Азиялық ынтымақтастықтағы жетістік
Бейсенбі, 25 сәуір 2013 2:30
Түркияның Анкара қаласында Азиядағы конституциялық соттар мен балама институттар қоғамдастығына мүше елдер комитетінің кездесуі өтіп, оның барысында Қазақстан Конституциялық Кеңесін осы азиялық құрылымның құрамына қабылдау туралы мәселе қаралды. Біз аталған кездесуге қатысқан еліміздің Конституциялық Кеңесінің Төрағасы И.Роговпен хабарласып, оның мән-жайын әңгімелеп беруін сұрадық.
Бейсенбі, 25 сәуір 2013 2:30
Түркияның Анкара қаласында Азиядағы конституциялық соттар мен балама институттар қоғамдастығына мүше елдер комитетінің кездесуі өтіп, оның барысында Қазақстан Конституциялық Кеңесін осы азиялық құрылымның құрамына қабылдау туралы мәселе қаралды. Біз аталған кездесуге қатысқан еліміздің Конституциялық Кеңесінің Төрағасы И.Роговпен хабарласып, оның мән-жайын әңгімелеп беруін сұрадық.
– Игорь Иванович, Азиядағы конституциялық соттар мен балама институттар қоғамдастығына Қазақстан Конституциялық Кеңесінің көптен күткен қабылдану оқиғасын қалай бағалайсыз?
– Иә, бұл бір қуанышты жағдай болды, бүгінгі күннен бастап еліміз аталған өңірлік қоғамдастығына толық құқылы мүше болып енді. Бұл – Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету саласындағы Қазақстанның жетістіктерін халықаралық қауымдастық мойындауының кезекті бір айғағы десек артық айтқандық емес. Өткен жылы Қазақстан, конституциялық құрылыс, демократия және құқық үстемдігі саласындағы идеялармен алмасу жөніндегі жалпыға танылған халықаралық форум болып табылатын Еуропа Кеңесінің құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссиясының (Венеция комиссиясының) құрамына қабылданған болатын.
– Аталған Қоғамдастық қашаннан бері қызмет істеп келеді?
– Бұл Қоғамдастық адамзатқа ортақ құндылықтарды – демократияны, құқықтың рөлін, адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын ілгерілету мақсатында Азия елдері конституциялық әділет органдарының өңірлік форумы ретінде үш жыл бұрын құрылған болатын.
Бүгінгі таңда әлемде Араб, Африка, Еуропа, Латын Америкасы елдерінің, португал тілді және франк тілді елдердің конституциялық соттарының қоғамдастықтары қызмет атқарып отыр. Оның үстіне бұған қосарым, Конституциялық Кеңестің осындай өңірлік форумда жұмыс істеу тәжірибесі жеткілікті. 1997 жылдан бері ол, құрамына Арменияның, Беларустің, Молдованың, Ресейдің, Тәжікстанның және Украинаның конституциялық соттары кіретін Жаңа демократия елдері конституциялық бақылау органдарының конференциясына қатысады. Оған мүше болу, конституциялық бақылауды жүзеге асырудың өзекті мәселелері бойынша конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар және т.б. аясында тұрақты түрде ақпарат, пікір алмасып отыруға мүмкіндік береді.
– Жалпы бұл Қоғамдастық қалай құрылған еді?
– Азия құрлығында мұндай құрылымды құру идеясы 2005 жылы Моңғолстанның астанасында өткен Азия елдері конституциялық соттары судьяларының үшінші семинарында көтеріліп, кейін 2007 жылы Индонезияның, Кореяның, Моңғолстанның және Филиппиннің конституциялық соттары Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды және оны жүзеге асыру үшін дайындық жасау комитетін құрды. Ізінше Қоғамдастықтың моделін, Жарғысының жобасын және басқа да мәселелерін талқылау бойынша бірқатар кездесулер өткізілді.
2010 жылғы 12 шілдеде Джакарта қаласында (Индонезия) Кореяның, Индонезияның, Малайзияның, Моңғолстанның, Таиландтың, Өзбекстанның және Филиппиннің конституциялық соттары мен балама органдары басшыларының қорытынды кездесуі өтті. Оның нәтижелері бойынша Азия елдері конституциялық соттары мен балама органдарының қоғамдастығын құру туралы Декларация және оның мәртебесі қабылданды. Кейінірек Қоғамдастыққа Ресей, Түркия, Тәжікстан және Пәкстан қосылды.
– Дұрыс екен. Ал енді бұл Қоғамдастық қандай мақсатты көздейді?
– Жарғысының 2-бабына сай Азиялық қоғамдастық дербес, тәуелсіз және саясаттан тыс мекеме ретінде қызмет атқарады. Оның міндеттеріне мүшелердің тұрақты түрде кездесулерін өткізу, симпозиумдар, семинарлар және жұмыс бабындағы іс-сапарлар ұйымдастыру, конституциялық прецедентті құқық тәжірибесімен, жұмыс әдістері туралы ақпаратпен, жария құқыққа және конституциялық юрисдикцияға қатысты институционалдық, құрылымдық және рәсімдік мәселелер бойынша пікір алмасуды қамтамасыз ету, сондай-ақ, келіп түскен өтініштерді қарау кезінде техникалық және сарапшылық көмек көрсету жатады.
– Мұның жұмысына қатысу елімізге қандай пайда береді?
– Азиялық құрылымға мүше болу осы елдердің конституциялық бақылау органдарының байланыстарын одан әрі дамытуға септігін тигізеді, ал өз кезегінде ол елдеріміздің Негізгі Заңымыздың үстемдігін қамтамасыз етуге оң ықпал жасайды. Қазақстанның толық құқылы мүше ретінде Қоғамдастықтың жұмысына қатысуы ұлттық заңнаманы, бірінші кезекте, конституциялық заңнаманы дамыту саласындағы алдыңғы қатарлы шетелдік құқықтық технологияларға қол жеткізуін қамтамасыз етеді, өзге мүше-мемлекеттердің қарастырылып отырған саладағы күнделікті мәселелері туралы заңгерлер қауымына қосымша ақпарат береді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».