыры кетіп сидиып қалған жоқ па еді?
– Құмға тығып ысқыласам, жылтырап шыға келеді. Ондайда мұның жанында сары алтының бекер қалсын.
– Ана су ағар құлағы, өткенде бұрап көріп едім, тат басып, басылып қалыпты.
– Е, оны қойшы, апаратын болсақ ретін келтірер едім. Әлде, сенің ана атаңнан қалған «су жаңа» қалпағыңды апарсам ба екен?
– Е, мейлің, әйтеуір ретін келтіру өзіңнен.
Барабан ойналып, музыка шырқалып Әнуардың шарбағында той-томалақ та басталды. Әбдуғалым басында атасынан қалған «су жаңа» қалпағы, қасында алтыннан ары жалтыраған самаурынды көтеріп Айшаханумы – той дарбазасынан аттады.
Реті келгенде Әбдуғалым екі жасқа тілер тілегін жүрек түкпірінен тебірене тұрып айтып, үй иесіне мақтауын жеткізе әкелген сыйының сын-сапасын әуелете табыс етіп, орнына омала қалғаны сол, көршісі Махмуд:
– Әжемнің айтуы бойынша, бұл самау­рынды сенің атаңа менің арғы атам сый етіп ұсынған екен, – деп күңк ете қалды.
Сонымен, не керек, сары самаурынның бір оқиғасы осы, одан кейін де сырғып талай той-томалақтың куәсі болды. Жаңағы көпті біліп көсемсіп отыр­ған Махмуд баласын үйлендіргенде қабақ шытпай қабылдап алды. Одан Әбдуғалымның қызы күйеуге тигенде Махмуд көршісі қуана-қуана тойға қосқаным деп әкеп берді. Әбдуғалым да келесі кім қыз ұзатып, келін түсірер екен деп күтіп жүр. Одан әрі өзінің де екі қызы бойжетіп қалды.
 
Магомедбек ОСМАНОВ
 
Бір ауылда көктемде жаңбыр жаумай құрғақшылық қаупі төнгеннен кейін жұрт жиналып, тасаттық беріпті. Бірақ қызық болғанда, осы ауыл құдайы берген сайын көрші елді мекенде жаңбыр жауады екен. Тағы мал сойып, тасаттық береді. Тағы көрші ауыл­да селдетіп жауын жауады. Тіпті үшінші мәрте құрбандық шалған кезде көрші ауылды су алып кете жаздапты. Ал құдайы берген ауылға бір тамшы да тамбайды. Жұрт аң-таң боп балгерге барған ғой. Сөйтсе балгер құмалағын шашып жіберіп:
– Айналайындар-ау, көрші ауылдан ұрлап алып келген малдарыңды емес, өздеріңнің малдарыңды соймайсыңдар ма? – деген екен.
 
ДАМЫТУ
 Меңлібайдың әйелінің тегі – Сүтті­баева, ал жақын ағайыны Бекжігіттің әйелі­нің фамилиясы – Жүндібаева болса керек.
 Бір дастарқан басында отырғанында Мәкең әзілдеп: – Біз мал шаруашылығы жағын ертерек, үйленген кезде қамдаған­быз, – дейтін көрінеді. – Енді сүт пен жүннен таршылық көре қоймаспыз...
 
                                                                                                                    ӨЗ ҮЙІМІЗДЕН ШЫҒАДЫ
 Мәкеңнің бажалық жақындығы бар көршісі агроном Қоңырбаевпен анда-санда бір жартылықты бөле ішіп, қауқылдасып тұратын әдеттері бар екен. Сәтіне қарай Мәкеңнің балалары іле-шала үйленісіп, келіндері де енесімен рулас болып шықса керек. Яғни, әкесімен бажа десе де болғандай. Той өткесін бірер күннен кейін жұмыстан бірге қайтқан агроном баяғы әдетпен көршісінің үйіне қарай бұрыла бергенінде, Меңлібай:
 – Осы жерден тоқтай қалыңыз, – дейді қатқылдау үнмен. – Бұрын бажаны сырттан іздеп, сізге жағдай жасаушы едім, енді жалынбаймын. Өйткені бажа біткен өз үйімнен шығатын болды. Негізі – қай нәрсе де өзіңнен шықпай жарымайсың деген рас екен, – дейді сөзінің соңын күлкіге айналдырып.

                                                                                                                    

                                                                                                                БАСЫНАН БАСТАСЫН

 «Еңбекші» кеңшарында жұмыс істейтін Жәли жастау кезінде жұмыс тәртібін жиі бұ­зып қоятын көрінеді. Оның түсінік жазып, кешірім сұраған қағаздарының өзі­не бір папка толса керек. Ондай қылық, әри­не басшылық назарынан тыс қалмайды, кінә­лі кісіге артынша шара кесіледі немесе кейін­нен сыйақы беру, басқа да әлеуметтік жеңіл­діктер жасау кезінде ескерілетіні бар, алдынан кесе-көлденең шығары анық. Сол шамада кеңшар директоры Үпілмәлік Мырзаханов басқа шаруашылыққа қызмет ауыстырады да, оның орнына басшылыққа Жамалхан Баетов тағайындалады. Ауыс-түйістен соң, оларға табыс тілеген пікірлер, жұмыс барысындағы ұсыныстар айтыла бастайды. Жұрттың соңын ала сөз сұраған Жәли:
– Жаңа тағайындалған директордың жұмысты жаңаша бастауы қажет деген пікірге қосыламын, – дейді. – Ол үшін оған жағдай жасағанымыз жөн, сондықтан бұрынғы басшымыз Мәкең менің бұрынғы түсініктерімді өзіме қайтарсын, сонда жаңа директорға маған арнайы жаңа папка ашып, жаңаша жұмыс бастауына мүмкіндік туар еді, – деп жұртты ду күлдіріпті.
 
                                                                                                             ТЕНДЕР «ЖЕҢІМПАЗЫ»
 Ақмаялық Құрманәлі қария «Еңбекшіге» күйеу еді. Сол ауылда тұратын қайынағасы қайтыс болады да, суық хабар тиісімен әйелі екеуі өзгелерге қарамай, суыт жолға шығады. Ертесіне ауылдағы ағайындары құдаларға көңіл айтуға барған кезде, күйеулік ізетті ұмытпаған Құрекең есік алдында самаурынға шоқ салып жүрсе керек. Жасы жетпістен асқан кісінің ошақ қасында жүргеніне намыстанған балаларының бірі нағашыларына реніш танытады. Сонда Жәли былай деп басу айтыпты:
 – Жиенжан, бұл ауылға, бұл руға күйеу бол­ған­дар аз емес. Соның біразы «жолымыз еді» деп кеше самаурын қоюға таласып та қалды. Мына мәртебелі жұмысты сенің әкеңе зорға дегенде тендер арқылы жеңіп алып беріп отырмыз. Бұған қуан! – деген екен күл­местен.
 
                                                                                                                ҚАЙДА ҚАШАСЫҢ?
Тілі «р» әрпіне келмейтін Төлен бұл әріп кезігетін сөзге жоламайды. Мәселен, айырды – шанышқы, сиырды – бұқаның әйелі десе, қораны – пана, қараны – шымқай дей салады. Әйтеуір, «р» әрпі жоқ балама сөз қолдануға ұста. Мұнысын өзгелер аңғара да бермейді. Дегенде, көпшілік емес пе, оның бұл мінін бетіне басатындар да табылып қалады. Соның бірі – нағашы туыс болып келетін боқтампаз Бәден әлгі жиенін кездестіріп қалып:
– Р-ды айналып қашқан әкеңнің аузы­н... – деп боқтап салса керек.
 Нұрмахан ЕЛТАЙ
Қызылорда облысы
 
СОТТАҒЫ «СОЛАҚАЙ» СӨЗ
 
Сот залында:
– Айыпталушы, өзіңізге тағылған айыпқа қатысты не айтасыз?
– Маған ойлануға біраз уақыт берсеңіздер...
– Жарайды, бес жыл жете ме?
* * *
Тергеушінің іс қағазындағы жазу:
«Күдіктіге бұлтартпас айып тағылып, нәтижесінде күдіктінің қобалжығаны соншалық – мұрнынан қан кетіп, төрт тісі түсіп, екі қабырғасы сынып тынды...».
* * *
Адвокаттың екі түрі болады: бірі – заңды жетік меңгерген, екіншісі сотты жақсы таниды.
* * *
Жазасын өтеушінің ұғым-түсінігі: «Заңды түсініп болмайсың: мені бөлке нан ұрлағаным үшін соттап жіберді де, енді мына жерде маған күніне бөлке нан тегін беріп отырады».
 
 

Соңғы жаңалықтар

Ардагерлер азайып бара жатыр...

Қазақстан • 07 Мамыр, 2021

Елбасы және Қазақстан армиясы

Елбасы • 07 Мамыр, 2021

Бублик Карцевті қапы қалдырды

Теннис • 07 Мамыр, 2021

Мереке күндер жаңбырлы болады

Ауа райы • 07 Мамыр, 2021

Футбол: «Челси» финалға шықты

Футбол • 07 Мамыр, 2021

Амманға аттанды

Спорт • 07 Мамыр, 2021

Қазанда күш сынасуда

Спорт • 07 Мамыр, 2021

Өзекті мәселелерге назар аударылды

Парламент • 07 Мамыр, 2021

Шет елдегі қазақ генералдары

Қазақстан • 07 Мамыр, 2021

Ұқсас жаңалықтар